Жолының жағдайы жағынан облысымызда кенжелеп қалған ауданның ахуалы ағымдағы жылы айтарлықтай өзгеретіні анық. Бұл жөнінде облыс әкімдігінің аппараттық жиынында айтылды. Бүгінде конкурстық шаралар толық өткізіліпті. Облыс әкімі Болат Бақауов аудандағы ауқымды жұмыстарды атқаруға едәуір беделді әрі сенімді мердігерлер тартылғанын атап өтті. Десе де, сапасын бақылауда облыстық мәслихат депутаттарына сенім артты.

Облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Ермұрат Нұрхановтың мәлім-деуінше, биыл облыс аумағында жолдарды жөндеуге түрлі қаржы көзінен 12 млрд. теңге қарастырылып отыр. Бұл сомаға аудандық маңыздағы жолдарды жөндеуге, тас жолдарды күтіп ұстауға бөлінген қаржыны қосыңыз. Сонда барлығы 14,5 млрд. теңге биыл жолдың жайын жақсартуға бағытталады. Айта кетейік, бұл сома былтырғы қаржы көлемінен 4 млрд. теңгеге артық.

Қазіргі таңда аймағымыздағы жолдардың қанағаттанарлық қалыптағы үлесі - 78 пайыз. Облыс әкімі Болат Бақауов биыл атқарылатын жұмыстарды қосқанда «жақсы» деген бағаға лайық жолдардың үлесі қанша пайызға артатынын сұрады. Құзырлы басқарманың пайымдауынша екі пайызға өседі екен. Қыруар қаржы бөліне тұра, небары екі пайызға артатынын естіген аймақ басшысы «мүмкін емес!» деп кесіп айтты. Сондықтан басқармаға қайтадан есептеп шығуды тапсырды. Сонымен қатар, мамандар жылдар өте «қанағаттанарлық» қатарындағы-лардың біразы «тозғандар» тізіміне өтетінін тілге тиек етті. Дәл осы тұста облыс әкімі «барды тоздырмау үшін жолды бақылау инспекциясы қадағалауды қолға алсын» дегенді алға тартты. Яғни, жүк көліктеріне қойылатын шектеулердің сақталуын құзырлы орган бақылауда ұстауы тиіс.

Жалпы, биыл облыста 446,6 шақырым жол жөнделеді. Оның тең жартысына жуығы Баянауыл ауданына тиесілі. Оның ішінде, аталмыш ауданды басып өтетін республикалық, облыстық маңыздағы жолдар да бар. Е.Нұрханов биыл жөнде-летін облыстық маңыздағы жолдардың 44,5 шақырымы ресайклинг тәсілімен ретке келтіріледі. Атап өтсек, Качир-Михайловка бағытының 20 шақырымы, Чернорецк-Ольгино-Успен жолдарының бірнеше бөлігі, Ивановка-Трофимовка жолының жылдар бойы айтылып жүрген үш шақырымы дәл осы ресайклинг тәсілімен жөнделмек. Ертіс ауданындағы Панфилов-Бестөбе жолына да қаржы бөлінген. Аймақ басшысының айтуынша, бұл бағыт - аталмыш ауданның белгілі кәсіпкері Николай Миллердің «арманы». Жиырма жылдан бері осы жолдың «жырын» айтып, «жылап» келген. Енді бұл арман да биыл орындалмақ.

Ал 2019 жылы Екібастұз-Павлодар, Павлодар-Семей бағытындағы жолдардың құрылысы аяқталса, аймағымызда қанағаттанарлық жағдайға жеткен жолдардың үлесі 90 пайыздан асатыны анық, деді Б.Бақауов.

Аймақ басшысы Б.Бақауов былтыр салынған жолдардың бойындағы жол белгілерін сынға алды. Мердігер үнемдеймін деп үлкен белгілерді кішірейтіп алған ба деген күмән келтірді. Құзырлы органға барлық белгілерді тексеріп, ретке келтіруді тапсырды.

Тағы бір айта кетерлігі, биылдан бастап жолдарды күтіп ұстау міндетін алатын мердігерлермен келісімшарт бұрынғыдай бір жылға емес, қатарынан үш жылға жасалады. Бұрнағы жылдары бір жылға келісім жасаудың кесірі аз болмады. Себебі жалғыз жылға міндет жүктелген мердігер ісіне де соншалықты жауапкершілікпен қарамады. Қосымша жол тазалау жұмыстарын жүргізетін техника алуға құлшынысы да, қаржысы да болмады. Ал үш жыл белгілі бір аумаққа жауаптанатындықтан, енді олар ісіне тиянақты болады деп сенім артылуда.

Гүлжайна ТҮГЕЛБАЙ

saryarka-samaly.kz