Ақынның «Жүректен шыққан сырлы сөз» атты шығармашылық кешін С.Торайғыров атындағы облыстық әмбебап кітапханасы жанынан құрылған «Өркен» жас қаламгерлер клубының мүшелері ұйымдастырды.

Ән әуелеп, жыр толқыған әсерлі кеште өмірден көрген-білгені мол кеш иесі тыңдармандарына әсерлі әңгімелер айтып, сыр шертті.

Қарлығаш Қашқымбай, Досжан Мұратбек секілді жас буын өкілдері Шолпан апайдың жырларын оқып, көрерменнің ыстық ықыласына бөленді. Шарада «Сағым жылдар» әжелер ансамблі мүшелері кеш иесін арнайы құттықтап, шашу шашты.

Осыдан біраз уақыт бұрын Шолпан Байғалының «Ауылым», «Туған жер» атты өлеңдеріне жергілікті сазгер Мейрам Ермекбаев, «Атама», «Қоштаспаймын» атты өлеңдеріне Қайырбек Сәтиевтер ән жазған. Кеш барысында шалқар шабыт иесінің сөзіне жазылған әндер орындалды.

Шолпан апай ақындық өнерімен ғана емес журналистика саласында да жақсы танылған жан. Оның облыстық «Қызыл ту» (қазіргі «Сарыарқа самалы») газетінде, облыстық телеарна мен радиода атқарған еңбектері мен өзекті бағдарламалары әлі күнге дейін көпшіліктің есінде.

Шарада кеш иесінің өмір жолынан сыр шертетін бейнематериалдар да көгілдір экран арқылы ел назарына ұсынылды.

Бұдан соң шығармашылық кешке жиналғандар ақынға көкейлерінде жүрген сұрақтарын қойып, жауаптар алды.

Шолпан апайдың айтыскер ақын ретінде де суырып салма өнері бар. Ол өткен ғасыр соңындағы айтыс сахнасына домыра алып шыққан саусақпен санарлық қазақ қыздарының бірі. Кеш соңында жергілікті жас ақындар Жандос Жетпісов пен Аманжол Бибала ақын апаларының батасын алу мақсатында кеш иесімен сөз сайыстырып, әдемі айтыс жасады.

Алпысбай ХОНЖ

saryarka-samaly.kz