Көрермен таңданысын тудырған құнды жәдігерлердің бірі – Мәшһүр Жүсіп Көпеев қолжазбаларының көшірмесі және бойтұма-рының түпнұсқасы. Сонымен қатар, ағартушы ақын Сұлтанмахмұт Торайғыровтың жеке заттары мен әнші Естай Беркімбаевтың өз қолымен жазып, қолы қойылған өмірбаяны бар.

- Мәшһүр Жүсіп атамыздың қолжазба-ларын жақында Алматыға барған сапарымда ҚР Ұлттық Ғылым академиясының сирек кітаптар қорынан сұратып алғанмын. Қолжазбада Бұқар жырау Қалқаманұлының Абылай ханмен кездесуі туралы жазылған. Құнды материалдың түпнұсқасы әлі Алматыда. Негізі Ұлттық Ғылым академиясының сирек кітаптар қорында ғұламаның өте көп дүниесі сақталған, төте жазумен жазған қолжазбаларының өзі - бірнеше кітапқа жүк болар дүние. Ал бізге соның бірнеше беті ғана келді. Жақында баба мұрасының түпнұсқаларын қолға түсіреміз деп ойлаймын, - дейді музейдің бөлім меңгерушісі Ербол Қайыров.

Музей қорында сақталып тұрған құнды жәдігерлердің бірі – Мәшһүр Жүсіптің қызыл түсті тұмары. Қасиетті тұмар ғұламаның әкесі Көпжасардың (Көпей) өзі қолданған Құранмен бірге Баянауыл ауданының Жаңажол ауылында 2008 жылға дейін сақта-лыпты. Міне, сол жылы музей қызметкерлері іссапармен барып, көне құран мен тұмарды алып келген. Бұдан басқа, белгілі қолөнер шебері Қамар Қасымовтың өз қолымен жасаған домбыралары мен ою-өрнектері де көрме төрінен орын алған. Сонымен қатар, музей қорындағы қазақ және өзге ұлт өкілдерінің музыкалық аспаптары ұсынылды. Музей қызметкері Мейрамғали Есмұханов шертер, жетіген, сазсырнай сынды ұлт аспаптарын қалай ойнау керектігін де көрсетіп берді. Көрмеге келген жұрт 1950 жылы неміс тілінде жарық көрген «Қазақ халқының ертегілері», Иса Байзақовтың «Кавказ», Нұрлыбек Баймұратовтың «Ер Төлеген», Абай Құнанбаев пен Сұлтанмахмұт Торайғыровтың «Толық шығармалар жинағы» сынды аса сирек кездесетін кітаптармен танысты.

Сондай-ақ, бұл күні жергілікті зиялы қауым өкілдерінің қатысуымен «Музей және қоғам» атты дөңгелек үстел өтті. Жиынға қатысушылар музей қызметін жандандыруға қатысты өздерінің ұсыныс-пікірлерін ортаға салды.

Тілеуберді САХАБА

saryarka-samaly.kz