Қаржыны банктер бермейді

Осыдан 3 жыл бұрын теңгенің АҚШ долларына шаққандағы құнының күрт арзандап кетуіне байланысты еліміздің ипотекалық нарығы да күйзеліске ұшырағаны айқын. Білетініміздей, оның алдында көптеген екінші деңгейлі банктер ипотеканы 10 пайыздық мөлшерлемемен таратты. Халықтың сатып алу қабілеті күшейген сайын елде баспана құны қымбаттай түсті. Дегенмен, валюта нарығындағы бір сәттік дағдарыс банктердің өз пайыздарын қайта қарауға мәжбүрледі. Ипотека құны қымбаттады. Сол жағдай әлі күнге дейін жалғасып, қазірде еліміздегі ипотеканың жылдық орташа мөлшерлемесі 17 пайыздан төмендемей тұр.

Дей тұрсақ та, бұл тарапта «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» жылдығы 5 пайызбен ұсынатын арзан ипотеканы да ұмытуға болмас. Бірақ ондай мүмкіндік тек баспана құнының тең жартысын жинаған азаматтарға ғана беріледі. Қазіргі таңда атаулы ұйым болсын, екінші деңгейлі банктер болсын, ел тұрғындарын арзан ипотекамен қамтамасыз етуде әрекетсіздік танытып отырғанын мойындауымыз керек. Елбасы әлеуметтік саладағы ең өзекті мәселені қозғап, халықты баспанамен қамтуды одан әрі қолжетімді етуге пәрмен берді. Ендігісін заң шығарушы органдар мен қаржы ұйымдары халықтың көңілінен шығатындай бағдарлама әзірлейді деп сенейік.

Мемлекет басшысының тапсырмасынан кейін қазір Үкіметтегі министрлер кабинеті халыққа арзан пайызбен үй сатуды қалай іске асырамыз деп бас қатыруда. «7-20-25» бағдарламасын банктер жүзеге асырып, 7 пайызбен тұрғын үй несиесін тарата ала ма? Егер ол мүмкін болса, іске асыру жолы қандай?

Бұл сауалдардың жауабын «Талап» қолданбалы зерттеулер орталығының директоры Рахым Ошақбаев былай деп түсіндіреді:

- Президент Нұрсұлтан Назарбаев халықтың көкейінде жүрген үлкен бір мәселені дөп басты. Өкінішке қарай, баспананың қолжетімділігін арттыру және ипотека аясын кеңейтуге қатысты бұл кезекті бастама нарықтық жағдайда отандық банктердің қолжетімді несиелендіруді, қолжетімді ипотеканы қамтамасыз ете алмай отырғанын, түптеп келгенде әрекетсіздіктерін әшкере етті, - дейді сарапшы. – Байқасаңыз, «Президенттің бес әлеуметтік бастамасы» Үндеуінде Елбасы 5 баста-маның 2-еуін қаржыландыру саласына қатысты атады. Бұған қоса, бүгінде бізде тұрғын үйді қолжетімді етуге бағытталған 2 мемлекеттік бағдарлама жұмыс істеп тұр. Ең алдымен, бұл тарапта ипотека мөлшерлемесін мемлекет 10 пайызға дейін субсидиялайтын «Нұрлы жер» бағдарламасын атап өткен дұрыс. Сондай-ақ «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» табысты қызмет етуде, отандық ипотека портфелінің 42 пайызы - соның иелігінде. Тек былтырғы жыл-дың қыркүйек айында еліміздегі барлық ипотеканың 75 пайызын осы банк қамтамасыз еткен. Яғни, ол біртіндеп монополиске айналып келеді. Десе де, «бұл ұйым ұсынатын несиелер барлық халыққа бірдей қолжетімді ме?» деген сауал да кесе-көлденеңдейді. Сәйкесінше, менің түсінігімше, біз ипотеканың қолжетімділігі мәселесіне араласуға мәжбүр боламыз. Банк жүйесі бұл тарапта әлсіздік көрсетті екен, ендеше оған ақша-несие саясатымен айналысатын Ұлттық банк, мемлекет араласуы тиіс.

