Сая МОЛДАЙЫП:

- Бекболат Тілеухан бір сөзінде: «Адамзат баласы қазақ тілінде сөйлеп туады. Ең алғаш қазақ әріптерін айтады. Сенбейсіз бе, қараңыз: «Іңгә, іңгә, іңгә». Барлық сәби осылай жылай ма, осылай жылайды! Ал енді осындағы «г» әрпінен басқасының барлығы өзіміздің әріптеріміз ғой?! «і», «ң», «ә» деген әріптер өзімізге жеке тиесілі әріптер ғой, әкем-ау! Тіпті кейбір сәбилер «асыра сілтеп», «ғ» әрпін қосып жібереді ғой. Ол тіпті қазақша болып шығады, «уңға», іңғә, әңғә! Ал, кім не деп қарсы шығады? Көрдіңіздер ме, біз - Алланың ерекше мейірі түскен ұлтпыз. Алла жақсы көрген тілде сөйлейміз. Демек, бәріміз бақыттымыз!» дегені бар. Айтмұхамет Қасымбайұлы, міне, осылайша тұғыры биіктеп тұрған тілдік қорымызда қанша сөз бар деп ойлайсыз?


Айтмұхамет ТҰРЫШЕВ:

- Зерттеуші ғалым М.Балақаев 1980 жылдары қазіргі әдеби тілдегі сөздердің мөлшермен 75 проценті сол алтын қор қазынасынан алынған сөздер де, қалғаны орыс, араб, парсы т.б. тілдерден енген сөздер болуы керек деген еді. Әрине, одан бері талай жылдар өтті, деректер өзгерді. Қазақ тілі 1953 жылғы академиялық сөздік қорын 180000 деп межелеген болса, 1972 жылғы санақ бойынша 2 миллион 550 мың болған екен (барлық сөз формалары мен тіркестерді қосқанда), интернет желісінен алынған деректе. Бірақ бұл нақты дерек емес. Дегенмен, Ел Тәуелсіздігін алғаннан кейін сөздік қорымыз толыға түсті. Қазіргі таңда сөздік қорда бірнеше миллионнан астам сөз бары даусыз. Себебі, «Мәдени мұра» бағдарламасының аясында жарыққа шықпай жатқан көне кітаптар жарық көрді. Басқаны айтпағанда Мәшһүр Жүсіптің 20 томдық шығармалар жинағын зерттегенде байырғы көне сөздер өте көп екендігін байқадық. Ф.ғ.д., профессор Қуандық Жүсіповтің «Сөз құдіреті» (Мәшһүр Жүсіп шығармалары бойынша) деген көп томдық еңбегінің орны ерекше. Мәшһүр Жүсіптің кейбір қазақ мақал-мәтелдерінің шығу тегіне қатысты айтқан пікірі де өте құнды болып саналады. Ал ол мақалдар ұмытылып, халықтікі болып кетті. Менің шәкіртім Арслан Көпеев профессор Асқар Жұбановтан дәріс алып, Мәшһүр Жүсіптің сөзін есептейтін программа жасап, «қос сөздерді бір сөз қылып оқиды, шылау-лар мен демеуліктерді, одағай сөздерді оқымайды» деп қиналғаны есімде.

- Солай ма? Ал тіл тарихы не дейді?

- Түркі халықтарының Отаны - жер шарының екі материгі Азия мен Еуропа. Дегенмен, басым көпшілігі Азия болып саналады. Түркітануда қазақ тілі түркі тілдерінің, біршама «жаңа» деп қаралатын тобына жатқызылады. Олай болатын себебі: қазақ рулары тарихтың ерте кезінен-ақ мәлім болса да, «қазақ» деп аталатын біртұтас халық ХV-ХVI ғасырларда қалыптасады. Қазақ тарихының осы ерекшеліктерін ескере отырып, қазақ тілі тарихы бірнеше дәуір бірлестігіне бөлінеді. Демек, біздің тіліміз сонау Түркі бірлестігіне дейінгі арғы дәуірден бастау алады деген сөз. Түркі тілдері өз ішінде бірнеше топқа бөлінеді. Ол топтардың әрқайсысына енетін тілдердің әр түрлі топтарға қатысты тілдерге қарағанда, өзара ортақ белгілері мен ұқсас жақтары көбірек болады. Мысалы, қазақ, ноғай, қарақалпақ тілдері түркі тілдерінің қыпшақ-ноғай тобы деп аталатын (Н.А.Баскаковтың топтастыруы бойынша) тобына енеді де, әзербайжан тілі мен түрік тілі оғыз-сельджук тобына енеді. Бұл секілді мысалдар көп.

