- Ерлан Олжаұлы, «Ертіс Star» жобасы жайлы айтып өтсеңіз?

- Бұл жоба Елбасы Н.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласы аясында, облыстық әкімдіктің ұсынысымен мәдениет, мұрағаттар және құжаттама басқармасының ұйытқы болуымен қолға алынды. Біздің аймақта өнерлі жастар өте көп. Бірақ оларды қолдап, түрлі байқауларға қатыстыруға мүмкіндіктер беріле бермейді. Бұл жобаға бұрын танылған талапкерлер қатыстырылмайды.

- Қатысушыларды қандай талаптар негізінде анықтайсыздар?

- Бүгінгі күнге дейін ұйымдастырылып келген байқаулардың көбі эстрада жанрында болды. Ал бұл жобада дәстүрлі ән мен күй, би, актерлік шеберлік пен сурет салу және эстрадалық бағыт бар.

- Ел аралап жүргендеріңізге де біраз болды. Қазылар алқасын елең еткізіп, өнерімен тәнті еткен өнерпаздар аз болмаған шығар?

- Бүгінгі таңда облыстың 90 пайызын аралап болдық. Бірінен-бірі өткен өнерлі жастардың арасынан дараланып алға шыққандар өте көп. Осы орайда бізді ерекше тәнті еткен Қуандық Әсенов деген азамат болды. Талай талантты балаға бағыт беріп отыр. Бұл - үлкен жетістік. Сонымен қатар Ақтоғай ауданында ашылған жастар театрын атап өту керек. Мұндағы қатысушылардың сахнадағы жүріс-тұрысы, сөйлеу мәнері, жалпы артистік өнерлері әсерлі болды. Бізді қуантқан тағы бір оқиға - кейбір аудандарда қазақ ұлт аспаптар оркестрі құрыла бастапты. Олардың қатарында қобыз, жетіген, сазсырнай, шаңқобыз, тұяқ тас, домбыра сынды көне аспаптарда ойнайтын таланттар да бар болып шықты.

- Байқауға іріктеу барысында қандай кемшіліктер кездесті?

- Әрине, кемшіліктер болды. Мәселен, көп аудандарда дәстүрлі өнердің кенжелеп қалғаны байқалды. Ал Шарбақты мен Лебяжі аудандарында би үйрететін маман жоқ. Сондықтан жартылай финалда бұл аудандардан бишілер өнер көрсете алмайды. Осы секілді кемшін тұстар актерлік шеберлікті көрсету сынында да байқалды.

- Іріктеуден өткен өнерлі жастар ары қарай не істейді?

- Оларды алда үлкен сынақтар күтіп тұр. Оның алғашқысы 8 ақпан күні өтетін жартылай финал. Бұл сыннан өткендері ақпан айының соңына дейін облыстың барлық аудандарын аралап, концерт береді. Содан кейін оларды финалдағы шешуші сайыс күтіп тұр. Финалда жеңіске жеткендер алдағы уақытта республикалық деңгейде өтетін түрлі байқауларға қатысуға жолдама алады.

- Істеріңізге сәттілік тілейміз!

Сұхбаттасқан – Қарлығаш ХАШЫМҚЫЗЫ.

saryarka-samaly.kz