Р.Ошақбаевтың сөзінше, Елбасы тапсырмасына сәйкес Үкімет Қазақстанда ипотека берумен айналысатын тағы бір компания құратыны анық. Ол жылдығы 7 пайызбен, 20 пайыздық алғашқы жарнамен 25 жылға ипотекалық несие беру үшін 1 триллион теңгені тартуы тиіс. Яғни, бұл ұйым елдегі ипотекалық несиелерді сатып алады. 1 триллион теңге - өте көп сома. Айталық, былтыр елдегі ипотекалық портфельдің өсімі 127 млрд. теңгені құрапты. Яғни, Ұлттық банк құрған қаржы пулы айтарлықтай роль ойнаған. Арзан несие жөнінде сөз қозғағанда, екінші деңгейлі банктердің өз қаржыларын Ұлттық банкке ұзаққа әрі аз пайызбен беріп қоймасы анық. Ширек ғасыр уақытқа 7 пайызбен қарыз беруді қай банк қаласын. Сондықтан әлгі бір триллион теңгені не бюджет, не Ұлттық қорымыз көтеретіні айдан анық.

Бір триллион бәріне жете ме?

Қаржыны қазына көтерсе, алдағы уақытта Қазақстанның ипотекалық нарығында біраз өзгерістер болуы әбден мүмкін. Алайда бұл өзгерісті әкелетін «7-20-25» бағдарламасының механизмі әлі дайын емес. ҚР Инвес-тициялар және даму министрі Жеңіс Қасымбек «Қазақстанның ипотекалық компаниясы» жаңа бағдарламаға араласпайтынын растап отыр. Оның айтуынша, аталған ұйым өз қызметін «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында жалғастыра береді. «Қазіргі кезде Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі барлық ипотеканың жартысынан көбін алып отыр. Меніңше, жаңа компанияның келуімен бәсеке қыза түседі. Әлбетте, халық арзан ипотеканы асыға күтіп отырғаны анық. Компания құрылғаннан кейін адам кезегі де көбейеді. Оны да жақсы түсінеміз. Мемлекет басшысы ипотека саласына бір триллион теңгеге дейін қаржы тартуды тапсырған болатын. Сондықтан жаңа бағдарлама қарбалассыз іске асырылуы тиіс», — дейді ол.

Үкіметтегілердің сөзіне сүйенсек, арзан ипотеканы берумен алда құрылатын компанияның өзі айналысады. Яғни, екінші деңгейлі банктер оған қатыса алмайды. Қалай дегенмен, бір нәрсе анық, тұрғын үй құрылысы саласында да, ипотекалық нарықта да бәсеке қызады. Себебі жаңа бағдарламаның аясында жыл сайын 100 000 пәтер, яғни 5 миллион шаршы метр тұрғын үйді пайдалануға беру жоспарланған. Құрылыс істері және тұрғын үй комму-налдық шаруашылық комитетінің төрағасы Марxабат Жайымбетовтің айтуынша, «7-20-25» бағдарламасы қолға алынғаннан кейін «Нұрлы жер» бағдарламасына, соның ішінде Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі мен Қазақстанның ипотекалық компаниясы қойып отырған талаптарға да өзгеріс енгізуге тура келеді екен. «Мәселен, Қазақстанның ипотекалық компаниясы жаңа бағдарламаның шарттарына шыдай ала ма, жоқ па, оны айту қиын. Дегенмен, біз Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінің де, Қазақстанның ипотекалық компаниясының да жұмысын қайтадан қараймыз. Ол жерде берілетін несиелердің жағдайын дұрыстап, жеңілдетуіміз керек», - дейді М.Жайымбетов. Әрине, 7 пайыздық несиенің болғаны тиімді. Халықтың сұранысын толық қанағаттандыруға әбден болады. Алайда оған бюджет қаражаты жеткілікті бола ма? Министр Ж.Қасымбек арзан ипотека бәріне жетеді деп сендіріп отыр.

Айтпақшы, бұрнағы күні Ұлттық банк төрағасы Данияр Ақышев ірі қалалар мен өңірлердегі баспана құны жергілікті орташа жалақыға негізделіп, сараланатынын айтқан. Яғни, табысы ресми расталатын азаматтар бұл бағдарламаға қатысу мүмкіндігіне ие болмақ. Мәселен, үйдің бағасы 7 млн. теңге десек, оны 25 жылға бөлгенде ай сайынғы төлем 50 мың теңгеден аспайды. Бұл тұрақты жұмысы бар қазақстандықтар үшін аса қиынға соқпайтыны анық. Төрағаның сөзінше, жеңілдікті ипотеаға қатысты мәселелер мен тетіктердің барлығы әлі де талқыланып, параметрлері анықталмақ.

