Айшылық алыс жерлерден...

Биыл облысымыздың құрылғанына қаңтардың 15-інде 80 жыл толғанын білесіздер. Міне, осы тарихи сәттен кейін араға екі ай салып, 1938 жылдың 16 наурызында «Ертістің ерке толқыны» атанған радионың іргесі қаланды. Нақтысы, осы күні алғашқы 45 минуттық хабар тыңдарманға жол тартқан. Содан бері өңір үні үзілген емес. Ол кезде әрбір шаңырақта радиоқабылдағыш болған. Сыммен жеткізілетін үнді халық та асыға күткені анық. Өйткені аймағымыздың өміріне енген таңсық дүниелердің бірі болды. Айшылық алыс жерлерден жылдам хабар алғызуда орны ерекше еді...

Радионың алғашқы хабарын тыңдарманына жеткізген диктор Дәрі Асановтың есімі тарихта қалды. Оған қоса, хабарларды даярлау жұмыстарына «Большевистский путь» (қазіргі «Звезда Прииртышья») газеті редакциясының сол кездегі қызметкерлері тартылған көрінеді. «Өткенсіз бүгін жоқ» демекші, павлодарлық радионың тәй-тәй басқан алғашқы қадамының куәгерлерінің де есімін атап өткен жөн болар. Ғабдолла Мұратов, Яков Глухов, Мария Полякова, Зоя Ульянова, Екатерина Шатова, Иван Баранов және тағы басқа көптеген майталман маман еңбек еткен. Одан кейін де талай таланты тілші радионың дамуына үлес қосқан. Алғашқы хабар таратылғанға дейін облысымызда радио тораптар орнату жұмысы қызу жүргізілген. Мәселен, 1930 жылы облыс орталығында алғашқы радио торап пайда болса, араға жыл салып, Сосновка елді мекенінде алғашқы ауылдық торап салынған. Ал 1938 жылдың қаңтарына қарай Павлодар қаласымен қатар, аудандық орталықтарда 8 радио торап тартылған. Сонымен қатар, колхоздық, совхоздық тораптар да іске қосыла бастапты. Үш жылдан соң қуаты 1000 ватты құрайтын жаңа радио торап қатарға қосылды. Бұл бірегей кешенге аппараттық бөлме, энергия блогы, студия кірген. Студияға екі микрофон, құрал-жабдықтарды басқаратын пульт орнатылыпты. Ал дыбысты шығару үшін патефон және адаптер құралдары қолданылған. Кейін заман талабына қарай радионың құрал-жабдықтары жаңарып, тыңдарманға жеткізілетін үн мен әуен үйлесім тауып, өңір өмірімен бірге алға аяқ басуда. Бүгінде Ерсайын Ертісбаев басқарып отырған отызға жуық қызметкері бар ұжым алдыңғы буын салып кеткен жолды жалғастырып, қазіргі нарыққа икемделе еңбек етуде.

Нәрлінің көбі - Наурызда

Радионың ақпарат нарығына алғаш наурыз айында аяқ басқанын айттық. Бастапқы кезде жергілікті хабарлар мен жаңалықтар «Қазақ радиосынан» бөлінетін уақытта эфирге шығып отырған. Ал дербес FM-жиілігіне 2003 жылы шыққан.

- 1997 жылы барлық облыстарда радиолар қызметін тоқтатқаны белгілі. Тек біздің аймағымыздың үні үзілген жоқ. Облыстық радионы сақтап қалуда сол кездегі басшылардың еңбегі зор. Тіпті, сақтап қалу үшін бірнеше жыл лицензиясыз жұмыс істеуге мәжбүр болған екен. Радио құжатсыз қалған соң жан-жақтан қыспаққа алса керек. Бірақ табанды жетекшілердің, атап өтер болсам Ғалия Балтабайқызының биліктен көмек сұрап шапқылауының, сол кездегі облыс әкімі Даниял Кенжетайұлының қолдауының арқасында радиомыз тығырықтан шықты. Бұл жағдайды біз мақтан тұтамыз. Елімізде облыстық мәртебесін сақтап қалған жалғыз ұжым ретінде әрдайым қуанамыз, - деді «Халық» радиосы бас редакторының орынбасары Раушан Сыбанжанова.

