Тағылымды шараны ПМПУ-дің Е.Бекмаханов атындағы ғылыми кітапхана ұжымы ұйымдастырды. Меймандар ретінде белгілі жазушы Ғалымбек Жұматов, филология ғылымдарының докторы Сейфитден Сүтжанов және «Сарыарқа самалы» газетінің бас редакторы, қабдыкәрімтанушы Нұрбол Жайықбаев қатысты. Ақынның немере қарындасы Дәметкен Әбдіғалымқызы жекелеген себептермен қатыса алмады. Бірақ оның бейне естелігінен үзінді көрсетілді.

Қабдыкәрім Ыдырысов 1928 жылы 27 қаңтарда Куйбышев ауданы, қазіргі Ақтоғай ауданының Өтес ауылында («Жаңа ұйым» колхозы) дүниеге келген. Әкесі Ыдырыс Мұстафин нақақтан-нақақ ұсталып кеткенде, болашақ ақын 9 жастағы бала болатын. «Халық жауының» жесірі Жекен ана жалғыз тұяқ Қабдыкәрімді адам етіп өсірудің барлық бейнетіне төзеді. Ұлы Отан соғысы жылдарында, небары 12 жасында ауылсовет хатшысы болған, соғыс аяқталған соң Павлодар қаласында завод жұмысшысы, сол кездегі «Қызыл ту» газетінің курьері болып та жұмыс істеген. 1952 жылы танымал ақын, жерлесіміз Қалижан Бекхожиннің көмегімен отбасын Алматы қаласына көшіріп әкетеді. Ол жақта қиын тіршіліктің қамытын сүйрете жүріп, әдебиеттен өз бақытын іздеп табады.

Қабдыкәрім Ыдырысовтың рухани ағасы Қалижан Бекхожинге арнаған өлеңінде «Алматыға алты өлеңмен сүйреген» деген жолдар бар. Бұл – шындық. Алматыда Қабдыкәрім ақынға, сондай-ақ, Мұзафар Әлімбаев та жанашырлық танытқан. Сөйтіп, болашақ ақын «Қазақстан пионері», «Балдырған» секілді журналдарда өлеңдері басылып, кейін жазушылар одағының басшылығында, «Жалын» баспасында директорлық қызмет етеді. 1978 жылы 50 жылдық меретойын туған жері Павлодар облысында атап өтеді, салтанатты кездесуге атақты ақындар Жұбан Молдағалиев, Сағи Жиенбаев, композитор Әсет Бейсеуов бірге келген. Бірақ тағдырдың жазуымен, Қабдыкәрім ақын 50 жасында дүниеден озды. Артында төрт ұлы қалды. Оның қасіретті қуған-сүргін тақырыбында жазылған алғашқы қарлығаш шығарма – «Әке жолы» поэмасы көпшілікті дүр сілкіндірді. Көптеген лирикалық өлеңдерінен басқа, ақынның сөзіне жазылған «Қайдасыңдар, достарым?» (әні Әбілахат Еспаевтікі), «Баянауыл вальсі» (әнін жазған Нұрғиса Тілендиев) секілді тамаша әндер елге кеңінен таралған. Өзі де ұмытыла бастаған, ескі халық әндерін, соның шінде «Айнам-ау» әнінің сөзін қайта қалпына келтіргенін естеліктерден білеміз.

- Бүгінде жерлестері Қабдыкәрім Ыдырысовтың есімін ұлықтауды ұмыт қалдырған емес. 2013 жылы ақынның 85 жылдық мерейтойына орай Қабдыкәрім Ыдырысовтың мемориалдық тақтасы өзі білім алған Павлодар педагогикалық колледжінің қабырғасында орнатылды. Сондай-ақ, біздің құрастыруымызбен «Туған жер – төрім мәңгілік...» атты естелік, өлең, публицистикалық шығармалар жинағы жарық көрді. Туған жері – Ақтоғай ауданы Әуелбек ауылдық округінде, өзінің атындағы орта мектепте жеке мұражайын ашуға қол жеткіздік. Енді ақынның 90 жылдығына орай мерейтойлық шаралар бүгін осы кітапхана төрінен басталып отыр деп білеміз, - деп атап өтті өз сөзінде қабдыкәрімтанушы Нұрбол Жайықбаев.

