Мақсұт ӨТЕШОВ, ҚР Мемлекеттік қызмет саласы бойынша өңірлік хаб төрағасының кеңесшісі:

- Жемқорлық мәселесі күн тәртібінен түскен емес. Мемлекеттік басқару құрылымдарындағы лауазымды тұлға-лардың өз міндеттерін асыра пайдалануы қоғамға қауіп төндіреді. Жемқорлық тек Қазақстанда ғана орын алмайды. Бұл - озық мемлекеттерде де кездесетін мәселе. Мұндай қадамға барғандарды ұстауға көмектескен адамдарды марапаттау ісін қолдаймын. Бұл ретте салмақ құқық қорғау органдарының қызметкерлеріне түседі. Себебі аталмыш сала мамандары ғана хабар таратқан адам дерегінің шындыққа сәйкестігін анықтай алады. Сондықтан бұл істе мұқият болған жөн. Әлбетте, барлығы бірдей сыйақы ала бермейді. Келіп түскен ақпарат мұқият тексеріледі. Расталған жағдайда ол бойынша қылмыстық іс қозғалады. Артынша ол іс сотқа жеткізіліп, тиісті үкім шығарылып, күшіне енгеннен кейін ғана сол азаматқа тиісті сыйқасы ұсынылады. Екіншіден, факті дәлелденген соң, қомақты ақша берілген азамат мемлекет тарапынан қорғалуы қажет. Себебі оның отбасы мен туғандарына қауіп төнуі мүмкін. Параның ұсағы болмайды. Сондықтан мұндай қадамға барғандар заң алдында жазалануы тиіс. Егер жемқорлық «дертімен» қоғам болып күрессек, жүгендеуге толық негіз бар.

Қабылқақ ҚАПЕНОВ, Павлодар облыстық мәслихатының депутаты:

- Жемқорлықтың алдын алуға көмектескен азаматтарға сыйақы тағайындау мәселесін дұрыс не бұрыс деп айту қиын. Мұндай әрекеттің нәтижесін статистикалық деректермен анықтау керек шығар. Кейбіреулер танысын тақтан тайдыру үшін әдейі ор қазуы мүмкін. Әрі сол арқылы оңай олжаға кенелуді көздейді. Сондықтан мұндай ақпарат таратқан адамның дерегін алдымен толық тексеру қажет. Тергеу шараларын мұқият жүргізген дұрыс. Себебі көзіне күдікті болып көрінген, көңіліне жақпаған лауазым иелерінің барлығын жемқор деп есептейтін азаматтар бар. Соның салдарынан жемқорлыққа қарсы қызмет органына тұрғындар тарапынан келіп түскен хабарламалардың басым бөлігі расталмауы мүмкін. Сондықтан бұл жағдайда біреудің обалына қалуға болмайды. Жемқорлық – қоғам үшін үлкен қасірет. «Шындық жоқ жерде сұмдық көп» деп өскен ұрпақпыз. Бұл індетпен күресуді балабақша, мектептерден бастау қажет. Жемқорлыққа бару – әр адамның сана-сезімі мен түсінігіне байланысты. Сондықтан балаға дұрыс тәлім-тәрбие беріп, мұндай әрекетке бармауы жолында жұмыла еңбек ету қажет деп ойлаймын.

Бауыржан АЙТПАЙ, Павлодар қаласының тұрғыны:

- Өз басым қызмет бабын асыра пайдаланғандардың әрекетін әшкерелеуге бейжай қарамауға тәрбиелейтін ынталандыру шарасын қолдамаймын. Жасыратыны жоқ, заң бұзушылық туралы құқық қорғау органдарына хабарлап, жұмыстарына қолғабыс көрсету арқылы қомақты қаржының иесі атана аласыз. Яғни, бір оқпен екі қоян атуға болады. Біріншіден, қоғамды жемқорлардан тазартуға атсалысасыз. Екіншіден, қалтаңыз да біраз қампиып қалады. Бірақ бұл ең тиімді әдіс деп ойламаймын. Ең көп деген 100 айлық есептік көрсеткіштің көлемі - 227 мың теңге. Мұндай қаражат үшін ешкім өз өміріне қауіп төндіргісі келмейді. Екіншіден бұл әрекет өсек, сөз тасуға, халықты бір-бірінің артына «шам» алып түсуге итермелейді. Кеңестік кезеңде бір ауылдың, бір ортаның адамдары көңіліне ұнамағандардың үстерінен арыз жазып, абақтыға қаматып жібергеніне тарих куә. Сондай әрекеттердің салдарынан қазақ халқы талай арыстарынан айырылды. Бір қағаз арыздың кесірінен атпалдай азаматтар «халық жауы» атанып кете барды. Жоғарыда аталған бастама сол кездегі осынау келеңсіздіктерді еске түсіреді. Қоғамды қызғаныш, көре алмаушылық билеген заманда кейбір азаматтарға нақақтан-нақақ жала жабылып кетпесіне кім кепіл?

«Алаңды» үйлестірген – Айдана ҚУАНЫШЕВА.

saryarka-samaly.kz