Теңдесі жоқ

Еліміздің көліктік-логистикалық әлеуетін арттырып, транзиттік тасымалды ұлғайтуды межеге алған «Павлодар өзен порты» жыл сайын жаңғырып, жанданып келеді. Жаңа перспективалық жобалардың қарқынды дамуына ықпал етіп отырған порт ел экономикасын елеулі жетістіктерге жетелеуде. 1965 жылы негізі қаланған порт еларалық жүк тасымалы жүйесінде айрықша маңызға ие. Портқа шет мемлекеттермен экономикалық байланыстардың буынын бекітіп, сауда-саттықты жаңа сатыға көтеріп, алыс-берісті арттырып, барыс-келісті ширату міндеті жүктелген. Тіпті, өзге көршілес елдердегі көлік дәлізімен салыстырғанда, компанияның бәсекеге қабілеттілігі айтарлықтай жоғары болып отыр.

Өңірде өзен флотын дамыту басты назарға алынуда. Бүгінде аталмыш кәсіпорын еларалық сауда-саттықты дамытуға септігін айтарлықтай-ақ тигізуде. Мәселен, су жолдары арқылы Ресейге құрылыс заттары жіберіледі. Өзен порты көп көлемде қиыршық тас, көмір, тұз, ағаш, сондай-ақ, құрылысқа қажетті материалдарды тасымалдаумен айналысады. 50 жылдан астам тарихы бар мекеме бұған дейін түрлі кезеңді өткерген.

- Өзен порты - жүк тасымалы жүйесінде аса маңызды орын алатын мемлекеттік кәсіпорын саналады. Кезінде Семей, Өскемен, Орал қалаларында өзен порттары болған. Ал қазір біз - еліміздегі су жолы бойынша тауар тасымалдайтын жалғыз кәсіпорынбыз, - дейді «Павлодар өзен порты» басқарма төрағасының бірінші орынбасары Төлеген Күлжанов.

1980 жылдың ортасында «Павлодар өзен порты» ең ірі портқа айналған. Кеңес одағы кезеңінде жүк тасымалдау бойынша 40-тан астам порттың алғашқы қатарында болады. Бұл аралықта порт жылына 6,5 млн. тонна ірі жүк тасымалдаған. 2001 жылы өзен портына «Акционерлік қоғам» мәртебесі беріледі. Осы кезден бастап порттың жаңа тынысы ашылды.

Білікті мамандар һәм тегеурінді техникалар

Қазіргі күні кәсіпорында 200-ден астам білікті әрі кәсіби маман еңбек етуде. Олар кез келген жағдайға сақадай сай. Мәселен, қалқыма крандарды күнделікті тізгіндеп, Ертіс өзенімен жүйткіту - Денис Шелеговке жүктелген жұмыс. Маман су көлігінің «тілін» жақсы біледі. Ата-анасының жолын қуып, 2001 жылдан бері осы салада еңбек етіп келеді. Айтуынша, әкесі зейнеткерлікке шыққанға дейін аталмыш портта кран операторы болып, анасы өзен сапаржайында 38 жыл еңбек еткен.

- Мектеп бітірген соң ата-анамның қалауымен осында жұмыс істеуге келдім. Бастапқыда айтарлықтай қызығушылық болмады. Қызметіме орналасқан сәтте теплоходта жұмыс істедім, кейін қалқыма кранға ауыстым. Басымыздан түрлі жағдай өтті. Тіпті, 7 ай бойы отбасымызды көрмеген кезіміз болды. Қазір бәрі жақсарды, - дейді ол.

Кәсіпорында қызметкерлер үшін барлық жағдай жасалған. Негізгі жұмысқа диспетчерлер жауапты. Олардың міндеті – көлік қозғалысын реттеп, порт қызметін ұйымдастыру, крандардың, теплходтардың, порттың қызметін бақылау. Тәуліктің 24 сағаты тікелей осы мамандарға байланысты өтеді. Одан бөлек, шетелден келетін транзиттік кемелер мен портта тұрған барлық техниканың құжатын рәсімдеу де осы диспетчерлердің мойнында.

