Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев ел Үкіметінің алдында арнайы экономикалық аймақтардың жұмысын қайта қарауды тапсырған болатын. Себебі кейбір өңірлердегі мұндай аймақтар өз тиімділігін дәлелдей алмай отыр. Ал облысымызда жағдай өзгеше. «Павлодар» арнайы экономи-калық аймағы инвестиция тартудың тиімді орнына айналуда. Оған облысқа жұмыс сапарымен келген «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры» АҚ төрағасының орынбасары Алик Айдарбаев көз жеткізді. Мәртебелі мейман облыс әкімі Болат Бақауовпен бірге өңіріміздегі маңдайалды кәсіпорын-дарды аралап, жұмысымен танысты. Облыс орталығында арнайы экономикалық аймақты дамыту мәселесі жөніндегі жиынға қатысты.

Сапарын Екібастұз қаласынан бастаған ол жергілікті ГРЭС-1 және ГРЭС-2 станцияларында, «Энергоспецстрой» ЖШС, «Greenhouse KZ» ЖШС-інде болды. Павлодар қаласында А.Айдарбаев «Нефтехим LTD» ЖШС-не ат басын бұрды. Сондай-ақ, арнайы экономикалық аймақтағы бірқатар кәсіпорындарды аралады. Мұнда «Самұрық-Қазына» АҚ төрағасының орынбасарына сәтті жүзеге асырылған жобалар мен болашақта қолға алынатын тың бастамалар таныстырылды. Атап айтсақ, «Каустик» АҚ екінші кезегін іске қосып, қуатын 40 мың тоннаға арттыруды жоспарлап отыр. Сол арқылы Қазақстан нарығын каустик содасымен толық қамтымақ. Ал «АгроХимПрогресс» ЖШС глифосат өндірісін іске қоспақ. Сапар барысында белгілі болғандай, дәл осындай жобалар Жамбыл облысында да жүзеге асырылмақ. Алайда олардың жобалық құны павлодарлық кәсіпорындар ұсынып отырған жобаларға қарағанда бірнеше есеге артық. Мысалы, Жамбыл облысында жаңа химиялық зауыт салуға 150-200 млн. АҚШ доллары көлемінде қаражат қажет. Ал «Каустик» АҚ-ның екінші кезегін құруға 30 млн. АҚШ доллары жұмсалады. Глифосатқа келер болсақ, гербицидтің осы түрі бойынша еліміздің оңтүстік өңірінде жаңа өндіріс орнын ашуға 150 млн. АҚШ доллары шығындалмақ. Есесіне, ел нарығында он жылдан астам уақыт бойы жұмыс істеп жатқан «АгроХимПрогресс» ЖШС бұл өндіріске бар болғаны 20 млн. АҚШ долларын жұмсап, оң жолға қоя алады. Себебі мұнда дайын инфрақұрылым бар. Онымен қоса, өндіріске қажетті шикізаттар да Павлодарда шығарылады. Сондықтан аталған серіктестіктің аз шығын жұмсап, сапалы, бәсекеге қабілетті өнім шығара алатын қауқары бар.

А.Айдарбаев қазынадан қыруар қаржы жұмсап, жаңа өндіріс орнын ашқаннан гөрі, жұмыс істеп тұрған кәсіпорындардың қуатын арттыру әлдеқайда тиімді екенін атап өтті.

- Бүгінде «Самұрық-Қазына» қоры жаңа даму стратегиясын дайындауда. Оған сәйкес, елде бар өндірістерді дамытуға тырысамыз. Отандық өндірушілер арасында артық бәсеке тудырмау қажет. Павлодар облысының арнайы экономикалық аймағында жүзеге асыруға жоспарланған жобалар еліміздің басқа да өңірлерінде қолға алынбақшы. Демек, бұл мәселені мұқият саралау қажет. Бюджет қаржысын жаңа өндіріс орнын ашуға емес, бүгінде табысты жұмыс істеп тұрған кәсіпорындарды қолдап, дамытуға жұмсаған дұрыс шығар, - деді «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры» АҚ төрағасының орынбасары.

Павлодар облысының әкімі Б.Бақауовтың сөзіне сүйенсек, жергілікті арнайы экономикалық аймақта тек химиялық және мұнай-химиялық өндірістерді емес, алюминий кластерін дамытуға да күш салынады.

- 2025 жылға дейін «Павлодар» арнайы экономикалық аймағында 20 кәсіпорынды іске қосу жоспарлануда. Инвестиция көлемі 150 млрд. теңгені құрамақ. Аталған кәсіпорындар шикізат ретінде 150 мың тонна алғашқы алюминий тұтынатын болады. Биыл Польша елінің «Группа Кети» компаниясы алюминий профильдерін шығаратын кәсіпорынды жобалау жұмыстарын бастайды. Мұндағы инвестиция көлемі 28 млрд. теңгеге жетпек, - деді аймақ басшысы.

Сондай-ақ, Болат Жұмабекұлы бүгінде «Павлодар» арнайы эконо-микалық аймағы еліміз бойынша үздіктер қатарында екенін атап өтті. Мұнда жұмсалған қазына қаржысы инвестиция ретінде еселеніп қайтуда. Дегенмен, бұл салада шешімін күткен мәселе де жоқ емес. Бүгінде арнайы экономикалық аймаққа 17 пайыз көлемінде ғана инженерлік коммуникация тартылған. Б.Бақауов осы мәселеде «Самұрық-Қазына» қорының өкілдерінен қолдау күтетіндерін жеткізді.

Данияр ЖҰМАДІЛ

saryarka-samaly.kz