- Сонда жаңағы келтірген дерегі-ңізде көнерген сөздер де бар ма?

- Рас, өзіміздің көптеген төл сөздеріміз үйіріне қосыла алмай жүр. 100 томдық «Бабалар сөзі» жинағы шықты ғой. Сондағы ескілікті сөздер есепке алынды ма екен? 15 томдық «Қазақ әдеби тілінің сөздігі» - баға жетпес мұра. «Қазақ тілінің түсіндірме сөздігі» 50 мыңға жуық сөз бен сөз тіркестерін қамтыған. Қазақ тіліндегі фразеологизмдер, мақал мен мәтелдер, жұмбақтар мен жаңылтпаштар, қос сөздер, ежелден сіңіп кеткен біздің төл сөзімізге айналып кеткен араб-парсы сөздерін бөлмей-ақ қабылдау керек сияқты. Кейбір кірме сөздердің тарихи мағынасы көмескіленгені соншалықты, кімнің сөзі екендігі дау тудырады. Ғалым Б.Базылхан: менің есебімше «қар» түбір сөзінен қазақ тілінде 260-тай, моңғол тілінде 240-тай сөз туындайды деген-ді. Мысалы, жаман қар (әйелге қарата айтады), қар жауды, қары талды (қол), т.б. Осыдан келіп, қазақ тілінің әр түбірі сөз жасауға бейімдігін ескерсек, қазақ тілінде қанша сөз барын межелей беріңіз. Басқасын айтпағанда қазақ тілінде түйе малына қатысты 100-ден астам, шөптің 2000-ға жуық, қурайдың 60 түрлі аты бар екен. Бұл - мыңнан бір ғана мысал. Осының өзі-ақ тіліміздің ұшан-теңіз байлығын көрсетеді. Бұрыннан бар араб-парсы сөздері, орыс тілі, ағылшын тілі, т.б. сөздерге қоса енді тікелей сауда-саттық, экономикалық қарым-қатынастың нәтижесінде тағы өсе түсті. Егер де әр сала бойынша 200 мемлекетпен қырым-қатынас жасасақ, сол елдерден қаншама сөздер сөздік қорымызға еніп жатқанын айту қиын. Мешіттер мен медреселердің пайда болуы араб-парсы сөздерін көбейтті. Қандас жұртымыздың тарихи отанына қайтып оралуы байырғы қазақ сөздерін әкелді. Ұмытылып кеткен кейбір ұлттық ас-тағам атаулары, киім-кешек, тұрмыстық құрал-жабдық, аң-саятшылық, рухани сөздер, жеміс-жидек, дәнді дақыл, т.б. толып жатқан атаулар қазақыланды. Архаизм, тарихи сөздер қайтып оралды. Islam. kz жер бетінде 6 мыңнан астам тіл болса, соның ішінде қазақ тілі сөздік қоры жағынан 3-ші орын алады деген хабар таратты. Бұл - өте қуанышты жағдай.