Тәуелді болу дұрыс па?

Жоғарыда айтып өткеніміздей, Үкімет ипотека берумен айналысатын жаңа компания құруға мүдделі. Десе де, бұл мәселеге кейбір депутаттар келіспеуде. Олар баспана мәселесін бір банкке немесе бір ұйымға қаратып қойған дұрыс емес деп есептейді.

- Құны кем дегенде 6-7 миллион теңге тұратын автокөліктерді жеңілдетілген пайыздық көрсеткіш-термен екінші деңгейлі банктер несиелеп жатқаны анық. Халықты автокөліктен гөрі, ең бірінші баспана мәселесі толғандырады. Сондықтан бір ғана «Қазақстанның тұрғын үй құрылыс жинақ банкіне» қарап отырмай, екінші деңгейлі банктерді осыған тарту құптарлық. Халыққа қай банк ыңғайлы болса, содан жеңілдетілген ипотекалық несие алғаны өте маңызды. Сонда кезек те тез жылжиды әрі банктердің арасында бәсекелестік туып, қызмет сапасы да, тіпті, тұрғындардың банктерге деген сенімі де арта түсер еді, - дейді Мәжіліс депутаты Айзада Құрманова. Халық қалаулысы, сонымен қатар, арзан несие тұрғын үй кезегінде тұрған азаматтарға ғана емес, жалпы барлық тұрғындарға қолжетімді болуы керек деп есептейді. Мәселен, бүгінде мемлекеттік тұрғын үй қорынан үй алатындар санатына жатпайтындардың қатарында бұқаралық ақпарат құралдары өкілдері, жеке компаниялардың қызметкерлері, тағы басқалары жетерлік. Жаңа бағдарлама бұл кемшіліктің орнын толтыратынына сенім мол. Дегенмен, жергілікті органдар олардың баспанаға мұқтаждықтарын шегіне жеткізіп тексеріп, тізімді сұрыптап ұсынуы керек. Бұлай болмаған күнде арзан баспананы алыпсатарлар өз пайдаларына жаратуы әбден мүмкін.

«Қазір өңірлерден Елбасының бастамасына қатысты жүздеген сауал түсіп жатыр. Халық мұндай бағдарламаның жүзеге асатынына айрықша қуанышты. Десе де, оның тетіктерін алдымен Үкімет мүшелері әзірлеп, бізге ұсынуы керек. Тек депутаттар талқысынан өтіп, әбден сүзгіленген соң ғана бағдарлама бекітуге жолданады. Баспана мәселесінің өткір тұрғанын ескерсек, «7-20-25» бағдарламасы осы күзге қарай дайын болып қалуы ғажап емес. Оған біз, депутаттар да, толық мүдделіміз», - дейді Айзада Амангелдіқызы.

Кезек демекші, мемлекеттік қордан үй алуға тілек танытқан жерлестеріміздің саны соңғы жылдары көбеймесе, кеміген емес. Павлодар қалалық қаржы бөлімі басшысының орынбасары Нұржан Қабдолов қазіргі сәтте шаһарда 16 423 адамның атаулы кезекте тұрғанын айтады. Олардың мұқтаждықтары қашан толық шешіліп бітетіні де белгісіз.

Әріптесінің ұсынысын Мәжіліс депутаты Нұртай Сабильянов та қолдады. «Меніңше, осы жылдан бастап халық жеңілдетілген несие алып қалуы ықтимал. Өйткені республикалық бюджет нақтыланған кезде Елбасының осы бастамаларын жүзеге асыруға арналған қаражаттар қарастырылады», - дейді Н.Сабильянов. Депутаттың пайымынша, жаңа бағдарламаның жүзеге асырылуы тұрғын үйлердің қымбаттауына түрткі болмауы керек. Қазіргі уақытта үйлердің бағасы бірқалыпты, тұрақты. Қайта тұрғын үй салу арқылы бізде шағын және орта бизнес дамып, жаңа жұмыс орындары ашылатын болады, деп түсіндірді ол.

