Мәшһүр Жүсіп халықтың қараңғылықтан шыға алмай жүргенін, шала сауатты молдалардың мал таппақ әрекетінен және ескілікті аңсаған байлардың сараңдығынан екенін түсінгендіктен, «Жаман әйел туралы», «Жақсы әйел», «Әйелдер туралы», «Ұқыпты әйел», «Момынның әйеліне шығарғаны», деген сын үлгісінде жазылған өлеңдерін қыз мәселесіне арнаған. Қыз баланы күшпен тұрмысқа беру салтын құптамаған Мәшһүр Жүсіп «Дала Уалаяты» газетінің 1890 жылғы кезекті санында: «һәм әбден ер жеткен соң, өзінен ризалық сұрап, ықтияр қылған жеріне берсе керек. Ер бала болсын, қыз бала болсын, өзді-өзі ықтиярласып қосылған соң, бұлардан жанжал, ұрыс, талас анда-санда болмаса, шықпайды және бір-біріне махаббатты болып, бұлардан туған бала һәм жақсы туады», деп білімсіздік пен теңсіздіктің ектек алуына жол бермей, күресу керек екенін жазады. Қазақ қыздарының қалың малға сатылуы, күшпен сүймеген адамға ұзатылуы, «әйелдің шашы ұзын, ақылы қысқа» деп кемітуге жол бермеуді мақсат тұтқан ақын өлеңдерінде махаббаттың құдіреті мен адалдық пен ғашықтықты жырлап, ескіліктің шырмауын бұзатын жол іздейді.

Мәшһүр Жүсіп әйелдің бейнесі төңірегіндегі өнегелі ой-толғамдарын «Ұқыпты әйел», өлеңінде өрнектеп кеткен. «Бидайдың барар жері - диірмен» демекші, қияға ұшып, жарын тапқан келіннің ұқыптылығын бейнелейді.  «Түзеп бақ үй-жайыңды күні бұрын», деп үй шаруашылығына үлкен жауапкершілікпен қарау керектін ескертеді. «Екінші тәтті (тәтлі) болсын ішер асың, Ұмтылып, шауып тұрсын ықыласың» деп аспаздық өнердің болуын, «Суымен (шуымен) қандыр мейман тойдың-дағы», деп қонақжайлылығын, «Байын сыйлап жетеді ол мұратқа» деп, мәдениеттілігін, сүйгеніне деген қошеметін, «Жаяды жайнамазын құбылаға» деп, имандылығы мен әдептілігіне бас иіп, қысқа да нұсқа айшықтап, жеткізуге тырысқан. Отбасының негізгі ұйытқысы болғандықтан, бойжеткеннің жан-жақты шеберлігін сипаттай отыра, «он саусағы майысқан, бармағынан өнер тамған шебер» болуы шарт екенін ескертеді.

Ел арасында сақталған жыр-дастандарда, қазақ қызының жан-дүниесі нәзік, инабатты екені жиі баяндалады. Ғасырлар бойы ел аузындағы аңыз-әңгімелерге, батырлар жырына, ән-жырға арқау болған  қайсарлық пен даналықтың иесі әйел заты екені айдай анық. Абай Құнанбаев:

- Білектей арқасында өрген бұрым,
Шолпысы сылдыр қағып жүрсе ақырын,
Кәмшат бөрік, ақ тамақ, қара қасты, - деп қыздың әсемдігін, көріктілігін сымбаттылығын ерекше жырға қосса, Сұлтанмахмұт Торайғыров арудың сұлулығын дене бітімімен байланыстырып:

- Жұмыр бас, дөңгелек бет, орта бойлы,
Толық шеке сыпаттар терең ойды.
Тік иық, шын бұраң бел қардай еті,
Сұлу сымбат көркіне көңілім тойды, -деп сипаттайды.

Қазақ қызына байланысты айтылған: бота көзі мөлдіреп, аққудың көгілдіріндей, ақмаралдай керілген, қызыл жүз, иісі гүл аңқыған, нұры күн шалқыған, ақша жүз, алқызыл бет сияқты толып жатқан тіркестер де сұлулық ұғымынан туындаса керек. Ел арасында: «Қыз емес, қыздың аты - қызыл алтын, Көрінер туған Айдай жүзі жарқын», деген де ұлы сөз бар. Қыздың сұлулығы мен сырт пішінін бейнелейтін маржан сөздер әр ақын-жазушының шығармаларында, ғашықтық жырларында орын тапқан. Көне көз қариялардың сөзіне құлақ түрер болсақ, қыз сұңғақ бойлы, сыңғырлаған дауысты келеді. Оймақ ауыз, күлім көзді, жайдары мінезді болған. Мұхтар Әуезов «Абай жолы» романында «Мінсіз аппақ тістері қолмен қойғандай. Екі бетіндегі нәзік жарастық қызылы, асығып күткен қызыл арай таң сәріндей» десе, Сәбит Мұқанов «Мөлдір махаббат» романында «... шынында да үлде мен бүлдеге оранған, асыл тастармен, алтын бұйымдармен безенген, талдырмаш сұңғақ бойлы, сұлу кескінді қыз!» деп тамсана отырып жазады. Бұдан ақылына көркі сай, көздері нұрлы, денесі сымбатты, жүрісі ұнасымды қыз кімді болса да тамсандыратынына көз жеткіземіз. «Қозы Көрпеш Баян сұлу» жырындағы «Ай мен күндей екеуін толықсытып», «Қыпша бел, алма мойын сұлу Баян» деген тармақтардағы сөз маржаны да соның айғағы болса керек.

