Гауһар ЖАРЫЛҒАСОВА, «Қаржы орталығы» АҚ менеджері:

- Кез келген ата-ана өз баласының атына депозит ашып, болашақта сапалы білім алуына жағдай жасай алады. Ұл-қызының келешегін ойлайтын ата-аналарға «Нұрбанк» АҚ, «Халық Банкі» АҚ, «Цеснабанк» АҚ және ВТБ банкі қызмет көрсетеді. Әр банктің жылдық тиімді мөлшерлемесі әр түрлі. Мысалы, «Цеснабанкта» -13,5 пайыз, «Халық Банкінде» - 12,3 пайыз, «Нұрбанкте» - 14 пайыз, ВТБ-да 6,2 пайызды құрайды. Депозитке салымшының алғашқы жарнасы 3 айлық есептік көрсеткішті құрауы тиіс, тек «Халық Банкінде» - 15000 теңге. Банк сыйақысымен қоса, жыл сайын мемлекет тарапынан 5-7 пайыз көлемінде сыйлықақы беріледі. Мұндағы 5 пайыз еліміздің барлық санаттағы азаматтары үшін, 7 пайыздық сыйлықақы жетім, мүгедек, көп балалы, аз қамтамасыз етілген отбасынан шыққан балаларға тағайындалады. Депозиттегі салым тек білім алу мақсатында ғана ашылады. Яғни, баланың колледжге, жоғары білім оқуына, магистратураға түсуі үшін қолданылады. Егер бала ақылы бөлімге түскен болса, оқуға түскенін дәлелдейтін құжатты көрсетіп, депозиттегі ақшаны білім алуына жұмсай алады. Ал грантқа түскен жағдайда, депозиттегі ақшаны толық шешіп алуға құқы бар. Болмаса, депозитті жаппай, магистратураға түсу үшін одан әрі жинай беруге болады немесе қаражатты үшінші тұлғаның атына аударуы да мүмкін. Үш жағдайда да мемлекеттік және банктік сыйақы сақталады. Егер салымшы ақшаны оқуға жұмсамай, басқа мақсатқа бағыттайтын болса, банк пен салымшы арасындағы келісімшарт бұзылып, мемлекеттік сыйлықақы берілмейді. Қарап отырғанымыздай, бұл депозиттің артықшылығы да, тиімділігі де көп. Бірақ тұрғындардың оған мән бермей отырғаны өкінішті.

Қабылқақ ҚАПЕНОВ,Павлодар облыстық мәслихатының депутаты:

- Білім беру депозиті тиімді не тиімсіз деп нақты айту қиын. Аталмыш жүйенің пайдасын статистика арқылы анықтауға болатын шығар. Жалпы, қазіргі уақытта білім аламын деген жастарға барлық жағдай жасалуда. 2018-2019 оқу жылында студенттер үшін қосымша 20 мың грант бөлінеді. Оған жыл сайын мемлекет тарапынан берілетін грантты қоссаңыз, түлектерге тегін білім алуға зор мүмкіндік туып отырғанын көреміз. Бұдан бөлек, Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен «Баршаға арналған тегін кәсіптік-техникалық білім беру» жобасы іске асырыла бастады. Ұлттық бірыңғай тестілеуден жоғары ұпай жинай алмай, сынақтан сүрінген түлектер емтиханды екінші мәрте тапсыра алады. Шыны керек, қазіргі уақытта технологиялық колледждерде білім алатын студенттер саны аз. Себебі көпшілігі заңгер, экономист сынды беделді мамандықтарға ұмтылады. Ал техникалық мамандықтарға көпшілігі бара бермейді. Жоғарыдағы депозитті ашу үшін кем дегенде 7000 теңгеге жуық қаражат керек екен. Бұл сома ауылда тұратын халықтың қалтасына салмақ салатыны белгілі. Бұл қаржы баланың келешегі үшін қажет шығар. Бірақ мемлекет жастардың білім алуына барлық жағдайды жасап отырғанда бұл мүмкіндікке ие болу үшін сабақты жақсы оқып, оқу грантын жеңіп алуға ұмтылған жөн сияқты.

Гүлнәр ҚҰЛМАҒАНБЕТ, Павлодар қаласының тұрғыны:

- Әрбір ата-ана өз баласын биіктен көргісі келеді. Білім беру депозиті туралы жақында ғана естідім. Бұл айлығы шайлығынан аспайтын отбасылар үшін зор мүмкіндік деп білемін. Жолдасым екеуіміз 2 бала тәрбиелеп отырмыз. Қызымыз 6-сыныпта, ұлымыз 3-сыныпта оқиды. Балаларымыздың болашағы үшін екінші деңгейлі банктердің бірінен есепшот ашып қойған едік. Қазіргі жастар беделді оқу орындарында білім алғысы келеді. Бірақ бір жылдық оқудың құны кем дегенде 400-500 мың теңгені құрайды. Білім грантына қолы жетпеген баланың құжаттарын ақылы бөлімге тапсырып, жоғарыдағы соманы бірден төлеу кез келген ата-анаға салмақ салады. Егер баланың оқуға түсуі үшін қаражатты қазірден бастап жинасақ, әрбір отбасыға баласы өскенде жеңіл болады деп ойлаймын. Депозитте жиналған ақша барда ата-ананың уайымы да азаятыны сөзсіз. Алдағы уақытта мен де балаларымның сапалы білім алуы үшін білім депозитін ашуды жоспарлап отырмын. Ұл-қызым мектеп қабырғасынан түлеп ұшқанға дейін, оқу ақысын асықпай жинайтынымызға сенімдімін. Бастысы, доллар құны өскен жағдайда ақшамыздың құны сақталса болғаны.

«Алаңды» үйлестірген – Айдана ҚУАНЫШЕВА.

saryarka-samaly.kz