Бұл туралы «ҚазАгро» ұлттық холдингінің мамандары мәлімдеді. Олардың айтуынша, аталмыш бетбұрыс егіс алқаптарын әртараптандыру аясында іске асырылады. Яғни, бұршақ тұқымдас дақылдар алқабының артуы ішкі нарықта өзгеше серпін туғызады.

Мәліметтерге сүйенсек, 2017 жылдың қорытындысы бойынша Қазақстанда бұршақты дақылдардың жасымық және нут түрлерін өсіру бойынша әжептәуір көрсеткіштерге қол жеткізілген. Егер 1 жыл бұрын 12,7 мың гектар осы мақсатқа пайдаланылған болса, 2017 жылы көрсеткіш үш есеге дейін өсіп, алқап көлемі 331,6 мың гектарға ұлғайған. Сондықтан сарапшылар биылғы жылы бұршақ егу бойынша рекордтық межелер орындалады деп болжап отыр.

Жасымық егуді павлодарлық шаруалар да қолға алғанын жазған болатынбыз. Мәселен, Шарбақты ауданындағы шаруашылық жасымықты 5-інші жыл қатарынан өсіріп келеді. Бұған дейін өсірілмеген жаңа өнім түрі болашақта үлкен пайдаға кенелтеді деп күтілуде. Сондай-ақ, бұршақ тұқымдас өсімдіктер топырақтың құнарлылығын арттыруға да көмектеседі екен. «Победа» шаруа қожалығы әуелде өнімнің 60 пайызына дейін жоғалтқан болса, бүгінде тәжірибелерге сүйене отырып, гектарына 14 центнерден өнім алуға қол жеткізген.

Павлодар ауыл шаруашылығы ғылыми зерттеу институтының директоры Бақыт Ермұратовтың айтуынша, ең бастысы, шаруашылықтар дақылдарды шығынсыз өсіру технологиясын игеріп алуы керек. Алдағы уақытта аталмыш дақылды өсіру үлкен сұранысқа ие болады. Болашағы зор. Жасымық экспорттық әлеуетке ие. Оны өндіру бойынша әлемде Канада елі алдына қара салмайды. Негзінен Азия елдері тұтынатын тауар. Бірақ Қазақстанда сұранысы төмен. Десе де, келешекте жағдай өзгеруі ықтимал.

Ахуалдың оңалатынына облыс әкімінің орынбасары Бауыржан Қасенов те сенеді. Оның сөзінше, егер шаруашылықтар көбірек егетін болса, өнімді өткізу бойынша мәселе туындамауы тиіс. Бұл ретте мемлекеттік «Азық-түлік корпорациясымен» бірлескен жұмыстар жүргізіледі. Өткен жылдан бастап корпорацияға астық және басқа да дақылдарды өткізу бойынша функциялар берілді. Сол себепті, бұл бағытта істер атқарылады.

Жасымық егуші шаруашылық басшысы Александр Поляков та аталған өнімнің келешегі алда деп болжайды. Экономикалық нәтиже де бар, екіншіден, бұршақтар алқаптарды азотпен тыңайтады. Жасымық өнімін көбейту арқылы шаруашылық материалдық-техникалық базасын жаңартуды, әлеуметтік мәселелерді шешуді көздейді. Жалпы, 2018 жылы павлодарлық диқандар жасымықтың егістік көлемін 10 мың гектарға дейін жеткізуді мақсат етеді.

Жалпы, әлемде бұршақ тұқымдас дақылдар алқабын көбейтуге негіз беретін сұраныс жыл сайын артып келеді. «ҚазАгро» мәліметінше, Қазақстанда өндірілетін өнімнің жартысынан көбі экспортқа жөнелтілуде. 2017 жылдың шілде-желтоқсан айларындағы кезең бойынша негізгі сатып алушылар қатарында Түркия (35,7 мың тонна), Ауғанстан (11,8 мың тонна) және Иран (7,5 мың тонна) елдері болған. Бұршақтардың арасында нуттың (түрік бұршағы деп те атайды) экспорттық әлеуеті ерекше өсіп келе жатқаны айтылады.

Бұршақтардың құрамында ақуыз көп. Сондықтан сұраныс та жоғарылап келеді. 2017 жылы бұршақ тұқымдас дақылдарының әлемдік сауда көлемі 5 есеге өскен. Әсіресе, Қиыр Шығыс және Африка елдері тарапынан импорттың күрт артуы осыған себеп болып отыр. Ең негізгі импортер ел ретінде Үндістан аталады. Жыл сайын орташа есеппен 4,4 млн. тонна сатып алады. Сондай-ақ, үздік сатып алушылар қатарынан Еуропа одағы елдері, Қытай, Түркия және Бангладеш мемлекеттері табылуда.

Қазақстандық «TriesDorfAgro» компаниясының директоры Саят Шортанның пікірінше, бұршақ тұқымдас дақылдар өсіру бағыты Қазақстан үшін тиімді бола түспек. Әрине, біраз уақыт бұрын Үндістан елі бұл өнімдерді сатып алу бойынша шектеулер қойды. Біз үшін бұршақ өсіру егіс алқаптарын әртараптандыруға қолайлы мүмкіндік туғызар еді. Солтүстік Қазақстан өңірлеріндегі жағдайға назар аударсақ, биылғы жылы бидайды сату мәселесі тағы да қиындыққа тап болды. Әзірге нарықтық емес әдістерді қолданудың нәтижесінде бидайдың бағасын ұстап тұрмыз. Арпаға қатысты да осыны айтар едік. Арпа нарығындағы жағдай тек бір ғана ел – Иранға қатысты. Егер Иран өзін-өзі арпамен қамтамасыз етсе немесе Ресей Каспий арқылы белсенді түрде жеткізетін болса, онда біздің тауар өндірушілер үшін баға мәселесі аса қолайлы болмайды. Сондықтан қазіргі әлемдік жағдайға қарамастан, бұршақ астығына басымдық беру Қазақстан үшін келешегі бар салаға айналмақ. Сөйтіп біздің еліміз аталмыш нарықта өзіндік орнын айқындайтын болады, - деді ол.

2018 жылдың 16 наурызында Астанада өтетін халықаралық «KazGrain» конференциясына қатысатын негізгі қонақтардың бірі «Хакан Агро Комодитиес Трейдинг» атты Түркияның трейдингілік компаниясының өкілі Корай Озкан болады деп жоспарланған. Аталмыш компания дәнді, майлы және бұршақты дақылдар, басқа да азық-түлік түрлері нарығына маманданған. Негізгі кеңсесі Біріккен Араб Әмірліктерінде (Дубай) орналасқан компанияның 26 шетелдік қоймасы, көлік логис-тикасы жұмыс істейді. Қазіргі кезде түрік компаниясы әлемнің 52 елінен азық-түлік сатып алып, оларды 82 мемлекетке жеткізумен айналысады.

Қазақстан Үкіметі бұршақ тұқымдас дақылдарды көбейтуге шаруаларды шақырып, оларды тиімді бағамен экспортқа өткізу мәселесін дәл осы халықаралық конференция қабырғасында бір талқылап көрмек. Мұның бәрі әлемдік нарықтың талабы болып отыр. Егер диқандарымыз оған көнбей, жоғары сұранысқа ие емес дақылдарды өсірумен шектелсе, түбі баға тығырығына барып тірелері даусыз, дейді мамандар.

Нұрбол ЖАЙЫҚБАЕВ

saryarka-samaly.kz