Қыз - ата-анасының, отбасының айнасы. Қыз бала тәрбиесіне тек ана ғана жауапты емес. Бұл - баршамыздың ісіміз. Дегенмен де, «Қыз ақылы - шешеден» демекші, қыздың анаға бір табан жақын екені ақиқат. Тәрбиенiң негiзi «ананың әлдиiнен» басталады емес пе?! Ана - қыз үшін тұлға әрі жанашыр адамы. Сонымен бірге мұңдасы. Ол анасына ғана ашылып, сырын айта алады. Ол анасынан үлгі алып қана қызға тән қасиеттерді бойына сіңіріп, ізеттілік пен ар-ұяттың және адамгершіліктің мағынасын түсінеді. Мәшһүр Жүсіп: «Қазақ айтпай ма «алып (яғни батыр, балуан) - анадан» деп. Бұған қарағанда, ана жақсы болса, онан туған бала да жақсы болады. Ана бір жаман, ғылымсыз, меңіреу болған соң онан туған бала не қылып оңсын?!», деп, ана сүтімен бойға сіңген асыл қасиеттер, сәбидің көкірегінде жатталып, ұлттық рух болып сіңетінін ескертсе керек. «Әкеге қарап ұл өсер, шешеге қарап қыз өсер» демекші, көргенді отбасылары қыз баланы «қонақ» деп мәпелеп, қадірлеп өсірген. Бойжеткен ару қыздарын сырт көзден сақтап, оларды биязылыққа, ибалылыққа тәрбиелеген.

Қазақ «қыздың жолы жiңiшке» деп бекер айтпаған. Себебі отбасы мен босағаның беріктігі қыз абыройына байланысты екені мәлім. «Қыз қылығымен жағады» демекші, ақындар қыздың сұлулығын емес, ақылдылығы мен даналығын жырға қосқан. Абай Құнанбаев: «Ары бар, ақылы бар, ұяты бар; Ата-ананың қызынан қапы қалма» деп орынды айтса керек. Қыз абыройы туралы жазу үшін қоршаған ортасына көз жүгірткен абзал. Себебі оның абыройлы болуы ақыл-парасатының және инабаттылығының жоғарылығында. Білімге құштарлығы мен бейімділігінде. Халық өсіп келе жатқан қыздың алдына келешектегі өмірлік міндеттерін қойып, оларды орындап отыруды да қыздың абыройы деп санаған. Бұларға ізетті болу, әсем киіну, әкені күту, шешені сыйлау, дөрекі сөйлемеу, қабақ шытпай жүру, ұлт дәстүрлерін құрметтеу, ана тілін ардақтау, орынсыз сөз айтпау, арқан, жіп есе білу, қой, сиыр сауа білу, кілем тоқи, кесте тіге білу, т.б. секілді мінез-құлықтық қасиеттер мен дағды, икемділіктерді жатқызған.

Қыз – нәзік те қайратты, алғыр, салмақты да ширақ, төзімді жан. Ол бойжетіп, келін, дүниеге сәби әкеліп, ана, кейін салиқалы әже болады. Осы арқылы ұрпақ өсіріп, ұлт қатарын көбейтеді. Бұл - ұлы заңдылық. Сондықтан әйел тіршіліктің мәні, жылулық пен мейірімділіктің, берекенің бастауы болмақ.  Әйелдің басты міндеті отбасы беріктігін сақтау, бала тәрбиелеу, ерлерін барынша сыйлау, рухани қолдау көрсету болып табылады.

Шал ақын: «Жақсы әйел бойын түзеп сылақтайды, Өз бойынан басқаны ұнатпайды» деп әдептілігі мен кішіпейілділігін бейнелеп: «Жауыз қатын қабаған ит сияқты, Ер жігіттің түбіне жетпей қоймас», деп жаман әйелдің жағымсыз бейнесін сомдайды. Бұл тақырыпта да қалам тартқан Мәшһүр Жүсіп «Жақсы әйел» деген өлеңінде:

- Жалғанның жарастығы - жақсы ұрғашы,
Қиылып маңдайында көз бен қасы.
Бір талы нама харамға көрінбес пе,
Астында жаулығының тұрса шашы.
Сүмбіл шаш күнде жуып, талдап өрген.
Еріне шын махаббат көңіл берген,
Қолында Құдай берген ырзық мол боп,
Мейманның қошеметін тәуір көрген, - деп әйелдің ізеттілігі мен ұқыптылығын, сұлулығын сипаттай келе, «әйелдің бәрі осындай болса» деп армандайды. Ақын «Жаман әйел туралы» деген өлеңінде: «Дүниенің ол тозағы - жаман қатын, Жаман қатын шығармас ердің атын» деп, тәрбие көрмеген қыз баланың әйел болғандағы дөрекілігі мен білімсіздігін сынайды. Мәшһүр Жүсіп: «Жақсы әйел ерге несіп бола қалса, Кім қияр сол қатынның басқан ізін!» - дей отыра «Ұқыпты әйел» деген өлеңінде:

- Алған жарың осылай болса керек,
Ғылым, білім, өнерлі, болса зерек.
Ерлерін сондай қатын тәрбиелесе,
Жалғанның азы-көбі неге керек! – деп, тұла бойы тұнған үлгілі әйелдің бейнесін орынды сомдайды. Жаман әйелдің қисапсыз әрекетін бейнелеп берді. Әрине бұл ата- анаға және ауылына үлкен сын болмақ. Сондықтан да көрегенді аналар қыздарын тұлымды кезінен тәрбиелеген.

Әсет Пазылов, Мәшһүр Жүсіп мұражайы, Баянауыл ауданы.

saryarka-samaly.kz