Ақиқат биігінен зерделенуі тиіс

«Ел шежіресі-жер шежіресі» деген бар. Қазақтың болашағы үшін күрескен, жанын қиған тарихи тұлғалар дәл бүгінгі күні жоғымызды жоқтап, өткенімізді түгендеп жатқанда ел жадында жаңғырып, есімдері тарихта қалғаны жөн. Бұл орайда біздің аймақта не тындырылды, қандай мәселелер бар? Редакцияда өткен дөңгелек үстелде өлкеміздің тарихы жайлы бірқатар ұсыныстар мен пікірлер, халық жадында сақталған аңыздар мен тарихи тұлғалар жайлы сөз болды.

Дөңгелек үстелге қатысушыларды атап өтейік: облыстық мәдениет, мұрағаттар және құжаттама басқармасының басшысы Ардақ Райымбеков, жергілікті жоғары оқу орындарынан - филология ғылымының докторы, профессор Бекен Сағындықұлы, тарих ғылымдарының кандидаты Қайрат Батталов, Г.Потанин атындағы тарихи-өлкетану музейінің басшысы Гүлнәр Нұрахметова, ПМПУ-дің Ә.Марғұлан орталығының ғылыми қызметкері Еңлік Әбеуова, жеке кәсіпкер Жұмабек Қамзин, аймағымызда кезінде жауапты қызметтер атқарған еңбек ардагерлері: Абызбай Адамов, Әбілхақ Түгелбаев, Ермат Байғұрманов, «Ертіс Медиа» ЖШС директорының орынбасары Жұмабек Сманов, «Сарыарқа самалы» газетінің бас редакторы Нұрбол Жайықбаев қатысты.

Нұрбол ЖАЙЫҚБАЕВ:

- Елбасының «Рухани жаңғыру» бағдар-ламасы аясында қолға алынған аймағымыздың сакралды географиясын белгілеуде әлі де болса анықтап, көпшілікке жария ететін қасиетті жерлер бар. Соның бірі - Май ауданындағы тарихи жер Қалмаққырылған. Ермат Байғұрмановтың бастамасымен біздің журналистер сол жерге барып, газетте мәселе көтердік. Бүгінгі шараны ұйымдастырудағы негізгі мақсат та осы секілді ел жадында қалған тарихи орындар жайлы білетінімізді ортаға салып, таразылап, көпшілікке жария етіп, сакралды орындар тізбесіне енгізу.

Сая МОЛДАЙЫП:

- Жаңа аталып өткен бағдарлама бойынша аймақта атқарылған істердің қай-қайсысы болса да газет бетінен қалыс қалған емес. Павлодар облысынан бүгінгі күнге дейін 78 сакралды орын анықталды. Бұл әлі аз секілді. Расында, әлі де нақтылай түсетін киелі жерлер, тарихи орындар баршылық. Жалпы, ондай орындар қандай талаптар бойынша анықталады, қандай критерий-лер қойылып отыр? Ардақ Тәтімбекұлы, алдымен осы жайлы айтып өтсеңіз...

Ардақ РАЙЫМБЕКОВ:

- Рақмет! «Рухани жаңғыру» бағдарламасын жүзеге асыруда 6 бағдарлама қолға алынса, соның 2-уі - тікелей мәдени жоба. Олар: Қазақстанның киелі жерлері және Жаһандық әлемдегі қазақстандық мәдениет. Сондай-ақ, руханият саласында тағы бірнеше бағдарлама бар. Киелі Қазақстан бағдарламасы бойынша біздің облыстан 78 нысан іріктелді. Оның 5-уі республикалық сакралды тізімге енді. Айта кетейін, «Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы» жобасы бойынша Ш.Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институты, Ә.Марғұлан атындағы Археология институты бірлесіп Берік Әбдіғалиев басшылық ететін «Сакралды Қазақстан» ғылыми-зерттеу орталығымен бірге жұмыс атқаруда. Біз аймағымыздағы киелі орындарды анықтап, осы орталықтың сараптауына жібереміз. Қаңтар айының 13-14-і күндері Астанада «Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы» атты форум өтті. Бүгінгі күнге дейін осы орталықпен нақтыланған республикалық тізбеге енген нысандар арнайы жинақ болып жарыққа шықты.

