Ауқымды әрі «ғұмыры» ұзақ

Алдымен мұндағы кеніштің директоры Федор Кравченко Бозшакөл кен орнындағы қордың 40 жылға жететінін алға тартты.

- Мыс-молибден кен орнының қоры қырық жылдан астам уақытқа жетеді. Құрамында осындай элеменеттері бар ауқымды әрі ұзақ жылдық қоры бар орындар жоқтың қасы. Салыстырып қарасақ, әлемде небары 10-20 жыл қазылатын кеніштер кездеседі. Ал жалпы кен құрамындағы минералды зат мөлшері орташа саналады. Біз екі жылдан астам мерзімде небары 90 метрлік тереңдікке түстік, 1,5 шақырымдық ұзындықта кенді қазып алдық. Ал зерттеушілердің пайымынша, кен орны батыстан шығысқа қарай 8 шақырымға созылып жатыр. Жобалық тереңдігі 350 метрге дейін қазу қажет. Демек, біз бұл тереңдіктің небары төрттен біріне ғана төмен түстік, - деді Ф.Кравченко.

Биыл кеніштен 44 млн. тонна кен қазылыпты. Бұл жоспардан 2 млн. тоннаға артық. Маманның айтуынша, кеніште жұмыс істейтін көліктердің бәрі жаңа әрі әлемдегі ең озықтары таңдалған. Сондықтан еңбек өнімділігі жоғары. Айтпақшы, мұндағы көліктердің барлығы электрондық жүйелермен жабдықталған. Мұндай жаңашылдық әр атқарылған жұмыс барысын алыстан бақылауға мүмкіндік береді. Тіпті, экскаваторда орнатылған мониторда оның шөмішінің қанша градусқа бұрылуын немесе төмендетілуі керектігі машиниске көрініп тұрады, деді кеніш директоры. Енді кеніш ұзындығы мен тереңдігі ұлғаятындықтан, бұл электронды жүйенің қамтитын аумағын да арттыру көзделіп отыр.

Сөйтіп, кеніштен тиелген кенді самосвал көліктері ұнтақтайтын орынға жеткізеді. Бұл жерден кен 2,5 шақырымдық конвейер арқылы байыту фабрикасына бағытталады.

Айтқанда аузының суы құриды

Анау жатқан Англиядан Бозшакөлге еңбек етуге келген Гай Майкл Кординли есімді азамат екібастұздық өндіріс орнының ерекшеліктері көп дейді. Бұл нысанды 21 ғасыр жобасы деп бағалап та тастады. 30 жылдан астам уақыт әлемнің түкпір-түкпірінде қызмет жасаған маманның пікірі әлбетте салмақты.

- Фабрикада орнатылған екі диірмен өте орасан. Әлемде мұндай небары 6 диірмен бар. Диірмен түскен кенді ұнша ұнтақтап береді. Ұнтаққа химикаттар қосып, мыс аламыз. Одан кейін мыс концентраты өндіріледі. Бозшакөлді әлемдік кластағы төртінші жоба дер едім. Замбия, Индонезия, Солтүстік Америка елдерінде осыған ұқсас жобаларда жұмыс істедім, - деді Гай Кординли.

Мұндағы жабдықтардың да бірегейлігін атап өтті. Бүгінде білген-түйгенін фабрикада үйретіп жатыр. Айтуынша, қазақстандық мамандар үйреткенді тез «қағып» алады екен.

Фабриканың тағы бір ерекшелігі, мұндағы жұмыстың 90 пайызы автоматтандырылған. Білдей фабриканы 6-7 адам ғана басқарады. Өйткені технологиялық үдерістер толығымен автоматтандырылған.

Айта кетейік, Бозшакөл кен-байыту комби-натында 1600 адам істесе, оның 98 пайызы – еліміздің азаматтары. Комбинат қызмет-керлеріне жан-жақты жағдай жасалғанын да айтпасқа болмас. Жұмыстан тыс уақытта жұмысшылардың тынығатын арнайы жеке ғимараты бар.

Жиналыстың не екенін білмейді

Комбинаттың бас директоры Сергей Леу де өзі басқарып отырған өндіріс орнындағы тың технологиялармен бөлісті. Білесіз бе, бұл компанияда жұмысшыларды жинап, жиналыс өткізу деген атымен жоқ. Өйткені бәрі – электрондық форматта. Бас диспетчерлік пункт бар. Кеніштің өзінде қай жерді бұрғылау керектігінің өзі - компьютерде. Ескіше арнайы барып бұрғылау орнын белгілеу жоқ. Табан тоздырып, кенішті метрлеп өлшеудің де қажеті жоқ. Оның бәрін дрон құрылғысы атқарып тастайды.

- Біздегі бизнес-үдерістер – электрондық форматта. Корпоративтік желіміз бар. Қандай да бір кемшілік көрсе, кез келген қызметкеріміз осы желіде белгілей қояды. Соған сай ұялы телефоным арқылы да тапсырма бере саламын. Орындалғаны да осы желіде жазылады. Осылайша, кез келген іс қашықтықтан тындырылады. Ақпарат алу немесе қызметкерлерге тарату үшін жиналыс жасамаймыз. Мұны да желі арқылы жүзеге асырамыз. Қағазбен жұмыс істеу бізде мүлдем болған емес. Есептілік те толығымен электронды түрде жүргізіледі, - дейді С.Леу.

Бас директор кен-байыту комбинаты осы салада жабдықтарды қолданған Қазақстандағы бірінші өндіріс орны екенін бөле-жара атады. Яғни, үздік құрал-жабдықтардың нәтижесінде шығыны төмен жоба болып саналады. Дәл осы үнемділігі жағынан әлемдегі жетекші компаниялардың көш басында тұрғанын да айтты.

- Фабрикамыздағы диірменді алайық. Посткеңестік кеңістіктегі елдерде оның баламасы жоқ. Себебі ол көрші елдердегі жабдықтарға қарағанда электр қуатын 10 есеге аз тұтынады. Бізде 30 млн. тонна өнім шығару үшін 800 адам жұмыс істесе, өзге елдерде мұндай көлем шығару үшін кем дегенде 10 мың адам еңбек етеді. Пост-кеңестік кәсіпорындардағы диірмендердегі орташа өнімділік сағатына 170-180 тонна болса, бізде сағатына 3 мың тонна өнім өндіріледі, - дейді бас директор.

Осылай ерекшеліктерін тізбектеген Сергей Леу Бозшакөлге келгенде ертегілер еліне түскендей сезінгенін жасырмады. Әрбір өндіруші үшін мұндай бірегей жобада еңбек ету арман ғой, дейді. Экологиялық залалы жоқтығын да атап өтті. Десе де, айналасын көгалдандыруды естен шығармайтындарын айтты. Былтыр 400 түп ағаш, 900 түп бұта отырғызылған.

Айта кетейік, комбинат былтыр өндірістік қуатына шықты. Сөйтіп, 30 млн. тонна кен өндірді. Шығарылған мыс концентратының 85-90 пайызы Қытай асырылады. Ал қалғаны Қазақстан мен Ресейге жіберіледі.

Гүлжайна ТҮГЕЛБАЙ

Екібастұз қаласы.

saryarka-samaly.kz