Сөйтіп, 2002 жылы облыс басшылығы жариялаған тендерді ұтып алып, радионың материалдық-техникалық жағдайын жақсарту мүмкін болды. Бір жылдан соң Павлодар қаласында 100,5 FM жиілігіне көшті. 2004 жылы республикалық байқауда жеңімпаз атанып, облыстың 10 ауданына хабар таратуға жол ашылды. 2005 жылы өңір үні жерсерік қызметі арқылы тарай бастады. Бүгінде «Халық» радиосы облыс аумағының 94 пайызын қамтып отыр. Оған қоса, 2014 жылы «Отау тв» жерсеріктік операторына қосылып, мұндағы 124 арна арқылы республикаға шығу мүмкіндігіне қол жеткізді. Демек, шаңырағында дәл осы оператор бар тыңдарман еліміздің кез келген жерінен павлодарлық радионы тыңдай алады.

Айтпақшы, «Халық» деген атауға да радио наурыз айында ие болды.

- 2015 жылдың 22 наурызында радиомыз «Халық» деген атауды иеленді. Біз халыққа барынша жақындай түсейік деген ниетпен осы атауға тоқталдық. Содан бері 3 жыл өтті. Көптің құлағы да жаңа атауға үйреніп қалды, - дейді «Халық» радиосының бас редакторы Ерсайын Ертісбаев.

Бір кездері 14, 17 сағатқа тыңдарманмен қауышатын радио бүгінде тәулік бойы қызмет етеді. Яғни, үзіліссіз әрі демалыссыз тыңдарманымен бірге. Бұл жаңалық та 2016 жылдың наурызында іске асқан. Қарап отырсақ, аталмыш радиодағы елеулі өзгерістердің көбі Ұлыстың Ұлы күні қарсаңында орын алса керек. Мұндай шешім де ұжымның әр істі көктемгі жаңарумен ұштастыру ойынан туындаған болу керек.

Қоғам қажеттілігі - қаперде

Радионың бас редакторы Ерсайын Ертісбаевтың айтуынша, кәсіпорын қызметінің басым бағыттарының бірі - облыс аудандарымен өзара ынтымақтастықты дамыту. Сонымен қатар, өңірдің мәдени, индустриялық-инновациялық және агроөнеркәсіптік жаңалықтарды жан-жақты қамтып, аймақтағы әлеуметтік-экономикалық ахуалды, жаңа заман тынысына сай өзгерістерді ақпараттық қолдаудың бірегей орталығы болып қалуды мақсат еткен.

«Халық» радиосы ақпараттық музыкалық-ойын-сауық бағытында жұмыс істейді. Күн сайын 12 рет жаңалықтар топтамасы тыңдарманға жол тартады. Республикалық, облыстық оқиғалар қамтылады. Күн де жаңалықтарды сіздерге қос диктор Қызырхан Шәкірт пен Людмила Колмогорова жеткізеді. Бір қарағанда дайын жаңалықты микрофон алдында оқып беру оңай көрінгенімен, өзіндік қиындықтары да бар дейді, Қызырхан Шәкірт. Себебі алдағы ақпаратты барынша қатесіз жеткізу үлкен жауапкершілік жүктейді. Ал ақпараттың жедел әрі жинақы жазылуына жаңалықтар редакторлары Махаббат Кәмесхан мен Арман Сарымова жауапты. Жаңалықтармен ғана шектелмей радио журналистері қоғам қажеттілігіне құлақ түруге тырысамыз, дейді.

- Біздің негізгі тыңдармандарымыз 18-45 жас шамасында. Бірақ біз балаларды да, егде жастағы тұрғындардың да қажеттілігін әсте естен шығармаймыз. Әр жас ерекшелігіне арналған түрлі бағдарламалар қарастырылған. Балаларымызға арналған «Өркен», «Мамины сказки» сынды хабарлар шығады. Жасы үлкен тыңдармандар үшін «Мәңгілік сарын», «Классикалық саз әлемі», «Ретро әндер» сияқты бағдарламаларымыз бар. Әндер үш тілде таратылады. Қазақ тіліне басымдық береміз, - дейді Р.Сыбанжанова.

Мемлекеттік саясат бойынша эфирде таратылатын хабарлардың тілдік үлесі кем дегенде 50/50 болуы қажет. Ал «Халық» радиосы бүгінде эфирге шығатын барлық өнімдерінің алпыс пайызға жуығын ана тілімізде тарататынын айта кеткен абзал.

