Біздің әдебиетіміз бен мәдениетімізді зерттеген Шоқан Уәлихановтың досы Г.Потанин кезінде: «Маған бүкіл қазақ даласы ән салып тұрғандай болып көрінеді», - деп жазғаны көпшілікке аян. Иә, ұлттың осынау асыл мұрасы ұрпақтан ұрпаққа тарап, бүгінге жетті, ертеңге барады. Бүгінгі қазақ балаларының арасында өнерімен өз еліміз түгілі шетелдіктерді тамсандырып жүрген Димаштай таланттар аз емес. Бір жайт, солардың арасында талабы мен таланты жанбай жатып сөнген, әсіресе ауылдық жерлерде жас таланттар баршылық. Олар ұзаса ауыл, аудан, облыста өтіп тұратын өнер байқауларында топ жарады, сонымен болды. Сол жарқ еткен жаңа жұдызды оқу-тоқуы озық шет мемлекеттерде оқыту, талабын одан әрі ұштау жағы бізде кемшіндеу секілді. Мүлдем жоқ деп айта алмаймыз, бірлі-жарымды істер атқарылуда, дегенмен ол теңіздегі тамшыдай-ақ. Жердің арғы шетіне жіберуге ата-ана қауқарсыз, өйткені бәрін қаражат шешеді. Сөйтіп, тума таланттың бүр жарып келе жатқан өнері жалп етіп өшеді. Ал о заманда қалай еді? Көпке мәлім, Баянауыл сыртқы округінің аға сұлтаны, би, шешен Шорманов Мұсаның ұлы, қазақтың алғашқы зиялыларының бірі Сәдуақас Мұсаұлы «Дала уалаяты» газетінің тілшісі болған. Осы газетке жазған бір мақаласында ол дәулетті бекер жібергенше, екі-үш жігітке ортамыздан қаражат шығарып, Томдағы медресеге орын ашқызып, оқуға жіберсек, Омбыдағы гимназияда оқытсақ... деген мазмұнда мәселе көтерген мақала жариялапты. Ал сол заманнан бастап Баянауылдан бірқатар талапты жас жігіт Ресей жерінен білім алып, нәтижесінде осы ауданнан қаншама ойы озық, білімдар, ғалым шыққаны бізге тағы белгілі. Кезінде Қаныш Сәтбаев, Жайық Бектұров сынды ғалымдар да талантты жастардың білім алуларына қолұшын берді, жолдарын ашты. Қазір ше? Қазіргі бай-манаптардан осындай ізгілікті көре аламыз ба?! Қайдам... Оның орнына шет елден жер, үй алып, сол жаққа қыдырып, қымбат көлік, ақ сарай үй тұрғызғанға, шашылып той жасағанға риза. Бір мысал, осыдан біраз бұрын Тұрсынбек Қабатов асаба болған бір тойдың көрінісі әлеуметтік желіні шарлап кетті. Таңдай қақтық. Той төріне он шақты жігіт жабылып бірнеше қабат зәулім ақ сарай бейнеленген торт әкелді. «Бұл Руслана деген кондитердің торты, салмағы 2 тонна» деп хабарлады Тұрсынбек. Торттың жиегінен күймелі ақ боз аттар шығып, айналып барады, қыз бен жігіттің бейнесі пайда болды, олар ақ сарайға еніп барады, «қазір жұбайлар бізге балконнан қол бұлғайды» дейді Тұрсынбек. Торт – ақ сарай. Ішінде шам жарқырап тұр. Осыны жасауға қаншама қаражат жұмсалды екен? Білетіндер бұл пәленбай миллион теңгенің торты деп жазды, телеарнадан да көрсетілді. Бәсекелестік деген ауру ғой, көп ұзамай тағы бір байшыкеш тойына екі қабатты үйдің бейнесін торт қып жасатып шығарды. Ой кесілді, тіл байланды. Мақтаншақтықтан әлемдік жарыс өтсе, біздің қазақ бәйгесін шаппай алатын болар.

«Аш бала тоқ баламен ойнамайды, тоқ бала аш болам деп ойламайды» дегенді естіп өстік. Одан да осы қаражатты жоқ-жітік, жетім-жесір, мұң-мұқтажы барларға, біз сөз етіп отырған талантты жастарға неге жұмсамасқа?

Балаға, өнерге, ұлттың игілігіне қамқорлық – елдің, Отанның, ұлттық руханияттың болашағына қамқорлық екенін түсінуге өре жетпей тұр-ау осы. Шымболат ақын:

Оқымаған биікте тұр бабамыз,
Оқыдық қой, неге саяз санамыз?
Асқынды ғой, асқынды ғой жарамыз,
Ей, бауырлар қайда кетіп барамыз? - деп шындықты шырқыратып тұрып айтып еді...

Сая МОЛДАЙЫП

saryarka-samaly.kz