Әрине, біз бүгінге дейін анықталған нысандармен тоқталмаймыз. Бұл әлі жалғасатын болады.

Сая МОЛДАЙЫП:

- Киелі жерлерді анықтау жұмысы қашанға дейін созылады? Киелі орындар белгіленгеннен кейін қандай шаралар қолға алынбақ?

Ардақ РАЙЫМБЕКОВ:

- Бұл бағдарламаларды 2021 жылға дейін іске асыру жоспарланған. Сондықтан, қайталап айтайын, облыстық немесе республикалық киелі жерлер санатына қосуға лайық киелі жерлерді анықтауға, тіпті республикалық тізбеге қосуға, егер дәлелді мәліметтер болса, мүмкіндік бар. Мәселен, Қалмаққырылған, Жамбыл ауылында тұрған Үміт апа жайлы ақпараттар орталықтың сараптауына жіберілді.

Талап бойынша, киелі орынның ресми түрде арнайы паспорты болуы тиіс. Бұл іске бюджеттен 5 млн. теңге қаражат бөлінді. Біздің облыстың практикасы негізінде паспортымыздың арнайы үлгісі барлық облыстарға таратылды. Сондықтан бұл іс бүкіл еліміз бойынша жүргізілуде. Сондай-ақ, тоқырап қалған археологиялық қазба жұмыстарын жандандыру үшін бюджеттен 10 млн. теңге бөлінді. Киелі жерлердің элект-ронды картасы жасалуда. «Киелі жерлер қандай критерийлер бойынша анықталады?» деген сауалға жауап берейін. Негізгі мәселе - ол халық тағзым етіп баратын танымал болуы тиіс және оған баратын, тәу ететін халық саны есепке алынады. Біз анықтаған 78 нысанның көбінің сапасы сын көтермейді. Осы орындар нақты анықталғаннан кейін арнайы ережелер бекітіліп, маршруттар әзірленеді. Мысалы, Жасыбай батырдың басы, Сақ қорғандарын қоршау, сәулеттендіру, көріктендіру жұмыстары атқарылмақ. Ол үшін кешенді шара керек. Оған тек мәдениет қана емес, білім, кәсіпкерлік және туризм саласы, жоғары оқу орындары да атсалысуы тиіс. Жылдың соңына қарай әр қала, аудан, ауыл, елді мекендерді қамти отырып, кітап шығару ісі жоспарланды. Ол 3 бөлімге, атап айтқанда: әр аудан бойынша сакралды орындар тізбесі, тарихы, суреттері, 2-ші бөлімде ауыл, елді мекендер тарихы, атаулары, этимологиясы және 3-ші бөлімде елді мекендер топонимдері - жер-су аттарының тарихы қамтылмақ. Жалпы, әр аудан бойынша кітап шығару да ойда бар. Бұл - ауқымды әрі жауапты жұмыс.

Абызбай АДАМОВ:

- Біздің өңірдің киелі жерлері дегенде Мәшһүр Жүсіп, Исабек Ишан әулиелер тіл ұшына оралады. Менің айтқым келгені, жалпы, сакралды орындар жайлы жұмыс жүргізіліп жатқанынан халық хабардар ма? Өйткені ел ішінде тарихты жақсы білетін қарттар әлі де бар. Мысалы, Ертіс ауданынан Түгел батыр, Таймас әулие, Жалаулы көлі, Абыз Шомақ... осындай тарихи тұлғалар ұмыт қалмауы керек. Облыста әзірге 78 киелі орын анықталыпты, сол киелі орындардың бәрінің жанында елді мекен бар ма екен? Сол тізбенің қатарына осы батырлар енді ме? Мысалы, Түгел батыр мен Жалаулыға ешкім бара бермейді. Ал Таймас әулиенің басына көпшілік барады. Бір мәселе: Баянауылдың ең жарқын, ең жойқын кезі Абылайдың атымен байланысты. Баянауыл Абылайдың есімін 18-ғасырдың 30-ыншы жылдарында естіді. Бұл қазақ пен қалмақ арасының ең шиеленіскен кезі болатын. 1729-1730 жылдары Аңырақай шайқасынан кейін Әбілмансұр хан тағына үміткерлердің қатарына қосылды. Осы соғыстан кейін қазақ елі Баянауылда Абылайдың құрметіне ұлан-асыр той жасады. Бұл той қазақтың «Ақтабан шұбырындыдан» кейін көрген тұңғыш қуанышы, жеңіс тойы еді. Бұл туралы Олжабай Нұралиннің поэмасы бар. Сабындыкөл жағасында Абылайдың хан сайланғаны, алаңның оң жағында оқшырайып тұрған биіктің «Абылайдың көк жартасы» атанғаны, қанжығалы Абыз Шомақтың осы тойда танымал болуы осы оқиғаға байланысты. Абылайды аға сұлтаннан хан көтерген жер осы.

Қайрат БАТТАЛОВ:

- «Абылай тасы» Қарағандыға баратын жолда тұр. Бұл Абыз Шомақтың Абылайды қарсы алған, «Шүлен той» өткен жер ғой. Жаңағы Сіз айтқан Түгел батырдың жатқан жері, Таймас әулиенің кесенесі, Ақбалық хазіреттің жатқан жері жергілікті маңызы бар киелі жерлер тізбесіне Астанадан шыққан «Қазақстанның өңірлік қасиетті нысандары» энциклопедиясына енді. «Абылайдың көк жартасы» тізімде бар, бірақ бұл нысан әлі де зерттеп, зерделеуді талап етеді. Дегенмен біз ұсынған әрбір мәлімет республикалық орталықтың сараптауынан өтеді. 18-ғасырда қазақ арасында «аға сұлтан» деген атақ болған жоқ. Бұл атақ тек қазақ арасында іріткі салу үшін және қазақ хандарының институтын жоюға бағытталған патшалы Ресейдің 1822 жылғы реформасы негізінде енгізілді. Тағы бір мәселе - осы көк жартаста Шомақ пен Абыз деген жазулар бар. Алайда бұл бір адам болуы мүмкін. «Абыз» деп ертеде елдің тәу ету жоралғыларына басшылық жасайтын, болжам жасап, жорамал айтатын беделді тұлғаны атайды. Сондықтан бұл Шомақтың ел ішіндегі қызметіне орай айтылған атау болуы әбден мүмкін. Шомақтың тұлғасы мен қоғамдық қызметі зерттеуді талап етеді.

Абызбай АДАМОВ:

