Белгілі отандық әнші Роза Әлқожа қалыптастырған бренд – «Мен сыйға тартқан орамалдың» оюмен өрнектелген, көз тартар орамалдары, «Мәдени мұра» дүкенінің былғарыдан жасалған сөмкелері мен әмияндары, «Кербез» отандық фирмасы ұсынған сағаттар және «Мерхат» зергерлік ұйымының күмістен жасалған сырға-сақиналары енді бір ғана дүкенде сатылатын болды. Сауда орнының салтанатты ашылуына әнші, композитор Роза Әлқожа қатысты.

- Соңғы жылдары ұлттық нақыштағы орамалдарға сұраныстың артып келе жатқаны қуантады. Павлодар қаласындағы дүкен – ел көлемінде ашылып отырған 20-сыншы өкілдік. Өнімді шығаруға қажет шикізат Қытай мен Кореядан жеткізіліп, жергілікті жердегі цехтарда тігіледі, көмкеріледі. Біз ұсынған орамалдар тұрғындардың көңілінен шығып, жоғары бағаға ие болады деп үміттенеміз. Ал біз өз кезегімізде сапаны одан әрі арттыру бағытында ерінбей еңбек етеміз, - деді Р.Әлқожа.

Айта кетейік, «Мен сыйға тартқан орамал» сауда белгісінің өнімдері Қазақстанның үздік 100 брендінің қатарынан табылып, «Халық маркасы» тұтыну белгісіне ие болған еді. «Мәдени мұраның» былғары өнімдері де аз уақыт аралығында көпшілік тарапынан зор сұранысқа ие болды. Әуелде интернет-дүкен ретінде басталған бизнес бүгінде аясын кеңейтіп, облыс орталығында екінші дүкенін ашып отыр. Жергілікті жас кәсіпкер Әсет Сейітахметтің айтуынша, тұтынушылар үшін мол жағдай жасалған.

- Өндіруші компаниялармен жасалған келісімшартқа сәйкес, тауардың өзіндік құнына үстемеақы қоспаймыз. Яғни, делдалдық қызметсіз, тікелей сауда жүргіземіз. Себебі сатып алушылардың қалтасын қақпай, сапалы өнімді қолжетімді бағамен ұсыну – басты мақсат. Түрлі жеңілдік те қарастырылған. Мәселен, Павлодар қаласы бойынша кез келген тауарды тегін жеткізу қызметі бар, ал облыс пен ел көлемінде курьерлік қызметке жеке ақысы төленеді.

Ұлттық дүниелер біріккен дүкеннің ашылуы жергілікті тұтынушылар тарапынан оң бағаланып отыр. Қ.Әбусейітов атындағы мәдени-сауық орталығының «Сағым жылдар» ансамблінің жетек-шісі Бақытжамал Елеукенованың айтуынша, өзгенің қаңсығын таңсық көрмей, өзіміздің өнімді тұтынатын кез келді.

- Енді алысқа сабылмай-ақ, отандық өнімдерді бір жерден алуға болатынына қуаныштымыз. Қазақ «орамал тон болмайды, жол болады» деп қастерлеген халық қой. Орамал мен күміс таққан қыз-келіншектер де ажарлана түсетіні анық. Осындай ұлттық бұйымдардың бағасы қолжетімді әрі сапалы. Бауырларымыздың кәсібі табысты, сұранысы жоғары болсын деп тілейміз, - деген ниетін білдірді зейнеткер.

Құндыз ҚАБЫЛДЕНОВА

saryarka-samaly.kz