Соңғы үш жылда еліміздегі тұрғын үйдің бағасы 18 пайызға қымбаттапты. Қазір екінші деңгейлі банктер арқылы үйлердің бір шаршы метрі 254 000 теңгеден сатылуда. «Нұрлы жер» бағдарламасы арқылы өңірімізде бір шаршы метр баспана құны 140 000 теңгеден асырылмай саудалануда. Жеке үйлерді салушыларға да қатысты лимиттер бүгінде баршылық, өңірлер үшін ол 220 000 теңгеден аспауы тиіс. Мемлекет ипотека нарығындағы бағаны тежеу саласында тәжірибе жинап қалғаны мәлім. Ендеше, алдағы «7-20-25» бағдарламасында да баға тұрғысынан шектеулер мен мақсатты бағдарлаулардың іске қосылатыны анық.

Арзан ипотекаға қандай үй аламыз?

Ендігі бір мәселе арзан ипотекаға қандай баспана алуға болады? «Арзанның жілігі татымайды» деген мақал бәріне белгілі. Ендеше, жаңа бағдарлама аясында салынатын баспананың сапасын естен шығармау қажет-ақ. Осы салада мемлекеттік бақылау шаралары бар дегенмен, әлі күнге дейін сыбайлас жемқорлық әрекеттері көп. Мәселен, «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы жасаған зерттеуге сәйкес, құрылыс жұмыстарын атқару бойынша ұйымдастырылатын мемлекеттік сатып алуларда демпинг мәселесі ушығып тұр. Палата төрағасының орынбасары Елдос Рамазановтың айтуынша, осы уақытқа дейін 8 мың тендер зерделенген. Зерттеуге сәйкес, құрылыс-монтаждау жұмыстары бойынша демпинг 34 процентке, ал жобалық-сметалық құжаттарды даярлау саласында аталған көрсеткіш 72 процентке жеткен. Бұдан бөлек, құрылыс компанияларына лицензияны беру саласында тәртіп бұзушылықтар аз емес. Соның салдарынан саны көп, сапасы аз компаниялар көбейіп кеткен. Ресми мәліметке сәйкес, осы уақытқа дейін құрылысты жүргізуге 29 мың лицензия берілді. Алайда белсенді жұмыс істеп жатқан компаниялардың саны 300-ге де жетпейді.

Осыған байланысты «Атамекен» ҰКП құрылыс компанияларының бірыңғай тізімін жасауды ұсынып отыр. Онда нақты бір компанияның салып шыққан нысандары, материалдық-теxникалық базасы, аттестациядан өткен мамандары, бұған дейін қатысқан тендерлері және тағы басқа ақпарат көрсетілуі шарт. Соның нәтижесінде лицензия берудің ашықтығын қамтамасыз етуге болады. Компаниялар арасындағы бәсеке де қыза түседі. Ал бәсеке болса, сапа да жоғарылайды. Әйтпесе дәл осы мемлекеттік бағдарламалар бойынша салынған баспаналардың сапасына қатысты дау жиі туындайды. Басқаны қойып, өзіміздің Павлодар қаласы бойынша кейінгі жылдары салынған үйлердің сапасына қатысты кемшіліктер жетіп артылады. Сонау бір жылдары Усолка мөлтек ауданындағы Ткачев көшесі, №10 үйдің қабырғасына сызат түсіп, үйдің тұтас құрылысына қауіп төнген. Абырой болғанда, жауапты компаниялар темір құрсаулар қойып, үйдің бүтіндігін сақтап қалды. Тағы бір мәселе, Жаяу Мұса көшесінде салынған көпқабатты жаңа баспана пайдалануға берілер алдында жеке меншік субъекті мен мемлекеттік органдардың өзара келісе алмауынан қыстың көзі қырауда жылусыз қалған. Тізе берсек, мұндай мәселе көп. Тұрғындар әсіресе, мемлекеттік бағдарлама аясында салынып, арендалық жолмен берілген үйлерде кемшіліктер жиі анықталатынын айтады.

Түптеп келгенде, Елбасының бұл жолғы бастамасы ел тұрғындарының баспанаға деген мұқтаждығын толық шешіп бермесе де, мыңдаған кезектердің ілгері жылжуына, ипотека жүйесіне өзгерістер әкелуге нақты арқау болатыны айқын. Қазіргі әлемді жайлаған дағдарысқа қарамастан, әлеуметтік салаға өте көп көңіл бөлінуі жұртшылықты ертеңге сеніммен қарауға жетелейді. Бес бастама жаңа белеске бастар жол болсын лайым!

Мұрат АЯҒАНОВ

saryarka-samaly.kz