Профессор Б.Қалиевтің мына пікірі көңіл аударарлық. Ол былай деп жазады: «Тіл тағдыры термин тағдырымен тығыз байланысты. Өкінішке қарай, біз осы мәселеге өте салғырт, немқұрайлы қарап отырмыз және оның дәлелін алыстан іздеудің қажеті жоқ. Жақында біздің терминком мәдениет және спорт министрлігінің ұсынысымен күнделікті қолданыста қазақша баламасына ауыстырылған біраз сөзді қайта қарады. Сөйтіп, бұрын әнұран, күйсандық, субұрқақ, оташы, мұражай, мұрағат, қисын, сазгер, ғаламтор, пайыз, иегер, үдеріс деп айтылып жүрген және құлаққа әжептәуір сіңісті болған сөздердің екінші сыңарларын, яғни гимн, пианино, фонтан, хирург, музей, архив, логика, композитор, интернет, процент, лауреат, процесс түрін қайта бекітті.

...Кеңес өкіметі кезінде, яғни 1970-1980 жылдары «Қазақ тілінде қанша сөз бар?» деген мәселені анықтау үшін біраз мамандар тер төкті. Солардың бірі мен болатынмын. Сонда біз қазақша жазылған сол кездегі барлық көркем әдебиеттер мен оқулықтардағы, газет-журналдар мен ғылыми еңбектердегі барша сөздерді түрлі тәсілдермен санап көрдік. Нәтижесінде қолданыстағы сөздердің саны 160 мың болып шықты. Соның 100 мыңы орысша, латынша, грекше, т.б. екен де, 60 мыңы ғана таза қазақша сөздер екен», - дейді. Әрине, сексенінші жылдардан бері талай су ақты, өзен суалды. Профессор егемендіктің арқасында сөзіміздің көбейгенін жоққа шығармайды. Осы орайда, Елбасының биылғы Қазақстан халқына Жолдауында: «Егер біз қазақ тілі ғұмырлы болсын десек, оны жөнсіз терминологиямен қиындатпай, қазіргі заманға лайықтауымыз қажет. Алайда соңғы жылдарда әлемде қалыптасқан 7 мың термин қазақ тіліне аударылған. Мұндай «жаңалықтар» кейде күлкіңді келтіреді», - деп орынды сын айтты. Расында, орыс тілін араластырмау керек деген ниетпен орынсыз аудара беру мүлдем қисынға келмейді. Соңғы уақытта сөздік қорымызға айтылуы да, естілуі де қораш «аударма» сөздер көп енгенін жоққа шығара алмаймыз. Елбасы да осы мәселені меңзеп отыр. Сондықтан ондай ретсіздіктен құтылу керек. Сонымен қатар, біз алдағы уақытта латын әліпбиіне көшкелі отырмыз. Жаңағы атап өтілген, кездейсоқ аударылған сөздерге түзетулер енгізіп, олардың бәрін екі жұмыс жасамай, бірден латын қарпімен түзетіп, жазып шығуымыз керек. Менің ойымша, қылтима, сынып, пысан, нысан, сыйық, құсап, аққайнар, т.б. сөздерден балама іздеп қажеті жоқ сияқты. Паспорт, удостоверение, диплом, сертификат, т.б. кейбір адамзатқа қатысты халықаралық норманы да өзгертудің қажеті шамалы. Халықаралық қалыптасқан терминдерді сол күйінде қалдырған жөн. Мысалы, көптеген (біз араласатын) шет елде диплом, сертификат делінеді. Біз оны қазақшалап ала алмаймыз ғой. Уақыт өтті, заман өзгерді. Оның үстіне 1-сыныптан бастап ағылшын тілі оқытылуда. Ендеше терминология жөніндегі принциптерді басшылыққа ала отырып, басқа елдің сөздерін сол күйі қабылдаған жөн, дегенмен қабылдағанның жөні осы екен деп, жөн-жосықсыз баламасыз қабылдауға және болмайды. Халықаралық кейбір сөздерді аударып, осылай болу керек деп күштеп таңудың да керегі жоқ. Мұның екінші қауіпті жағы бар. Осы енгізілген сөз, балама, термин осылай болуы керек екен деп жүріп, уақыт өте келе қалыптасып алып, орын теуіп қалуы да мүмкін. Мысалы, кровать-кереует, съезд-сійез, журнал-жорнал, европа - еуропа сөздерін қазақ тілінің сингармонизм заңына сәйкес келтіріп алып қолданып жүрміз. Ештеңе бұзылған жоқ, бәрі орнында. Филолог І.Жарылғаповтың сөз жасау үлгісі керемет еді. Аялдама, балмұздақ, анықтама, күнделік, көрермен, оқырман, саяжай, жағажай, ғарыш, зымыран, басылым, т.б. сөздердің жасалуына, аударылуына Жарылғаповтың сіңірген еңбегі көп екендігін айтуға тиістіміз. И.С.Тургеневтің «шуршит», яғни, «камыш шуршит» дегенін қамыс сыбырлайды деп аударғанын замандастары қуана айтысты. Бір ғана мысал, Дулат Бабатайұлының «Көңілдің құтысы» деген әсем тіркесі менің шығарған кітабымның аты болды. Әрине, бүгінгі мақалада барлық ойдағы нәрсені айтып, сыйдыру мүмкін емес.