- Осындай тарихи тұлғаларды, тарихи маңызы бар орындарды көпшілік ұсынуға тиісті ғой. Алайда жаңағы Абылай ханға қатысты айтқан мәліметті үлкендер ғана біледі. Бір мәселе, Жасыбай батыр республикалық тізбеге енгенде, тұғыры одан да биік тұрған Абылай неге енбейді? Неге Павлодар Абылаймен танылмайды? Неге Абылайдың біздің жерімізде болғанын танытпаймыз? Ертісте Төретұмсық, Тоқта деген тарихи жерлер бар. Олар да елеусіз қалмауы тиіс. Бақсы, балгерлер ел ішінде болған, әлі де бар. Үміт апаға кезінде көпшілік емделді, танымал болған адам. Алайда біз Үміт апа мен Абылайды, Түгел батырды, Таймас әулиені қатар қоя аламыз ба? Боқты батыр жайлы айтылған жоқ. Оның басында 13 метрлік ескерткіш орнатылды. Қошқарбай батыр, Бөгембай батыр, басқа да халық үшін басын бәйгеге тіккен батырлар жайлы мәліметтер жинақталып, жүйеленсе екен. Абылай ханның туған жылы туралы екі түрлі дерек бар: бір мәліметте 1711 жыл делінсе, енді бірінде 1713 жылғы дейді. 2013 жылы Елбасының қолдауымен Абылай ханның 300 жылдығы Көкшетауда аталып өтті. Сол жиында ханның Баянауылда болғаны туралы бір сөз айтылған жоқ. Мен бұл туралы «Егемен Қазақстанға» жаздым, «Сарыарқа самалына» да осы мақалам шықты. Мақала шығысымен Алматыдан біраз журналистер мәлімет сұрап хабарласты. Бір мысал, Атырау, Ақтау жақ Бекет атаны жақсы білгенмен, Мәшһүр Жүсіпті білмейді. Мен сол жақтың басшыларына Мәшекеңнің 20 томдығын апарып бердім. «Бізде, Атырауда 362 әулие бар, 363-ші болып Әбіш Кекілбаев қосылды» дейді олар. Әбіш Кекілбаевтың Баянауылдан Жоғары кеңеске депутат болғанын, Сұлтанмахмұт кесенесін көтеруге ұйытқы болғанын олар жақсы біледі. Алайда, Абылай ханның көк жартасының Баянауылда екенін, яғни сол дәуірде қазақ пен қалмақ арасында қандай шешуші шайқас болғанын көпшілік біле бермейді.

Ардақ РАЙЫМБЕКОВ:

- Оныңыз дұрыс. Абылай хан жайлы, жоғарыда есімдері аталған батырлар, әулие, абыздар жайлы нақты мәліметтер тауып, орталыққа дәлелдеп, енгізуіміз керек. Сондай-ақ, алдағы уақытта әр аудан, ауыл, елді мекен, жер-су атауларының тарихын, топонимикасын анықтап, тарихи кітап шығару да жоспарда тұр. Оған да қаражат бөлінеді.

Ермат БАЙҒҰРМАНОВ:

- «Сарыарқа самалы» газетінің редакциясында бүгінгі бас қосуымыздың негізгі себебі - халықтың рухани құндылықтарын анықтау, дәріптеу және осы арқылы ұрпақтардың бойында отансүйгіштік, ұлтжандылық қасиетті қалыптастыру. Бұл орайда мәдениет саласы біраз шаруалар атқарды. Десек те, бұл мәселеге бейжай қарауға болмайды. Бұл - көпшілік болып атқаратын іс, бәріміздің азаматтық парызымыз. Сакралды Қазақстан, Рухани жаңғыру деген не? Сакралды география деген – ғылыми не діни атау немесе зираттар мен кесенелер ғана емес, ол - тарихы бар ескерткіштер. Бұл ретте Жұмекең, Жұмабек Қамзинды сағаттап тыңдауға болар...

Біз Қалмаққырылғанға бірнеше рет экспедиция ұйымдастырдық. Бүгінге дейін сол жерге не археолог, не тарихшы, не өлкетанушы аяқ баспаған екен. Жол да жоқ, алыс, деректер де аз. Сол жерде 20-30-дай оба бар. Оның астында кім жатыр, қазақ па, қалмақ па? Әлде алтын киімді өз заманының әйгілі адамы ма? «Гауһар биігі», «Малайсары биігі» деген биіктер бар. Сол жаққа бара жатқан жолда Ақбалық хазірет жатыр. Ол кісі 18 жасынан Бұқараға аттанып, 21 жыл бойы оқып, ауқатты болып оралған. Заманында Құнанбаймен сыйласқан, осы өңірдегі зиялы адамдардың бәрі араласқан. Бірақ аты аталмай қалды.

