Иә, қайырылған қалың кірпікті әр ару армандайды. Көзге көрік беретіні рас. Мұны түсінген мамандар сұлуларға «сый» жасаудың тәсілін меңгеріп алып, қазір кірпіктің түр-түрін ұсынуда. Еліктеуден алдымызға жан салмайтын әдетіміз бар емес пе?! Көштен қаламыз ба? Сөйтіп, жаппай кірпік жапсыруға әуес болып алдық. Өз жолымен өспеген, күшпен кіріктірілген кірпіктің қос жанарға кесірін тигізбейтініне ешкім кепіл болмайды. Нарық заманы. Ойлап тапқанын кім-кім де тұтынушысына шаң жұқтырмай жарнамалайды. Майын тамызып түсіндіреді. Зияны жоқтығына «көз жеткізудің» алуан амалын алға тартады. Өйткені көздегені – табыс. Содан кейін сенбей көріңіз. Барасыз, әп-сәтте әдемі болып шыға келесіз. Бір рет айнаға қарап ұнатқаннан енді қайдан айырыласыз. Ай сайын әлгі салонды айналшықтайсыз да қаласыз. Ас-суыңыздан үнемдесеңіз де, қалың кірпіктен бас тарту қайда?! Ал кірпік желіммен жабыстырылады. Кірпіктің өзі де жасанды. Демек, бәрі - химиялық заттар. Ерекше күтімді қажет ететін қос жанарға жақын орналасқан бұл заттар залал келтірмей қоймасы анық. Қазіргі таңда көпшілік не нәрсенің де жылдам уысына түсе қалғанын қалайды. Сондықтан да әдеміліктің де ең төте жолын іздейді. Әйтпесе, табиғатынан бұйырмаған кірпікті түрлі майлармен, маскалармен өсіруді де косметологтар ұсынады. Оның алғашқы әдіске қарағанда әлдеқайда қауіпсіз екені анық. Бірақ айлап, жылдап сұлулықты күтуге жастардың төзімі жетпейді...

Екпе жасап, ерінді де үлкейтіп алатындар аз емес. Әсіресе, өнер әлемінде жүргендер осындайға әуес. Түрлі тәсілдермен бетінің әжімдерін тартқызып, жас көрінуге тырысатындар да жетерлік. Ұлы сөзде ұят жоқ. Өсірмейтін жерлері қалмады. Әсіресе, әйелдер қауымы кеудесін үлкейтуге әуес болып алғанын хирургтардың өзі жиі айтады. Оған кем дегенде 3-4 мың АҚШ долларын жұмсап, кейбірі «өсіргенін» өзгеге насихаттап әлек. О, тоба дерсіз... Азғындықтың бір белгісі осы екені анық.

Жалпы, пластикалық операцияға баратындар жыл санап көбейгенін ешкім жоққа шығармайды. Енді бір деректерге сүйенсек, елімізде кей ата-ана баласы кәмелет жасқа толған шағында дәл осы пластикалық отау жасатуды сыйға тартатын болыпты. Өйткені кей байлардың балаларының жаратылысынан бұйырған дене мүшелеріне көңілі толмайтын көрінеді. Содан кейін ата-анасын кінәлап, «неге мен сүйкімсізбін?» деп миын жесе керек. Сөйтіп, осындай «сый» арқылы ата-ана құлағы да тыныш табады екен...

Қазір қоғамда кездесетін санамызға жат көп дүниенің батыстан келгенін айтып, бар бәле соларда деп «көпіреміз». Бірақ, біз сөз етіп отырған пластикалық оталарға Батыс Еуропа елдерінің жұрты қырықтан асқаннан кейін ғана жүгінетін көрінеді. Ал біз ше? Біз әдетімізше «шаш ал десе, бас алдың» кебін киіп отырмыз. Тіпті, сорақысы сол, бұл да бір тәуелділіктің түрі екен. Кейбір бай бикештер бір ота жасатып алып, тоқтай алмай, тапқан-таянғанын осы отаға шашуға жақын тұрады, дейді мамандар.

Айтпақшы, арулар ғана емес, ұнамаған мұрнын түзетіп, бетінің артық-тыртығын жоюға асығатын ер азаматтардың да қатары кейінгі кезде арта түскенін мамандар растап отыр. Тағы бір деректерде пластикалық отаны қандай да бір табиғатынан ақауы бар адамдар емес, еріккендер жиі жасататыны айтылыпты.

Айта кетейік, елімізде де салондарға барып сұлуланамын деп, ажал құшқан жағдайлар да жоқ емес. Ал әлемде мұндай деректер жетерлік. Өзгенің қателігі сабақ болса дерсіз. Әй, қайдам...

Жалпы кез келген жасандылық адамның өзін-өзі, одан кейін басқаны алдаумен теңдей екені сөзсіз. Барға қанағат етіп, Алланың берген сұлулығына сүйсінген жөн ғой. Сонда қауіп те болмайды. Ал табиғатқа қарсы жүру қашан да өз таңбасын қалдырады...

Гүлжайна ТҮГЕЛБАЙ

saryarka-samaly.kz