Осыған орай Қ.Сәтбаевтың Баянауыл мемориалдық мұражайында «Даланың дархан ұлы» атты еске алу ұйымдастырылды. Оған баянауылдық зиялы қауым және мектеп оқушылары қатысты. Шара барысында ғалымның Қазақстан геологиясының дамуына қосқан үлесі жайында сөз болып, еске алынды.

Қаныш Имантайұлы 1899 жылдың 12 сәуірінде қазіргі Павлодар облысының Баянауыл ауданында (бұрынғы Семей губерниясының Павлодар уезіндегі Ақкелін болысы) Имантай бидің отбасында дүниеге келді. Нәрестеге - Ғабдул-Ғани деген есім берілді. Сауатын ауыл молдасынан ашқан болашақ ғалым Павлодардағы орыс-қазақ мектебінде, Семей мұғалімдер семина-риясында, Томск технология институтының тау-кен факультетінде білім алды.

Ғалымның негізгі ғылыми еңбектері кентасты кендер геологиясы мен Қазақстанның минералды ресурстарына арналды. Ол Жезқазған кенін зерттеу және Орталық Қазақстанның (Сарыарқаның) металло-гендік және болжам картасын жасауда көп еңбек сіңірді. Кен ашылған аймақтарда кен өндіріс орындарын салуға ұйытқы болды.

Қаныш Имантайұлының геологиядан басқа ғылымдарда, мәдениет саласында, тарихта қалдырған еңбектері мол. Ш.Уәлиханов жазып алған «Едіге» жырының мәтініндегі қазақ оқырмандарына түсініксіз араб, татар сөздерінен тазартып, қазақ тілінің жаңа орфографиясының негізінде қайтадан дайындады, Ұлытау өңіріндегі басты-басты тарихи, мәдени, археологиялық ескерткіштерді зерттеп, көптеген этнографиялық мұраларды жинап, «Жезқазған ауданындағы көне заман ескерткіштері» атты еңбегін жазды. 1931 жылы жарыққа шыққан А.Затаевичтің «500 қазақ әндері мен күйлері» жинағына қазақтың 25 әнін өзі орындап, орыс тілінде ғылыми түсініктеме беріп енгізген.

Қаныш Имантайұлы 1964 жылы 31 қаңтарда 65 жасында Москвада қайтыс болды. 3 ақпанда Алматы қаласында жерленді.

Ғалымды еске алу шарасында туысы - Теңдік ауылының тұрғыны, ардагер-ұстаз Жұмагүл Ахметова, өлкетанушы Алтынбек Құрманов, Дін мәселелері жөніндегі «Имандылық» орталығының директоры Сансызбай Сапарғалиев ғалым жайлы білетін естеліктерімен бөліссе, Жаяу Мұса атындағы балалар өнер мектебінің әншілері ғалым сүйіп тыңдайтын әндерді орындады. Аудандық Мұса мырза мешітінің бас имамы Саян қажы Кожин ғалым рухына дұға бағыштады. Ғалым мұражайы басшысының міндетін атқарушы Айбат Ыдырысов:

- Мұражайда жыл сайын Қаныш Сәтбаевтың туған күні, дүниеден өткен күндері атаусыз қалмайды. Еске алып, естеліктер айтылып, әсіресе жас ұрпаққа танытуда іс-шаралар ұйымдастыру дәстүрге айналған. Ғалымның, отбасының тұтынған заттары, жәдігерлер келушілердің назарына ұсынылады, - дейді.

С.ТАУҚЫЗЫ, Баянауыл ауданы.

Сая МОЛДАЙЫП

saryarka-samaly.kz