Павлодар қалалық мәслихатының депутаттары жолаушыларға көрсетілетін қызмет сапасын жақсарту мақсатында кезекті рейдке шықты. №66 бағытта қатынайтын автобусқа мініп, ондағы қызмет сапасын бақылап, көліктің техникалық жай-күйімен танысты.

Аталмыш автобус Мойылды ауылына таңғы 6.00-ден бастап кешкі 21.00-ге дейін қатынайды. Күніне 11 рейс жасайтын қоғамдық көлік шамамен мыңнан астам адамды тасымалдайды. Жолаушылар қоғамдық көліктің тұрғындарға қызмет көрсету сапасы сын көтермейтінін айтады. Әсіресе, барлық автобустардың ескіріп, сирек жүретіндігіне шағымданды. Тіпті, кейбір ауыл тұрғындары қосымша автобус қажет екенін айтады. Өйткені таңның атысынан күннің батысына дейін қала мен ауыл арасында қатынайтын жолау-шылар қарасы қалың. Көліктегі иін тірескен жолаушының көптігінен аяқ басар жер табылмай қалады. Айтуларынша, таңғы және кешкі уақыттарда бұл жағдай тіптен күшейе түседі. Сондай-ақ, жолаушылар автобустардың жиі қирап қалып, орнына шағын автобустар шығатынын айтады. Бұл, әрине, «жығылғанға – жұдырық». Салдарынан адамдар жапа шегеді. Осындай сәттерде көпшілік оқу мен жұмыстан кешігіп қалмас үшін амалсыздан қымбат бағаға такси жалдауға мәжбүр болады.

Ауыл тұрғындарының бірі автобус жүргізушісіне өтінбеген жағдайда Мойылды ауылына кіре берістегі «Олжас» аялдамасына тоқтамай өтетіндігіне налыды. Сол сәтте әңгімеге Мойылды кентінің келесі бір тұрғыны араласты. Ол жүргізушілердің кестесінде бұл аялдаманың жоқтығын және мұны жүргізушілерден талап етпей, әкімдікке хабарласу керектігін айтты.

№1 Автобус паркінің жетекші инженері Сергей Тарасов қоғамдық көлікпен Мойылды ауылына қатынайтын жолаушылар ағынын зерттеп, мұндай мәселелерді алдағы уақытта назарға алатынын жеткізді. Ал «Нұр Отан» партиясы қалалық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Нәйла Ахметова тұрғындар тарапынан түскен ескертулер мен ұсыныстардың алдағы уақытта ескерілетінін айтты.

Айта кетейік, осыған дейін қалалық мәслихат депутаттары №1 Автобус паркі мен «Трамвай басқармасы» АҚ-на барып, құрамның жағдайымен танысып қайтқан болатын.

Мереке АМАНТАЙ

saryarka-samaly.kz