Күзде редакцияға Баянауылдан бір кісі келіп, өзін Сапар Шабамбаевпын деп таныстырды. Қолындағы қолжазбаны көрсетіп: «Бұл - Өкпенің Кәрімтайының дүниесі. Бір рет кездесіп, көп әңгімелесіп, пікірлесіп едім. Осы жазбасын маған беріп жіберіпті. Кейін қайтарайын десем, қайтыс болыпты. Өресі биік, биязы, парасатты азамат екені бірден аңғарылып еді. Қалып қоймасын деп әкеліп тұрмын» деді. Расында жап-жақсы дүние екен. Жариялауды жөн көрдік... Қолжазбадағы бір парақта: «1994 жылы ноябрь айының 27-сі күні таң алдында далаға шықсам, қар жауып, нағыз қансонар күн болып тұр екен. Сонда өткен өмір, көрген қызық ойға келіп, бір шумақ жазып едім, содан үзінді...» деп өлең жазып, былай деп толғаныпты:

Сағындым-ау, биік тау,
Қиялап шапқан басыңды.
Атып қуып аң алған,
Сай мен сала, тасыңды.
Еске түсіп сол бір кез,
Төктім де көзден жасымды.
Қызығың көрген қайран тау,
Білмек болсаң халімді,
Құр тірімін, денім сау,
Сенде көрген қызықтар
Көрген түстей болдың-ау.
Олжа салған талайға
Берен де жігіт болдым-ау,
Осы күнде бүк түсіп,
Пеш түбінде жататын,
Көп шалдың бірі болдым-ау», - деп аяқтапты.

Кезінде газет таралымының көбеюіне, мазмұнды шығуына үлес қосқан Кәрімтай ағамыздың жазбасын жерге тастай алмадық және... бұл күнде осындай мазмұнда мақала жазатын авторлар да сиреді.

Өкпенің Кәрімтайының жазып кеткен мақалаларын оқырман назарына ұсынып отырмыз.

saryarka-samaly.kz