Қайрат БАТТАЛОВ:

- Ертіс ауданында, жаңа аталып өткендей, тарихи тұлғалар көп. Тізімге Түгел батыр, Қошқарбай батыр, Тоқта, Найза дейтін жерлер, Сұлтанмахмұт кесенесі өңірлік тізімде жүр. Сакралды орындар дегенде оның критерийлерін тарихшылар былай белгіледі: тек діни тұрғыдан ғана емес, қазақ руханиятының өзегі болар дүниелер де қамтылуы тиіс. Ежелгі дәуірдің қасиетті орындары, түрлі үңгірлер, ежелгі адам-дардың табынып жүрген орындары мен бүгінгі қазақтың діни сеніміне сай хазірет, әулиелердің жатқан орындары, тарихи тұлғалар мен шешуші шайқастар болған жерлер. Сакралды орындарды сараптайтын комиссия құрамында жерлесіміз Жамбыл Артықбаев ағамыз бар. Алайда Қалмаққырылған неге енбей қалды? Дәлеліміз аз болды ма? Республика бойынша қалмақтармен шешуші шайқас өткен бірнеше тарихи орындар бар, кейбірі Қалмаққырылған деп аталады. Сондықтан біздегі Қалмаққырылған жөнінде әлі де нақтылай түсуіміз керек. Абылайдың көк жартасы сакралды орын тізбесіне енді, бірақ тастағы жазуында қателіктер бар.

Әбілхақ ТҮГЕЛБАЕВ:

- Ол жазуды біз Олжабай Нұралиннің поэмасынан алғанбыз. Жаңылыс айтылған тұстар бар. Тарихи негізін анықтау керек. Біздің халқымыздың тарихы жайлы мәлімет орыстың, қытайдың архивінде бар ма немесе Мәшекең жазған ба, деп емес, тарихи тұрғыдан зерттеп, зерделенуі тиіс. Екібастұздағы Ақкөл–Жайылма көпшілікке жақсы таныс. Бұл ерекше қасиетті өңір. Онда Жеміс деген әулие өткен. Халық қатты қадірлеген, ұрпақтары да бар. Түйте әулие деген адам да өткен, тасы, талы бар. Мазары басқа жерде. Сол секілді Мәшһүр Жүсіп өзінің «Қазақ шежіресінде»: «Шідерті өзенінің аяғында Ақжар, Сасай деген ноғайлылардың егін егіп, кент салып, тақ құрған, Бұқар, Қоқан хандары сықылды орда жасатқан жері екен. Өлеңтінің аяғында «Қараоба», «Сарыоба» деген екі төбе – Қарабай мен Сарыбай деген екі бай қоныс қылған екен, бұл екеуі де - қазақ байлары. Сол Сарыбайдың жалғыз қызы Баян сұлудың туған жері – Баянаула тауы...» деп жазады. Жалпы алғанда, Ақкөл-Жайылманың қазақ тарихында орны жоғары. Екібастұз қаласына қарасты Өлеңті ауылының ар жағында 10 шақырымдай жерде Өлеңті өзенінің оң жақ тұсында «Өлеңті жазбалары» деп аталатын петроглифтер бар. Бұл орынның сыры әлі ашылған жоқ. Дегенмен осындай тарихи жерлер облыстық не республикалық сакралды тізбеге енсе де, енбесе де, жазылуы тиіс деп ойлаймын. Бұл ұрпақ үшін керек.

Абызбай АДАМОВ:

- Асқардың Ханафиясы 101 жасап дүниеден өтті. Қария рухани мәселелер төңірегінде көп жұмыс атқарды. Сол кісі маған «Қарағандының Қарқаралы жағына бар, онда Абыз Шомақ ауылы отыр» деген соң, 2005 жылы анықтайын деп бардым. Расында, Боқты деген кент бар екен, Боқты батыр атында. Абыз, Шомақ атты екі бөлімшесі бар. Сол Боқты батыр Ақтоғай ауданында жерленген. Басында 14 метрлік ескерткіш орнатылған. Боқты, Төлек батырларды жастар жағы біле ме екен?

