Бұдан былай Павлодар өңірінің дарынды жастары өздері ойлап тапқан ғылыми және бизнес жобаларын жетіл-діру үшін арнайы ІТ орталығында білім ала алады. Жастардың ақпараттық-технологиялық білімдерін жетілдіруге бағытталған кабинет жақында облыс орталығындағы Жастар бастамаларын дамыту орталығы жанынан ашылды. Елімізде алғаш болып құрылған ІТ орталықтың тұсаукесер шарасына ҚР Дін істері және азаматтық қоғам вице-министрі Абзал Нүкенов пен облыс әкімінің орынбасары Мейрам Бегентаев қатысты.

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев биылғы Жолдауында цифрландыруға, IT және инжинирингтік қызмет көрсетуді дамытуға ерекше маңыз бергені мәлім. Бүгінде ІТ технологиясын дамыту бағытында Павлодар өңірінде ауқымды жұмыстар атқарылуда. Еліміздегі алғашқы ІТ орталықтың бізде жасақталуы да соның дәлелі. Орталық жетекшісі Дархан Шүренов әңгімелеп берді. Оның сөзінше, мұнда 14-29 жас аралығындағы жас ғалымдар білімдерін жетілдіріп, өз жобаларын іске асыруға мүмкіндік алады. Мысалы, робот техникалар құру, мобильдік қосымшалар ойлап табу және сайттар ашу сынды тың жобалармен айналыса алады. А.Нүкенов еліміз бойынша мұндай орталықты алғаш көргенін айтты.

- Елбасының алға қойған мақсат-тарының бірі – «Цифрлық Қазақстан» жүйесін құру. Қазіргі заманды «Төртінші өнеркәсіптік даму кезеңі» деп айтуға болады. Сондықтан мұндай орталықтар бізге ауадай қажет. Бұл орталықта инновациялық технологияларды меңгеріп қана қоймай, жас ғалымдар тың дүниелер ойлап табуы керек. Жаңа технологиялардың еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуына қосар үлесі зор. Ол үшін кейінгі жастар бұрын игерілмеген жаңа мамандықтарды игеруі маңызды. Екіншіден, мұндай жаңа жобаларға жергілікті кәсіпкерлер де қаржылай қолдау көрсететін болса, кейін өздеріне қыруар табыс әкеледі. Яғни, инвесторларды көптеп тартуымыз керек, - деді ол.

Жиын барысында өңіріміздегі түрлі жоғарғы оқу орнының студенттері мен мектеп оқушылары өздерінің стартап жобаларымен таныстырды. Солардың бірі – С.Торайғыров атындағы ПМУ студенті Әлия Тукуева. Ол өңіріміздегі туристік қызмет көрсету саласын дамытуға бағытталған «KazGeoTour» мобильді қосымшасын көрсетті.

- Біздің елде демалыс орындарына онлайн түрде тапсырыс беру қызметі жоқтың қасы. Бұл – осы олқылықтың орнын толтыру мақсатында құрылған мобильді қосымша. Яғни, еліміздегі және өңіріміздегі халық көп баратын саяхат орындары туралы мағлұмат алып, оған онлайн түрде тапсырыс беруге болады. Сонымен қатар, облыс орталығындағы музейлер мен театрларда және басқа да мәдени-сауық орындарда атқарылатын іс-шараларға осы қосымша арқылы билет сатып алу қызметін іске қоспақпыз, - дейді студент.

Сондай-ақ, ҚР Дін істері және азаматтық қоғам министрінің орынбасары «Қазақстан электролиз зауыты» АҚ-на ат басын бұрып, кәсіпорын базасындағы «Жас Отан» жастар қанаты бөлімшесінің ашылуына қатысты. «Жас Отанның» облыстық филиалының төрайымы Санира Жүсіпованың сөзінше, енді зауыт қызметкерлеріне мекенжай анықтамасын, жылжымайтын мүлік және сотталмағаны жөніндегі құжат-тарды алу үшін Халыққа қызмет көрсету орталығына барудың қажеті жоқ. Барлығын осы бөлімшеден рәсімдеуге мүмкіндік бар.

Абзал Нүкенов Павлодар қаласындағы «Еріктілер үйінде» болды. Клуб жетекшісінің сөзінше мұнда әртүрлі қайырымдылық шаралармен айналысатын тоғыз ұжым бар. Олар тегін қызмет көрсетіп, көптің ризашылығына бөленуде. Павлодар облысындағы университеттер мен колледждерде осы бағытта жұмыс істейтін 20-дан астам ұйым бар. Оның үшеуі «Қазақстан алюминий зауыты», «Қазақстан электролиз зауыты» және «Кастинг» сынды ірі кәсіпорындардың ішінде.

- Басында бұл қозғалысты рәсімдеуге қарсы болғанмын. Ал, қазір ол ойымнан айныдым. Мұнда үлкен жұмыстар әрі өзгеге өнеге болар қайырымдылық шаралар атқарылуда. Жалпы, барлық еріктілер – үлкен жүректі жандар. Болашақта мемлекеттік «Дарын» жастар сыйлығына «еріктілер» номинациясын қосуды қарастырамыз. Әзірге «Жыл еріктісі» байқауы бірнеше аталым бойынша өңірлік деңгейде ғана өтуде. Жалпы, Павлодардағы «Еріктілер үйін» Қазақстандағы еріктіліктің эталоны деп бағалау керек, - деді Абзал Нүкенов.

Тілеуберді САХАБА

saryarka-samaly.kz