Қазіргі уақытта порт жылына 2 млн. тонна жүк тасымалын жүзеге асырады. Аумағы 12 гектар болатын аталмыш кемежайда төрт кірме жол бар. Мекеме балансында 3 көпфункциялы Water master Classic IV, V машинасы, буксирлі теплоходтар, жүк көтергіштігі 5 тонналық 4 қалқыма кран, жүк көтергіштігі мың тонналық – 11, үш мың тонналық 2 баржа және тағы басқа да техникалар бар.

Бұл жерде қызметкерлер тәулігіне 9 баржаның жүгін түсіре алады. Бұл кезекте бірінші бағыттағы жұмыс крандардың қалтқысыз қызметіне байланысты. Жалпы, портта кранның екі түрі бар. Бірі - құрлық краны болса, екіншісі - қалқыма кран. Соңғысы жүкті тасымалдаумен қатар құм шығару мүмкіндігіне ие. Ал өзен құмы - құрылыста таптырмайтын мате-риалдың бірі. Сондықтан порт аталған құмды көршілес Ресейге экспорттау жұмыстарын жүйелі түрде жүргізуде.

Айта кетейік, мұнда су арналарын тазалап, тереңдететін Финляндиядан алынған «жер-снаряд» бар. Осының көмегімен тазалау жұмыстары қарқынды түрде жүргізіледі. Финляндия-дан жеткізілген жерснаряд гидро-техникалық жұмыстардың барлық түрін атқарады. Мысалы, өзен арнасын кеңейтіп, түбін терең-детеді. Айта кетерлігі, бұл экологиялық зияны жоқ көлік түрі. Техникалық өнімділігі сағатына мың текше метрді құрайды. Құны қымбатқа түскенмен, әмбебап кешеннің тиімділігі жоғары.

Жүк тасымалдау екі есеге артқан

Соңғы жылдары өзен арқылы жүк тасымалдау екі есеге артқан. Алайда судың таяздығы кемелердің еркін жүруіне кедергі келтіріп отыр. Павлодарлық порт өзенді тереңдету жұмыстарымен соңғы 15 жыл көлемінде айналысып келеді. Осы уақыт аралығында олар тазарту жұмысы бойынша 23 жобаны қолға алған. Мәселен, компания 2 жыл бойы Жайық өзенін тазалауда бірқатар жұмыс жүргізген. Балқаш көліне құятын су арналарын тазалауда да порттың техникалары қызмет еткен. Сондай-ақ, өзен портының кемелері Орталық Азиядағы ең үлкен көпірдің құрылыс материалдарын тасымалдауға атсалысқан.

Төлеген Мұқатайұлының айту-ынша, Ертіс өзенінде порт қызметкерлерін алаңдатарлық жағдайлар бар. Соңғы жылдардағы өзен суының ластануы айтарлықтай мәселеге айналған. Осыған байланысты өткен жылы «Ақтоғай ауданындағы Түлкі өзені ағысының бастауынан Алға ауылына дейін қайта жаңғырту» бағдарламасы аясында өзеннің 23,6 шақырым аумағын тазарту жұмыстары жүргізіліпті. Бұл жұмыстар ағымдағы жылдың соңына дейін аяқталады деп күтілуде.

- Ертіс өзеніндегі қалыпты жағ-дайдың бұзылуы табиғи апатқа әкеліп соқтыруы мүмкін. Қауіптің алдын алу үшін осыдан 3 жыл бұрын жаңғырту жұмыстарының жобалық-сметалық құжаттарын дайындаған едік. Қажетті қаражат бөлінген соң жобаны бастап кеттік. Қазір Түлкі өзенін тазалауда тыңғылықты жұмыстар жүргізудеміз, - дейді Т.Мұқатаев.