Бекен САҒЫНДЫҚҰЛЫ:

- Қазір аудан, ауыл, елді мекендердегі қариялардан ел тарихы жайлы білетіндері болса, уақыт оздырмай жазып алып қалу керек. Қаланың ішінде жүріп, ел тарихы жайлы жазу мүмкін емес, ел ішін аралау керек. Сакралды Қазақстанда қазақтың киелі жерлерінің саны 100-ден асып кеткен екен, соның ішінде біздің аймақтан 5-еу ғана еніпті. Бұл – аз. Археологиялық қазбалар, Қалмаққырылғанның енбей қалғаны ақылға сыймайды. Дәлелдей алмаған кінә өзімізден. Қалмаққырылғанның қасиеті – оның төбесіндегі кішкене үңгірде емес, сол үңгірі бар тау үстіне шықсаңыз, ата-баба қан төккен жер көз алдыңа келеді, сайрап жатыр. Алматы өңіріндегі Орбұлақ шайқасы өткен жерге олар ескерткіш орнатып қойды. Мақтаныш па? Мақтаныш, әрине! «Менің ата-бабам ана жерден келген қалмақты айналдырып әкеп осы тұста соқты» дейді. Ал Қалмаққырылғанда осы мәселе айтылмай, ашылмай жатыр. Бұл жер республикалық тізбеге енсе, көмулі жатқан көп сыр ашылар еді және бұл араның ландшафты өте үлкен. Мұндағы аң, ағаш-тал, өсімдік, қаланып қалған тастар бедері... таң қаларлық!

Әбілхақ ТҮГЕЛБАЕВ:

- Иә, Қалмаққырылғандағы шешуші шайқас жайлы Мәшекең жазды ғой: «Содан кейін қалмақ табаны қайтіп Сарыарқаға тиген жоқ» деп... Бұл – біздің өңірдегі қазақ-қалмақ шайқасының ең соңғы нүктесі қойылған жер.

Ермат БАЙҒҰРМАНОВ:

- Көктем туа Ж.Артықбаев келуге уәде етті. Түнеу күні облысқа бір топ жазушы, олармен бірге Қойшығара Салғара да келді. Ол кісі қазақ тарихын зерттеп, бірнеше кітап шығарғанын білесіздер. Осы қаламгер ағаларымыз Қалмаққырылғанның жайын естіп, көктем-жазда келмекке уәде етті. Бұл жердің ішке бүккен сыры, тарихы тарихшы, жазушыларды қызықтырып отыр.

Бекен САҒЫНДЫҚҰЛЫ:

- Енді бір мәселе, ата-бабамыздың ізі қалған жерлер мұнымен шектелмеу керек. Ресей жерінде де біздің батырлар қалды, басқа да қазақ тарихына қатысты жерлер баршылық. Оларды қалай енгізуге болады?

Қайрат БАТТАЛОВ:

- Дүниежүзілік Қазақ ұйымының сол жақтарға экспедиция ұйымдастыруына мүмкіндік бар және Г.Потанин атындағы облыстық тарихи-өлкетану музейі айналыса алады.

Сая МОЛДАЙЫП:

- Павлодарда 1928 жылы Орлов ашқан «Қазқонақ» палеонтологиялық ескерткіші бар. Қайсыбір жылы бұл ескерткіш ЮНЕСКО қорғайтын нысандар тізіміне алынады деген сөз шықты. Бұл даланың табиғи мұражайы ғой. Дүние жүзінде мұндай орындар өте сирек кездеседі. Осы «Қазқонақ» сакралды орын тізбесіне енбей ме? Мәселен, Кемпіртас, Жұмбақтас енді ғой...