Жалпы, бүгінде әртүрлі тақырыпты қамтитын 35 радиобағдарлама әзірленеді. Радио ұжымы тыңдар-мандардың қажеттілігіне қарай бағдарламалар мен хабарларды жаңартып, заманға сай түрлендіріп отыруға бейім. Десе де, кей өміршең, халықты рухани дамытуға бағытталған тақырыптар еш үзілмейді. Мысалы, тіл, дін тақырыбы күн тәртібінен түскен емес, дейді радио журналистері. Тек мұндай бағдарламалардың форматы мен атауы өзгеріп, тыңдарманмен қайта қауышып отырады. Мәселен, бір кездері «Тіл тұғыры» деп аталған бағдарлама қазіргі кезде форматын өзгертіп, Гүлсім Қобжанова жүргізетін «Мемлекеттік тіл және отбасы» деген атаумен беріледі.

Сала-саланың түйткілдерін қаузайтын бағдарламалар да баршылық. Мәселен, «Таным» және «Руханият» бағдарламаларында журналистер діни-ағартушылық бағытта сөз қозғайды. Яғни, теологтар мен арнайы мамандарды шақырып, кәсіби кеңес беріледі. «Аламан» және «Наш спорт» хабарлары арқылы аймақ тұрғындары өңіріміздегі аталмыш саланың бар-жоғын түгендейді. «Дневной обход»-та денсаулық сақтау жүйесінің бүгіні талқыға түссе, Айбек Оралханның «Қалқан» әскери-патриотттық бағдарламасында әскери өмір, жетістіктер, ерлік танытқан жауынгер жайында айтылады. Ал «Айқын» атты хабарда облыстың әлеуметтік мәселелері тыңдарманға жеткізіледі. Шынар Мәденова мен Бекболат Сауырбай жүргізетін «Ашық студияның» да айтары аз емес. «Дежурный патруль» бағдарламасынан тыңдарман аймақта қылмыстық істердің ашылуы, істердің тергелу барысын, тіркелген қылмыстық деректер жайында біле алады. «Сөз-сандық» хабарының тыңдармандары көне сөздердің түп-төркініне үңіліп, сөздік қорын ұлғайтып, тілдік танымын кеңейте алады. Қысқасы, әр бағдарламаның арқалаған өз жүгі бар.

«Қайдасың?»-дағы қауышу

«Хабар» арнасынан көрсетілетін «Бармысың, бауырым?» бағдарлама-сымен көпшілік жақсы таныс. Телевизиялық бағдарламаның радиолық нұсқасы осыдан үш жыл бұрын елімізде алғаш болып «Халық» радиосында жарыққа шықаннын біреу білсе, біреу білмес. Хабар жүргізушісі Гүлайым Тасованың мәлімдеуінше, үш жыл ішінде бағдарлама арқылы бір-бірін іздеген 600-ден астам адам табысыпты.

- Радионұсқасын қолға алған кезімізде астаналық әріптестеріміздің өзі күмәнмен қараған еді. Түрі көрсетілмеген соң адамдарды табу мүмкін емес деп кесіп айтқандар да болды. Алайда, бағдарлама ашылғаннан радио арқылы да іздеген жанды табу мүмкін екенін дәлелдедік, - дейді бағдарлама жүргізушісі.

Бұл хабар ішкі істер депар-таментімен, көші-қон полициясымен, жетімдер үйімен, халыққа қызмет көрсету орталығымен тығыз байланыста. Мамандармен бірлесіп өтініш білдірген азаматтарға қолғабыс жасалады. Нақты мысалдар да жетерлік. Мәселен, төрт жасқа дейін жетімдер үйінде тәрбиеленген екібастұздық тұрғынның биологиялық анасын аталмыш бағдарлама тауып беріпті.

Бірде 40 жылдан кейін студенттік шақта бір нанды бөліп жеген қос құрбының табысуына да себепкер болыпты. Павлодарда медициналық училищенің бітірген екі қыздың бірі Павлодарда қалса, екіншісі Алтай өлкесіне қоныс аударыпты. Осылай екеуінің арасындағы байланыс үзілген.

