- Жалпы, Ұлыстың ұлы күні дегенде, расында Арыстанбек Мұхамедиұлы айтқандай, бұл мерекенің ұлттық дәстүрді дәріптеп, салт-дәстүрді танытуда алар орны ерекше болуы тиіс. Сондықтан биылғы Наурыз тойының басты ерекшелігін де осы бағытта ұйымдастыруды қолға алдық. Бастысы - ұлттық дәстүрдің атрибуттарын мейлінше насихаттауымыз керек. Бұл орайда биыл аталмыш мейрамды үш кезеңге бөліп өткізуді жоспарладық. Нақтырақ айтар болсақ, Наурыз тойы 40 күнге созылады. Бірінші кезеңі 22 наурыз күні басталады. Бұл күні облыс орталығындағы орталық алаңда арнайы киіз үйлер тігіліп, жалпы театрландырылған көріністер, концерттік бағдарламалар, бұқаралық спорт, мәдени шаралар ұйымдастырылады. Аталған думан-сауықты қала әкімдігі қолға алды. Жалпы айтар болсақ, облыс бойынша осы 40 күн барысында 500-ден астам шара өткізу жоспарланды. Сонымен қатар әрбір кәсіпорын, мемлекеттік мекемелер, мемлекеттік емес мекемелер, білім ордаларында, мәдениет ошақтары, аулаларда аталып өтіледі.

- Кейбір аудан, қалалар бұған дейін 21 наурызда Ұлыс күнін тойлап, 22-і күні облыс орталығында киіз үй тігеді. Ал биыл ше? Сонымен қатар бұған дейін Наурыз тойы дегенде бесікке салар, тұсау кесер, қыз ұзатып, келін түсіру секілді отбасылық дәстүрлерді сахналық көрініске айналдыру әдетке айналды. Бұлардың Ұлыстың ұлы күніне қаншалықты қатысы бар деп ойлайсыз?

- Биыл аудан мен қалаларда, жалпы барлық жерде мереке 22 наурыз күні басталады. Облыс орталығында ұйымдастырылатын мерекеге белгілі режиссер, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, сатирик Асқар Наймантаев шақырылды. Мерекеде жаңағы аталған отбасылық дәстүрлер бұл жолы қайталанбайды. Екіншіден, Наурыз мейрамын атап өту бойынша Президент әкімшілігінен арнайы бағдарлама ұсынылды. Биылғы Наурыздың ерекшелігі, 40 күн атап өтудегі мақсат – бұл күннің қаншалықты ауқымды әрі маңызы аса зор екенін көрсету, жаңағы сіз айтқандай, концертті тамашалаумен ғана шектелмей, сонымен қатар, «Алас күні», «Тазалық күні», қайырымдылық, халқымыздың қанында бар мейірімділікті дәріптеу, Қыдыр ата мен Қызғалдақтың сыйлық үлестіруі, т.б. жүзеге асырылады..

- Бұл орыстың Аяз атасы мен Қар қызының көшірмесі емес пе?

- Солай десе де болады. Бірақ біз Қыдыр ата арқылы ұлттық ырым, салт-дәстүрлерімізді дәріптеуіміз керек. Қыдыр атаның Ұлыс күні қазақ даласын аралап, ырыс-береке әкелуі, ал Қызғалдақ – осы күннің атрибуттық белгісі, яғни көктемнің келуі, тіршіліктің өркен жайып, гүлденуі ретінде көрсетілетін символы деп бағалаған жөн. Ұлыс күннің екінші кезеңі - 26 наурыз бен 30 сәуір аралығында аталып өтіледі. Бұл күндер аралығында ірі шаралар ұйымдастырылады. Олар Алас күні, одан кейін жоғарыда айтып өткен Қыдыр Ата мен Қызғалдақ балабақша, мектептерге барып, театрландырылған көріністер көрсетіліп, концерт қойылады, сыйлық үлестіреді. Тәттілер десек – қоспа, құрт-ірімшік секілді ұлттық тағамдар, сыйлықтар да ұлттық нақышта болмақ. Осы күндері қайырымдылық акциялары да ұйымдастырлады. Іскер азаматтар, меценаттар, қоғамдық ұйымдар мен мекемелер балалар, қарттар үйлеріне, күн көрісі төмен отбасыларға көңіл бөліп, қайырымдылық жасауы тиіс. Қазақта: «Бір тал кессең, он тал ек» демекші, ағаш көшеттерін отырғызу да қолға алынады. Үшінші кезең - қорытынды күн – 30 сәуірде барлық аудандар мен қалалар жұмылдырылып, олар облыс орталығындағы алаңға киіз үйлерін тігеді. Бұл күнге Қазақстанның эстрада жұлдыздары шақырылады. Айта кетейін, кімдер келетіні әзірге белгісіз. Бірақ біз зиялы қауым өкілдеріне сауалнама жолдау арқылы шақыратын боламыз. Қай әнші немесе қай топ көбірек дауыс жинаса, солар келмек. Оны облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасы мен Pavlodarnews.kz сайттарынан көріп, таңдау жасауға болады. Тізімде 50-ден астам әнші бар. Болашақта да түрлі шараларға өнер иелерін таңдауды көпшілікке – зиялы қауымға ұсынуды әдетке айналдырмақпыз. 22 наурызда ҚР еңбек сіңірген мәдениет қайраткерлері Жазира мен Жанболат, ҚР еңбек сіңірген қайраткері Алтынай Жорабаева, «Қазақстан дауысы» тележобасының жүлдегері Шахаризат Сейдахмет қатысады.

40 күндік Наурыз мейрамына аудандар мен қалалар, аймағы-мыздағы барлық мәдениет ошақтары дайындалуда. Әсіресе, Ақтоғай, Баянауыл, Шарбақты аудандарының дайындығын атап өтуге болады.

- Дұрыс екен. «Тойдың болғанынан боладысы қызық» демекші, биылғы Наурызда Ит жылы төрге озбақ. Осыған байланысты көпшілікке қандай қызық ұсынасыздар?

- Ол жайлы да бірқатар идеялар бар. Бірақ тойда болар бар қызықты алдын ала айтып, жария ету дұрыс болмас. 30 сәуірде Ұлыс күннің қорытынды мейрамы ұйымдастырылады дедік, міне, сол күні өнер көрсетушілер де, келушілер де, жалпы көпшілікке ұлттық киім кию үрдісін қалыптастырсақ дейміз. Сәуірдің соңында күн жылынып, көктемнің лебі еседі. Сондықтан кәрі-жас, бала-шағаның бәрі ұлттық киіммен келіп, қуанышты бірге бөліссек деген ниет бар. Жалпы, алғанда биылғы Наурыз жаңа үлгіде өткізілмек!

- Бәрекелді! Бәріміз де ұлы істердің ұйытқысы бола білсек, кәні?!

Сұхбаттасқан – Сая МОЛДАЙЫП.

saryarka-samaly.kz