Қайрат БАТТАЛОВ:

- Бұл - даулы мәселе. «Қазқонақ» - палеонтологиялық ескерткіш. Оның киелілігі жоқ. Бұл - жеріміздің географиялық тарихы. Сакралды орындар қатарына Жұмбақтас, Кемпіртас енді, өйткені олар жайлы ел аузында қалған тарихы, аңыз бар. Сакралды, киелі жерлер дегенде қазақтың рухани тұтастығын сақтап қалу басты мақсат болып тұр. Қазір бізге екі қауіп бар: орыстанудан сақтану және діни дәстүрімізге жат дүниелерді енгізбеу. Осы тұрғыдан алып қарастырылады.

Жұмабек СМАНОВ:

- Үлкендердің айтуынан қасиетті адамдар жайлы біліп келеміз, ел ішінде жиі айтылады. Бала кезден есімде, Жаңабет пен Жаңаталап ауылдарының ортасында Мәрдәбірә деген киелі жер бар. Мәрдәбірә қажы болған адам дейді. Зираты көне, үстінде қай заманнан бері қисайған ағаш бөрене тұр. Оны алуға ешкімнің дәті бармайды. Осы жер анықталса және ауыл, елді мекендердегі киелі орындарды танып, білуге мектеп оқушыларын, ел адамдары да қамтылса оң болар еді. Мәселен, мектеп музейлерінен көптеген мәліметтер табуға болады. Мәселен, біздің Ақтоғайдың Қараоба, С.Мүткенов атындағы, Әуелбек ауылдарында да осындай аңыздар баршылық. Әттең, Абызбай, Әбілхақ ағаларымыз сияқты тарихты айтып бере алатын үлкендер жоқ. Сол себептен ғалымдар, зерттеушілер ел арасына шығып, осындай орындарды зерттеу керек. Мұндай орындар облыстың, республиканың сакралды тізбесіне енбесе де анықталып, жазылып қалуы тиіс.

Гүлнәр НҰРАХМЕТОВА:

- Г.Потанин атындағы тарихи-өлкетану музейі «Рухани жаңғыру» бағдарламасына қатысты бірқатар іс-шараларды қолға алды. Соның бірі - археологиялық қазбалар жүргізуді жалғастырамыз. Алдағы жазда Әулиекөл, Қимақ қағанаты – Байдала, Кенжекөл және Железин аудандарына археологиялық, ауыл-ауылды аралауға этнографиялық экспедициялар шығады. «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында облыстың 80 жылдығына орай әр аудан, қала сакралды орындарға байланысты «Тамыры терең туған жер» тақырыбында көрме ұйымдастырудамыз. Алдымен Екібастұздың тарихи-өлкетану музейі көрме ашты. Бұл көрмелерге алдымен жастарды, оқушыларды шақырамыз. Әр аудан, қала көрмесі екі аптадан бір айға дейін болмақ. Сондай-ақ сакралды орындар негізінде деректі фильм түсіру, кітап шығару жоспарда тұр.

Жұмабек ҚАМЗИН:

- Манадан сакралды орындар жайлы көп айтылды, осы ретте әскери патриоттық жұмыстарды айналып өтуге болмайды. Біздің облыста Гүлнәр Баркенқызының ұсынысымен Ұлы Отан соғысына қатысты 2 ізденіс тобы құрылған-ды. Осы 10 жыл ішінде екі топ көп жұмыс атқарды, мәселен, біз осы уақыт аралығында 25 ескерткіш қойған екенбіз. Әлия мен Мәншүктің ерлігі дәріптелді. Жеке тұлғаның халыққа сіңірген еңбегі дегенде Ұлы Отан соғысында ерлік көрсеткен батырларымыз неге енбейді? Соғыстан аман-сау келгендер де, мүгедектер де еңбек майданына араласты ғой... Біз ауылдарды аралағанда кеңестік кезеңде қойылған ескерткіштердің сын көтермейтінін байқадық. Мысалы, Қожамжар ауылындағы ескерткішке тек 200 адамның ғана фамилиясы жазылыпты.

