«ҚазТранОйл» АҚ Павлодар мұнай құбыры басқармасының бастығы Алтынбек Қамшыбектің айтуынша, кәсіпорын өз жұмысын атқара бермек. Оңтайландырылғанан кейін де бірақатар межелер көзделуде.

Айта кетелік, Павлодар мұнай құбыры басқармасы Омбы арқылы Батыс Сібір мұнайын айдаумен айналысады. Бұл ретте, Павлодар облысы аумағында 3 мұнай айдау станциясы, көлік және жөндеу қызметтерін көрсететін бірқатар құрылымдық бөлімшелер жұмыс істейді. Кәсіпорын ресейлік мұнайды Павлодар мұнай-химия зауытына, сондай-ақ Атасу-Алашаңқай құбырына дейін жеткізеді. Әрі қарай Шымкент кәсіпорны сол мұнайды басқа құбырға аудару арқылы Қытай бағытына жөнелтеді.

- Өткен 2017 жылы Павлодар мұнай-химия зауытының қажеттілігіне 4,7 млн. тонна мұнай тасымалданды. 2018 жылы бұл көлемді 5,1 млн. тоннаға дейін жеткізу жоспарланып отыр. Мұнай құбыры басқармасы жылына барлығы 10 млн. тонна мұнай тасымалдайды, негізі қуаттылығымыз жылына 22 млн. тоннаны құрайды, - деді Алтынбек Қасымбекұлы.

Өткен 40 жылдың дересінде Павлодар мұнай құбыры басқармасы 330 млн. тоннадан астам мұнай қабылдап, тиісті орындарға жеткізген.

Кәсіпорынның құрылу тарихы 1978 жылдан басталады. Сол жылы 1 наурызда Транссібір Магистральді мұнай құбырлары басқармасының бұйрығымен Павлодар аудандық мұнай құбыры басқармасы құрылады, алғашқы бастығы болып Михаил Николаевич Андрианов тағайындалады. 1978-1989 жылдар аралығында 4 мұнай айдау станциясы пайдалануға берілген. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасы бойынша елімізде Құмкөл кен орны және Атасу-Алашаңқай магистральді мұнай құбыры пайдалануға берілгеннен кейін Павлодар кәсіпорны мұнайды тек жергілікті өңдеу зауытына ғана емес, сондай-ақ Қытай Халық Республикасына айдауды жүзеге асырып келеді. Яғни, содан бері кәсіпорынның жұмыс қарқыны күшейді, көлемі артты. Бұл – қосымша жауапкершілік деген сөз. Сондықтан кәсіпорын ұдайы құбырлардың техникалық жарамдылығына және кәсіби кадрлармен қамтылуға баса мән береді. Бүгінгі күні «ҚазТрансОйл» АҚ Павлодар мұнай құбыры басқармасы иелігінде 718 км құбыр, 3 мұнай айдау станциясы, жедел ТАҚП, технологиялық көлік және арнайы техника цехы, ӨҚБ, 543 жоғары кәсіби маман мен 40 жылдық тарихы бар.

А.Қамшыбектің атап өткеніндей, соңғы оңтайландыру процесінен кейін Павлодар кәсіпорнының құрамына қосымша «ҚазТрансОйлдың» мұнай тасымалдауды жүзеге асыратын Солтүстік Қазақстан облысындағы құрылымдық бөлімшелері берілді. Атап айтқанда, 2018 жылдан бастап «Петерфельд» станциясы қосылды. Станция иелігінде «Петерфельд» мұнай айдау станциясы, «Булаево» апатты-қалпына келтіру пункті бар. Станцияның негізгі мақсаты «ТОН-2» мұнай құбыры бойынша мұнай тасымалдауды, құбыр желісін, мұнай айдау станциясын апатсыз пайдалануды қамтамасыз ету болып табылады.

- Біздің мақсатымыз - мұнай айдаушы ұлттық оператор ретінде мұнай жеткізу жұмысын сапалы әрі уақытында жүзеге асыру. Бұл үшін еңбек қауіпсіздігі, құбырлардың техникалық жарамдылығы ұдайы назарда болуы тиіс. Мерзім сайын құбырлардың беріктілігі сынақтап өткізіліп, комиссия шешімі бойынша жаңартылуға жатады. Сондай-ақ, біз жұртшылыққа түсіндіру жұмысын жүргізуіміз де керек. Себебі, талап бойынша мұнай құбыры өтетін жердің 50 метрлік төңірегінде ешқандай құрылыс салынбауы керек. Өкінішке қарай, қалаға жақын елді мекендерде, соның ішінде Шәукен ауылында тұрғындарға баспана құрылысы үшін мұнай құбыры өтетін жерге жақын маңнан жер телімін беру жағдайы жиі кездеседі. Мұндайда талаптарды қорғауда көлік прокуратурасы бізге қол ұшын беріп келеді, десе де, тұрғындар қауіпсідік жағдайын өздері жете түсінсе дегіміз келеді, - дейді Алтынбек Қасымбекұлы.

Нұрбол ЖАЙЫҚБАЕВ

saryarka-samaly.kz