Аталмыш порттағы тағы бір мәселе – өзеннің тасымал көліктеріне қолайлылығын сақтау. Еліміз Ертіс өзенін жиі тазартып, қажетті тереңдікті қамтып отырғанмен, Ресейдің белсенділігі төмен. Тағы бір түйткіл, өзеннің әлеуетіне серпін беретін мемлекеттік бағдарлама жоқ. Жүйелі істің орайын келтіруге басты кедергі - осы. Ортақ бағдарлама енгізілсе, су қатынасы өркендей түсері анық.

Қазіргі уақытта кемелер жаңа навигация маусымына дайындық үстінде. Қыс аяқталған соң қызу жұмысқа толы тағы бір маусым басталмақ. Порт қызметі жылдың үш мезгілінде, яғни көктем, жаз, күз айларында қауырт жүргізіледі. Ал навигация мерзімі аяқталған соң қызметкерлер су көліктерінің кем-кетігін түзеп, құрал-сайманын әзірлеп, келесі қызмет маусымына дайындыққа көшеді. Бүгінде сала мамандары көліктерін сайлап, айдынға шығатын уақытты асыға күтіп отыр.

Қытай да қызықты

Порт басшылығының алға қойған мақсаттары мен жүзеге асырар жұмыстары жетерлік. Халықаралық әріптестері де көбеюде. Мәселен, бұған дейін Ресейдің Омбы қала-сынан орман ағаштарын елмізге жеткізу туралы бірқатар келіссөз жүргізілген. Бүгінде жүк тасымалына Ресей ғана емес, Қытай да қызығушылық танытуда. Жақында Қытайдағы «Қарамай» ғылыми-зерттеу ортылығы басшысының орынбасары Цзяо Синь-шэн келіп, екі еларалық әріптестік туралы сөз қозғаған.

Төлеген Күлжановтың айтуынша, қазіргі таңда су жолы арқылы жүргізілетін тауар айналымы қарқынды дамып келеді. Шекарадағы рәсімдердің азаюы да тасымалдаушы ұйымға септігін тигізіп отыр. Өзен портында тәулік бойы жұмыс тәртібі ұйымдасты-рылған. Еуразиялық экономикалық одақ құрылғаннан бастап, порт кемелері көрші мемлекеттің шека-расын еш қиындықсыз кесіп өтуде. Кезінде кемелер шекарада бірнеше айлап тұратын болса, қазір тәртіп толық сақталған жағдайда жүктердің рәсімделу уақыты 1-2 сағаттан аспайды екен. Осылайша, кәсіпорында кедендік тазарту және жүк транзиттерінің рәсімдерін жылдамдату, ауыр жүк тасымалдаушы техника жүргізушілері үшін қолайлы жағдайлар жасау бойынша жұмыстар жалғасуда. Сонымен қатар, жүкті су көлігі арқылы тасымалдау, теміржол мен автокөлікке қарағанда анағұрлым арзан. Бір құрам тасымалдаған жүк 200 автокөлікті алмастырады. Бүгінгі күні бұл экологиялық таза көлік түрі саналады.

Жаңғыртуға бет бұрған

Өңіріміздің дамуына оң серпін беріп отырған қуатты құрылым елімізде де түрлі жобаларды іске асыруда. Мәселен, «Павлодар өзен порты» АҚ өткен жылы қолданысқа берілген Усолка автомобиль көпірінің құрылысына атсалысқан. «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ, «Павлодар өзен порты» АҚ және «Стальмонтаж» ЖШС өзара ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойып, көпір құрылысын жүргізген.

- Аталмыш көпір алдағы 50 жыл бойы қызмет етуі керек. Толық жарықтандырылған. Металл көпір бір қозғалыс жолағынан тұрады және 60 тоннаны көтере алады. Сондай-ақ, біз Усолка өзенін тазалау жұмыстарын да жүргіздік. Ұзындығы 24,7 шақырымды құрайтын су айдынының жағдайы нашарлап кеткен болатын. Жалпы, өзенді жаңғырту шараларын жүргізу қажеттігі 1970-інші жылдары көтерілген. Қазіргі уақытта оның гидрогеологиялық құрылымы сын көтермейді. 1960 жылдары салынған лиман дамбалары жарамсыз, бірқатарын су шайып әкеткен. Осылайша Усолка өзенінің түбін шөгінділерден арылттық. Жаңа үлгідегі шетелдік 4-класты «Жерснаряд» техникасының ерекшелігі сол, шөмішті де, тырнауышты да, сорғыны да ауыстырып салып, қолдана бересіз, - дейді Т.Күлжанов.