Сая МОЛДАЙЫП:

- Кешіріңіз, сөзіңіз аузыңызда, ескерткіш дейміз. Бір ғана мысал, Ертіс ауданында соғыс жауынгерлеріне арналған ескерткіштердің бәрі орысша жасалған, қазақ солдатының, қазақ жауынгерінің бейнесі мүлдем жоқ.

Абызбай АДАМОВ:

- Өйткені кезінде Ертіс ауданында тұрғындардың 84 пайызы өзге ұлт өкілдері болды.

Жұмабек ҚАМЗИН:

- Ресейде үш жерге Әлия Молдағұлованың ескерткіші қойылған. Соның біреуі ғана нақты қазақ қызы бейнеленген, ана екеуі - орыс қызының бейнесі. Мұндай дүниені түзетуге болар. Жаңағы Қожамжар және оның екі бөлімшесінен соғысқа 500 жігіт аттанған. Оның 316-сы қаза болған. Біз үй аралап жүріп, 116 боздақ жайлы мәлімет таптық. Ескерткіш қойылып, 184 соғыс ардагерінің толық аты-жөндерін тасқа қашап жаздық. Невель қаласында жерлесіміз Әбілқайыр Баймолдиннің ескерткіші ашылды. Панфиловтың ерлігін қайталаған, Кубаньда қазақша сөйлеген Павел Дубовой ше? Ол өскен жер, тәрбиелеген ел қандай? Ленинградтың түбіндегі алапат шайқасқа 4 мың павлодарлық жігіт қатысқан дейді. Ал «Боздақтар» кітабында тек жартысы ғана жазылған. Осындай тарихымыз рухани құндылық емес пе?! Қазір «Ерлікке жол» деген кітап дайындалуда.

Еңлік ӘБЕУОВА:

- Павлодар мемлекеттік педагогикалық университетіндегі Margulan Centre археоло-гиялық орталығы Павлодар - Ертіс өңірінің киелі жерлер ескерткіштері бойынша ғылыми тұрғыдан жүйелеп, зерделенген мәліметтерді кітап қылып шығару, жалпы көпшілікке қолжетімді және түсінікті болатын сайт жасау және екі тілде бейнефильм түсіруді жоспарладық. Елбасы Н.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақалалық бағдарламасы аясында «Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы» жобасы негізінде біздің орталық өңіріміздің сакралды орындарын анықтауда осындай іс-шараларды жүзеге асыра отырып, жаз айларында Павлодар облысы бойынша археологиялық қазба жұмыстарын ұйымдастыруды қолға аламыз. Бұлардың қай-қайсысы болсын, тарихымызды терең зерттеуге, жаңа, тың мәліметтерді алуға және ұлттық бірегейлігімізді сақтап, рухани жаңғыруға септігін тигізеді деген ойдамыз.

Түйін:

Қадым заманнан қатпарланған тарихы бар қазақтың кең даласы талай сырын ішке бүгіп-ақ жатыр. Ол – қазақтың ұлттық руханияты, ертеңгі ұрпаққа қалдырар еншісі. Сондықтан тарихи тұлғалар, әулие, абыздар, жалпы қазақ үшін қызмет қылған адамдарды, үлкен-кіші демей, киелі жерлерді анықтап, хаттап қойған дұрыс. Әрине, Абызбай ағамыз айтқан Абылай хан сынды жергілікті жерге қатысы бар ұлы тұлғалар мен батырлар, әулиелер жатқан киелі жерлер, тарихи шайқасқа куә болған Қалмаққырған сакралды орындар тізбесіне сөзсіз енуі тиіс.

Осындайда бір әңгіме еске түседі: Бір данышпаннан «Біздің келер ұрпағымыз қандай болады екен?» деп сұрапты. Сонда данышпан: «Біз келер ұрпаққа не қалдыратынымызды қарап, тексеріп көрейік, сонда олардың кім болатынын білеміз» деген екен...

Біздің де айтарымыз осы!

Дөңгелек үстелді жүргізген – Сая МОЛДАЙЫП.

saryarka-samaly.kz