«Қазақстанда көмір тапшылығы жоқ!». ҚР Энергетика министрі Қ.Бозымбаев осылай деп мәлімдеді. Павлодар облысының әкімі Болат Бақауовпен бірге «Майкөбен-Вест» ЖШС, «Шығыс» кеніші мен «Богатырь Көмір» ЖШС-де болған ведомство басшысы ондағы қатты отынның өндіріс қарқынымен танысты. Артынша Екібастұз қаласында отандық көмір өнеркәсібіне қатысты арнайы жиын өткізді.

Павлодардың кәсіпорындары көмір өндірісімен, тасымалына қатысты мәселе жоқ деп отыр. Мысалы, былтыр «Шығыс» көмір кенішінде 17 млн. тонна көлемінде көмір өндірілген. Биыл бұл көрсеткішті 18 млн. тоннаға жеткізу жоспарланып отыр. Кәсіпорын директоры Юрий Гончаровтың айтуынша, көмірдің басым бөлігі энергетикалық кәсіпорындарға жөнелтіледі. Дегенмен, жылыту маусымының соңына дейін тұрғындарға 60 мың тонна көлемінде қатты отын жеткізіледі. «Шығыс» кеніші жоспарға сәйкес инвестициялық жобаларды жүзеге асыруды жалғастыруда Соның ішінде, маңыздысы - №2 циклды-толассыз өндіріс кешенін іске қосу. Сол арқылы байытылған тұрмыстық көмір өндірісінің көлемін арттыру жоспарланған.

«Богатырь Көмір» ЖШС бас директоры Мұрат Абдығұлов былтыр тұрғындардың коммуналдық-тұрмыс-тық қажеттіліктерін қамтамасыз етуге 1 млн. 400 мың тонна көмір босатылғанын атап өтті. Ал кәсіпорындағы жалпы көмір өндірісінің көлемі 40 млн. 900 мың тоннаны құраған. Биыл бұл көрсеткішті тағы шамамен 400 мың тоннаға дейін арттыру көзделген. Мұндағы қатты отын Павлодар, Қостанай, Ақмола, Солтүстік Қазақстан облыстарына жөнелтіледі. М.Абдығұловтың сөзіне сүйенсек, серіктестік сұранысқа сай жұмыс істеуде. Ауа райының қолайсыздығына қарамастан, қаңтар-дағы аязды күндердің өзінде тұрғын-дарға көмір уақытылы жеткізіліп отырған. Қазір де кез келген бағытқа, кез келген көлемде көмір босатуға мүмкіндіктері бар.

ҚР Энергетика министрі Қ.Бозымбаев елімізде қолдан көмір тапшылығын тудыратын алыпсатарлар бар екенін атап өтті. Салдарынан еліміздің кейбір аймақтарындағы жекелей елді мекендерде қатты отынға деген тапшылық пайда болған. Ал жалпы еліміз бойынша көмірдің жетіспеушілігі мәселесі жоқ. Көмір кеніштеріндегі өндіріс қарқыны - қалыпты. Ал Павлодар облысының әкімі Б.Бақауов жергілікті кеніштер сұранысқа сай көмір өндіруге әзір екенін жеткізді.

Өз тілшіміз.

saryarka-samaly.kz