«Павлодар өзен порты» ерекше технологиялық мүмкіндіктері бар заманауи кәсіпорынға айналып келеді. Қазіргі кезде ауыр салмақты жүктерді сенімді сақтайтын кең алаңдар, контейнерлер паркін тиімді басқару – порт жұмысының негізгі бөлігін құрап отыр. Компанияның мүмкіндіктерін кеңейтуге арналған жобалар аясында құрылыс материалдарын өндіретін зауыт салынуда. Мәселен, Атырау қаласында балық жолдарын және кәріздік тазартқыш қондырғылар шығаратын зауыт құрылысы ойдағыдай жүргізілуде. Әлеуметтік маңызы бар нысандарды қалпына келтіру бойынша жұмыстар да қолға алынған. Жақында ауыл тұрғындарын жұмыспен қамту мақсатында Лебяжі ауданында құрылыс материалдарын шығаратын зауыт құрылысы басталмақ. Бүгінде жобалық-сметалық құжаттар әзір-лернуде. Сондай-ақ, кәсіпорын қызметкерлеріне сапалы қызмет көрсету үшін жатақханаға күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілуде.

Т.Күлжановтың айтуынша, 2016-2017 жылдары кәсіпорынның жағдайы айтарлықтай жақсарған. Өзен портының материалдық-техникалық базасын жандандыру, қалпына келтіру жұмыстарының қарқыны артқан. Кәсіпорын қазіргі уақытқа сай экологиялық зиян келтірмейтін, өзен арналарын аршуға, тереңдетуге арналған жаңа инновациялық техникалармен қамтамасыз етілуде. Жылыту қазандықтары, өндірістік және кеңсе ғимараттарында қажетті температуралық режимді сақтау үшін компанияның жылыту жүйесі ауыстырылған. Қызметкерлерді сапалы ауызсумен қамту мақсатында жаңадан су құбыры тартылған. Сондай-ақ, мұнда компания тарапынан зейнеткерлерге, кәсіпорын ардагерлеріне тұрақты көмек көрсетіліп тұрады. Мәселен, өткен жылы кәсіпорын Жаңаауыл ауылында балаларға арналған ойын алаңын салып берген. Т.Күлжановтың айтуынша, кәсіпорынның алға қадам басуы - білікті де білгір басшы, «Павлодар өзен порты» АҚ-ның Басқарма төрағасы Тілеубек Рымбекұлы Нұрсейітовтің еңбегінің жемісі. Айта кетейік, Тілеубек Рымбекұлы 2016 жылдан бастап басшылық етуде. Мұндағы қызметкерлерінің айтуынша, ол басқарған аз уақыттың ішінде кәсіпорын ірі жобаларды жүзеге асырып, біршама жетістікке жеткен. Олар алдағы уақытта білікті басшының әлі де талай биіктерге жетелейтініне бек сенімді.

Түйін:

Өзен портының жұмысымен танысу барысында оның облыс, ел экономикасында ерекше мәнге ие екендігіне тағы бір көзіміз жетті. Жарты ғасырдан астам уақыт бойы қалтқысыз қызмет көрсетіп келе жатқан кәсіпорын осы уақыт аралығында еларалық қатынасты нығайтып, сыртқа өнім экспорттауда біршама дәрежеге жетті. Компанияның алға қойған мақсаты - айқын, жоспары - ауқымды. Олар сәтті жүзеге асып, өзен арқылы өтетін өнім көп болса, өрлейтініміз анық.

Мереке АМАНТАЙ

saryarka-samaly.kz