- Біздің көмегімізге жүгінген тыңдарманның құрбысын таптық. Алтай өлкесіне көшіп, кейін Шығыс Қазақстан облысының тұрғынына тұрмысқа шығыпты. Біраз жылдан соң Алматыға қоныс аударған екен. Іздестіру жұмыстарымыз павлодарлық тұрғынның құрбысын табуға жарады, - дейді бағдарламаның жүргізушісі.

Осылайша, аталмыш бағдарлама талай жанның жақынымен, қимас досымен үзілген байланысын жалғауға жәрдемдесіп, көптің алғысын алуда.

«Таң.кз»-пен таң атырып...

Алдын ала даярланатын бағдарламалардан бөлек радионың бір ерекшелігі - тікелей эфир. Сағаттап тыңдарманмен тікелей тілдесу мүмкіндігі бар. Сондай туындының бірі – «Таң.кз» бағдарламасы. Таңғы 8-ден 10.30-ға дейін қос жүргізуші Айдана Дүйсен мен Әйгерім Мұздыбаева тұрғындардың көңілін көтеріп, таңын тамаша аттыруға тырысады. Бұл эфир барысында әуе толқынын әнмен әрлеп, жоспардың ойдағыдай іске асуын басқарып отыратын тағы бір жауапты қызметкер бар. Олар – хабар таратушы операторлар. Аталмыш міндетті тәулік бойы, жұмыс орнында қона атқаратын мамандар – Медет Зәкірянов, Қадырбек Нысанбеков, Дархан Зарықханов, Мерген Раисов. Төртеуі кезектесе, тәулік бойы тапжылмастан пультті басқарады. Осындай маңызды жұмыс атқаратын радиода мамандардың тағы бір шоғыры бар. Олар – бас режиссер Тимур Келімбетов, дыбыс режиссерлері Әлия Сейітқалиева мен Рустам Алпысбаев. Әр журналист әкелген жазбасының қажет деген жерлерін өзі монтаждап, керегін ғана қалдырады. Оны дәл осы дыбыс режиссерлерінің әрі қарай өңдеуіне жібереді. Ал мамандар алдына түскен жазбаны әуенмен әрлейді, артық дыбыстардан тазартып, айналасы жұп-жұмыр бағдарлама етіп эфирге әзірлейді.

Айта кетейік, «Таң.кз» - «Халық» радиосында тікелей эфирге шығатын ең ұзақ бағдарлама. 2,5 сағат бойы тыңдарманның көңілін аулауы тиіс. Мұндай жауапкершілік оңай емес, дейді Айдана Дүйсен. Келгеніне бір жыл болса да, эфирдің ерекшелігіне үйреніп қалыпты. Мұнда еркін тақырыпта әңгіме өрбиді. Эфирге қонақ шақырылып, ортақ тақырып төңірегінде пікір алмасады.

Радио арқылы көпшілік әсем әуенге құлақ құрышын қандыруды қалайды. Сондықтан ән таңдаудың да жөні бөлек. Бұл міндетті Сәния Матынова мінсіз атқаруда. Ол күніне 600-ге жуық әннің плейлисін әзірлейді. Таңғы жетіден кешкі алтыға дейінгі аралыққа ойнақы әуендер таңдалса, кеш пен түнгі мезгілге барынша баяу, тыныға тыңдайтын әндер іріктеледі. Музыкалық редактор музыка әлеміндегі жаңалықтардан, хит әндерден хабардар болуы тиіс. Үш тілде таңдап, артық-тыртығынан тазалап, ретін келтіреді. Жинақтаған туындыларды хабар таратушы операторларға тапсырады.

Тыңдарманның асыға күтетін тағы бір бағдарламасы бар. Ол – «ТілекТайм». Түскі мезгілде (12.00-14.00 сағат аралығында) тікелей эфирге шығатын бұл құттықтау-сазды бағдарлама көпшіліктің ақ тілегін ақтаратын алаңға айналды. 61-55-55 телефоны арқылы хабарласып, тұрғындар туыс-туғанын, дос-жаранын қуанышымен құттықтап, ыстық ықыластарын білдіреді. Тікелей эфирде қоңырау шалып үлгермей қаламын деген ағайын ватсап желісі арқылы ақылы да ақ тілегін ақтара алады. Бұл бағдарлама радиода тікелей эфирде әрі үзіліссіз, аптаның жеті күні бойы тыңдармандарының қуанышына ортақтасады.

