Ғабдолла Бейсенбаевтың туған жері - Качир ауданына қарасты Қызылтаң ауылы. Орта мектептен кейін кооперативтік техникумды аяқтаған жас жігіт 1938 жылы әскер қатарына шақырту алады. Отан алдындағы азаматтық борышын Мәскеу әскери округінің артиллериялық полк құрамында өтейді. Әскерден кейін Одессадағы артиллериялық училищені аяқтап, алған білімі мен тәжірибесін қан майданда дәлелдеп, үлкен ерлік танытты.

- Әскери борышымыз аяқталғаннан кейін үйге ораламыз деп қуанып жүрген болатынбыз. Бірақ бұл арманымыз орындалмады. Бізді 1939 жылы кеңес-фин соғысына алып кетті. Желтоқсанның 28-і күні Финляндия шекарасын бұзып кіріп, Маннергеймге дейін басып алдық. Соғыс 12 наурызда аяқталды. Осыдан кейін үш күн өткен соң, Одессаға оқуға кететін болдым. Командирлеріміз осында әскери қызметте қалуымды бұйырды. Келістім. Ол жақта артиллерия, пулемет, миномет және жалпы әскери мектептерінен өттім. 1941 жылдың маусым айында Ұлы Отан соғысы басталды. Мен Панфилов дивизиясының құрамына қабылданып, Мәскеуді қорғау шайқасына араластым. Біз қорғаған аумақтан жаудың бірде-бір танкісі өте алмады, - деп ардагер майданда өткен күндерін еске алды.

Ғабдолла ата 1943 жылы екі мәрте ауыр жарақат алып, госпитальға түсті. Майдангер осы ұрыстардың бірінде бір аяғынан айырылып, соғыстан босатылды. Елге келгеннен кейін де қарап жатпай еңбек майданына араласып, әртүрлі лауазымды қызметтер атқарды. Ардагер әр жылдарыІ дәрежелі «Отан соғысы», «Қызыл жұлдыз» ордендерімен және «1941-1945 жж. Ұлы Отан соғысында Германияны жеңгені үшін» медалімен марапатталған.

- Алланың қалауымен талай қанды ұрыстардан аман шығып, отбасыма оралдым. Бүгінде немере, шөбере, шөпшек және немене сүйіп, солардың қызық-қуанышымен тыныстап отырмын. Қазір күні-түні тілейтін жалғыз тілегім бар. Ол – енді соғыс болмаса екен. Біз көрген азапты күндер болашақ ұрпақтарымыздың басына түспей, бейбіт күнде шат-шадыман ғұмыр кешсін, - деген ақ батасын берді жүзге толған қария.

Қария бүгінде Павлодар қаласында тұрады. Сенбі күні облыс басшысы Болат Бақауов майдангердің шаңырағына барып, ақсақалға шапан жауып, теледидар тарту етті.

- Бүгінгі күн сіз үшін ғана емес, барша отандастарымыз үшін қуанышты мереке. Себебі өзіңіздей дана қарияның ортамызда аман-есен отыруы – үлкен қуаныш. Ауырмай-сырқамай ұрпақ-жұрағатыңыздың қызығы мен қуанышына кенеліп, ақылшысы болып отыра беруіңізге тілектеспін, - деді Болат Жұмабекұлы.

Осы күні майдангердің шаңырағына Железин ауданы әкімдігі мен облыстық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының, «Павлодар мейірімділер клубы» мен «Замандас» ардагерлер қоғамдық бірлестігінің және «Сбербанк» АҚ-ның өкілдері арнайы келіп, құттықтап қайтты.

Тілеуберді САХАБА.

saryarka-samaly.kz