Жазушы Ғалымбек Жұматов Қабдыкәрім өлеңдерінің табиғатын сөз ете келе, мінезінің ерекшелігіне тоқталды.

-Қазақта ақын көп, дегенмен, олардың арасында даралығы, көркемдігі бөлек ақындар бар. Солардың бірі – Қабдыкәрім Ыдырысов. Ол кісінің кезінде қалам ұстаған інілеріне көрсеткен қамқорлығы туралы да айтуға болады. Студенттердің осындай дара ақынды танудағы ізденістері, зерттеулері нәтижелі болсын деймін. Осылайша адамгершілік жолында өніп-өсетін болады, - деді Ғалымбек Сағымбайұлы.

Профессор Сейфитден Сүтжанов Алматыда жоғары оқу орнын тәмамдаған соң жұмысқа орналаспақ болғанда көмек қолын созған сол кездегі Мемлекеттік кітап палатасының директоры Қабдыкәрім Ыдырсов болған екен.

- «Осы ақын ағаның бауырмалдығы жақсы, әрі өзіңнің жерлесің» деп, алдына мені курстас досым Бекен Ыбырайым жетектеп алып барып еді. Сонда Қабағаң қолдап, уақытша жұмысқа алайын деді. Кейін өзі ашқан «Жалын» жастар баспасына басшылық қызметке ауысты. Осы жақсылығын ұмытпаймын, - деді Сейфитден Назымбекұлы.

«Туған жер – төрім мәңгілік» атты әдеби-музыкалық кеште Қ.Ыдырсовтың мұрағаттық суреттерінен слайдтар көрсетілді. Сондай-ақ, талапкер студенттер ақын өлеңдерін оқыды. Ақының көзі тірісінде «Өмір гүлі», «Саяхатта», «Ол кезде он үште едік», «Әрқашан күн сөнбесін», «Аршында, балақай» атты жинақтары жарық көрген. Кешті студент Пансатбек Галима ақынның «Керекуім» өлеңін оқып ашты. Әрі қарай орыс тілі және әдебиеті кафедрасының студенті Дина Әжікеева Қ.Ыдырысовтың орысшаға аударылған өлеңін - «Мой край» шығармасын, филология және тарих факультетінің студенттері Күмісбек Данагүл «Әке жолы» поэмасынан үзінді, Құрманқұл Абай «Күлші, ана, күлші тағы да» өлеңін нақышына келтіре оқыды. Ал Өміртай Аягүлдің орындауындағы «Келші, келші, балашым» әні (сөзі Қ.Ыдырысовтікі, әні Е.Хасанғалиевтікі) мен Хамалхан Жұлдыздың шырқаған «Қайдасыңдар, достарым?» әні кештің сәнін асырды.

Бұдан соң Бұқар жырау атындағы әдебиет және өнер музейінің қорында сақтаулы тұрған ақынның жеке затары мен суреттерінен мәліметтер берілді. Кеш барысында жас ақын студенттер өз шығармаларын да көпшілікке ұсынды.

Е.Бекмаханов атындағы ғылыми кітапхана алдағы уақытта осы жылы мерейтойлары атап өтілетін Мәшһүр Жүсіп Көпеев, Сұлтанмахмұт Торайғыров, Естай Беркімбаев, тағы басқа қайраткерлердің шығармашылық кештерін өткізуді жоспарлауда. Қ.Ыдырысовтың мерейтойына арнайы шара өткізу ұсынысын кітапхана директоры Роза Игібаева айтқан еді. Кеш соңында кітапхана директорының орынбасары Қарлығаш Төлеубаева қатысушыларға естелік кітаптар мен алғыс хаттар табыс етті.

Н.ҚАНАТБЕКҰЛЫ.

saryarka-samaly.kz