- Бұрын Ахмет Байтұрсынов сынды қазақ зиялылары қазақ сөздері, аударма сөздер жайлы дәлелді пікірлер айтып, біраз жұмыстарды қолға алғанын білеміз...

- Иә-иә, қазақ білімпаздарының тұңғыш сійезі 1924 жылы 12-18 күндері Орынбор қаласында өттті. Оның қарауына алты мәселе ұсынылды. Үшінші мәселе «Қазақша пән сөздер». «Қазақша пән сөздер» тақырыбына Елдес Омарұлы баяндама жасады. «Пән сөз» деп қазіргі кітаптарда, журнал, газет, пән (қазақ тілі, алгебра, физика т.б.) қолданыстағы ғылыми терминдерді, «жат сөз» - деп, кірме сөздерді (шет тілдерінен енген сөздер) атағаны көрінеді. Әрине, қаралып отырған пән сөздерін қазіргі пәндердің пән сөздерімен салыстыруға келмейді. Ахмет Байтұрсынұлы, Қалел Досмұқаметұлы, Міржақып Дулатұлы, т.б. еңбектерінде пән сөздердің жасалуының негізгі принциптерін олардың заңдылықтарын, сингармонизм заңына сүйеніп жасау керектігін баса айтып, жазып кетті. «Сөзжасам жұрнақтары» ол уақытта пән термині қалыптаспаған, тұрлаулы, тұрлаусыз сөз тудыратын жұрнақтар деп аталды. Елдес Омарұлы баяндамасында пән сөздерге (тұқылға-Е.О.) жұрнақтарды жалғағанда қалай болатындығы, үндестік заңы туралы кеңінен талдап айта келіп, жат сөздерді алғанда оны тіліміздің заңына келтіріп өзгертіп алу керек дей келіп, жат сөздің қазақтың өз сөзі сияқты сіңіп кетуінің 9 түрлі принципін көрсетті.

- Ол қандай принциптер?

- Қысқаша айтып өтейін, олар мыналар: қазақ тіліне кіргізген жат сөздердің бәрін де сол заңға келтіріп алу, бас буыннан басқа буындарында жұмсақ «ә»-сі бар жат сөздерді қазақ тіліне кіргізгенде, «ә»-ні өзгертіп я «е», я жуан «а» алу керек («адабыиат» - «әдебиет»). «Кәміилә» барыс септігі жалғанғанда «Кәміиләге» емес, «Кәміилаға» болады, бас буыннан басқа буындарда «о», «ұ»-сы бар жат сөздерді кіргізгенде «о», «ұ»-ларды басқа бір дауысты дыбыстарға айналдырып алу керек (покров-боқырау); немесе сөз аяғындағы «ғ», «г», «д»-ларды мүлде жоғалтып жіберу керек (Оренбург-Орынбор); Үздіксіздік заңына келмейтін жат сөздерді қазақ тіліне кіргізгенде, өзгертіп, үздіксіз қылып алу керек (мәсле-мәселе, мұмін - момын); Екпіні соңғы буыннан басқа буындарында болған жат сөздерді қазақшаландыруында тілін соңғы буынға келтіріп алу керек (Смара - Смар, Пуховыий-Бокебай); Қазақша сөзде бір дыбыс қосарланып келмейді. Сондықтан дыбысы қосарланған жат сөздерді қазақ тіліне кіргізгенде қатарынан екі қайтара айтылатын дыбыстың біреуін я мүлде жоғалтып жіберу керек, я болмаса орнына басқа бір дыбыс кіргізіп алу керек; Тілінде жат дыбыстары бар жат сөздерді пән сөз қылып алғанда, оның жат дыбыстарын шығарып тастап орнына қазақша дыбыс кіргізіп алу керек; Қазақ тіліне кірген жат сөздер түбір сөз есебінде алынып, қазақ тілінің заңдарынша өзгеретін болу керек.