Тікелей эфирде шығатын тағы бір бағдарлама - «Айтпақшы» да екі сағатқа жуық тұрғындармен түрлі тақырыпты талқылайды.

Ізденіс пен ілгері іс

Раушан Сейітқанқызы әріптес-терінің әрдайым ізденісте жүретініне риза. Біліктілігін жетілдіріп, түрлі байқауларға қатысуға да құштар. Мәселен, екі апта бұрын ғана радионың қос тілшісі Гүлайым Тасова мен Сәния Матынова өз қаражаттарына Мәскеудегі Останкино телеарна және радиотарату институтына барып, арнайы курстан өтіп келіпті. Білікті мамандардың кеңесін тыңдап, тәжірибелерін шыңдап келген.

Одан бөлек, журналистер түрлі республикалық байқауларда үздіктер қатарынан көрініп жүр. Бұл да радио мамандарының өзгелермен иық тіресе еңбек етіп жатқанының белгісі болса керек.

Әр тілші аптасына 4-5 хабар әзірлеуі тиіс. Оған қоса, тікелей эфирі бар. Бірақ, қазақ тілді журналистердің алдынан шығатын бір түйткіл әлі күнге тарқамағаны қынжылтады.

- Қазақ тілінде спикерлердің тапшылығы тілшілерімізге қиындық туындатады. Себебі ойын мемлектетік тілде еркін жеткізетін азаматтар аз. Ал радио саласында бәленбай адаммен кездескеніміздің бір дәлелі – дыбыстың болуы. Қазақшасы шорқақтармен тілдескенімізбен хабарымызды толыққанды тыңдарманға жеткізу оңай емес. Кейде ақпарат беруші азаматтың ойын орысша біліп алып, оны қазақшаға аударамыз. Қағазға түсіріп, бірнеше рет қайталатып, өзіне ежектете оқытуға мәжбүрміз. Басқа амал жоқ. Сондықтан кей кезде бір адам эфирімізден жиі шығады. Өйткені қазақшасы тәуірлерге жабысып аламыз. Таза сөйлейтіндерін іздейміз. Бірақ, әлі осы тұс оңалмай тұр, - деді Раушан Сыбанжанова.

Бүгінгі күн бар жұмыс интернетпен байланысты екенін білетін «халықтықтар» да көштен қалыспақ емес. Яғни, студиядағы кездесулер мен эфирлердің аудиожазбасынан бөлек бейнежазбасын да көптің назарына ұсыну қолға алынуда. Мұндай өзгерістерге жастар жағы әуес екені анық. Мәселен, Александр Логвин өзі жүргізетін «Большой интервью» бағдарламасының бейнежазбасын жасауды әдетке айналдырған. Бұл жобада ол түрлі тұлғалармен жүздесіп, алуан тақырыпта әңгіме өрбітеді.

Қос мерейтойға мән берілмек

Радио тыңдармандары түрлі ойын-сауық бағдарламаларға айрықша қызығушылық танытатыны белгілі. Мұны да «халықтықтар» қаперге алған. Сондықтан түрлі ойындар, викториналар жиі ұйымдастырылады. Олардың тұрақты қатысушылары да қалыптасып үлгеріпті. Мәселен, «Отвечаем головой» бағдарламасының сұрақтарына жауап беруге құштар тұрғындар көп екен. Биыл мұнда қойылатын сұрақтардың барлығы облысымыз бен радионың 80 жылдығына арналуда.

Мерейтойға арналған түрлі шаралар қолға алынуда. Мысалы, Павлодар облысы мен «Халық» радиосының 80 жылдығына орай «Қазақстаным-қара шаңырағым» деген тақырыппен республикалық ақындар мүшәйрасы ұйымдас-тырылмақ.

- Жыр додасын өткізу «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында тәуелсіз еліміздің бүгінгі жеткен жетістіктерін, соның ішінде облысы-мыздың қалыптасуы, егемен еліміздің еңсесін көтеруге Ертіс-Баян өңірінің елеулі еңбегі жырға қосылса деген ниеттен шығып отыр. Ақындар еліміздегі татулықты, елдік пен бірлікті өлеңмен өрсе деген тілек бар, - дейді жыр додасының сәтті ұйымдастырылуына жауапты журналист Бекболат Сауырбай.

saryarka-samaly.kz