1926 жылы Бакуде өткен түркітанушы-лардың бірінші съезінде қазақ тіл білімінің реформаторы А.Байтұрсынов орысша баяндама жасап, терминология мәселесіне кеңінен тоқталып, жоғарыдағы қабылданған принциптердің негізгілеріне шолу жасаған. Сөйтіп А.Байтұрсынов термин сөзін өз мағынасында қолданған.

Сөз соңында айтарым, еліміз үш тұғырлы тілге көшіп жатыр. Қазақ тілі ақпараттың ағынына қарсы төтеп беретін пәрменді болуы керек. Ол үшін «Латын қәрпіне» негізделген жаңа қазақ әліпбиінің еміле, грамматикалық ережесін, термин сөздерді латынша (қазақ әліпбиі) жазып, тезірек аудару керек. Бұл жаңа әліпбидің сапасын көтеруге мүмкіндік тудырады. Жаңа әліпби ең алдымен қазақ тілін жөндеуге, түзеп алуға (орфография, орфоэпия) қызмет етеді. Одан кейін терминтану мәселесін реттеуге ықпалы зор болады. Мәселен, орыс, ағылшын, т.б. тілдерден енген терминдерді латын қәрпіне негізделген қазақ әліпбиімен жазамыз. Ол әріптер ағылшын тілінде де бар. Демек, екі шығын шығармай, бір-ақ жұмыс істеуіміз керек сияқты. Бұл - бір. 2025 жылға дейін уақыт берілді. Екінші әлемдік деңгейдегі алты тілдің қатарына енетіндей мүмкіндігіміз өте мол, жеткілікті. Қазірдің өзінде шетелдіктердің қазақ тіліне деген қызығушылығы артуда. Қазақ тілінде домбырамен ән айтып, күй шертіп, біздің жұлдыздардың хитке айналған өлеңдерін интернет арқылы мақтанышпен айтып жеткізуде. Олай болса, қазақ тілін аласарта бермей, асқақтататын уақыт та жетті.

- Бәрекелді, аға! Айтқаныңыз келсін!


Түйін:

Қазақ: «Асығыста туған нәрестенің атын «Абыр-Сабыр» қояды дейді. Астары бар сөз ғой. Қай істе де асығыстық жасамай, әсіресе қазақ тілінің аясын кеңейтіп, сөздік қорын молайту, бұған дейін «Тисе-терекке, тимесе-бұтаққа» деп, атүсті қаралып, жіберілген қателіктерді жөндеудің уақыты жетті. «Қылтима», «шаптырма», бір өңірлерде баклажанды «қисық қоңыр» деп аударғаны секілді өрескелдіктерге жол бермеу керек. Сондай-ақ біздің тілімізге мән-мағынасы белгісіз қалмақ, жоңғар сөздері де сіңіп кеткен. Латын әліпбиіне көшкенде осындай ірілі-ұсақты мәселелерге мән берілсе игі!

Сұхбаттасқан - Сая МОЛДАЙЫП.

saryarka-samaly.kz