ҚР Білім және ғылым министрлігіне қарасты «Ғылым ордасы» РМК жанындағы Орталық ғылыми кітапхана меңгерушісі Қарлығаш Қаймақбаеваның сөзінше, ұлы ойшыл Мәшһүр Жүсіп Көпеевтің биылғы 160 жылдық мерейтойына орай аймақтарда түрлі көрмелер ұйымдастырылып, ғұламаның қолжазбалары мен жеке заттары көрсетілуде. Бұқар жырау атындағы облыстық әдебиет және өнер музейінде ұйымдастырылған көрме де осы мерейлі датаға орайластырылып отыр.

- Көрмеге ғұламаның өз қолымен жазылған 29 құжатын алып келдік. Бұл құжаттарды біз ақынның туған жері – Ертіс-Баян өңіріне алғаш әкеліп отырмыз. Мақсатымыз – Мәшһүр атамыздың өшпес мұраларын оның жерлестеріне көрсету, таныстыру. Біз алып келген 29 құжаттың 25-і - қолжазба және қалған төртеуі - сирек кездесетін ескі кітаптары. Сонымен қатар, қолжазбалардың электронды нұсқасы көшірілген дискілер әкеліп отырмыз. Соңғыларын музей ұжымына сыйға тартпақпыз, - дейді Қарлығаш Ескендірқызы.

Көрмеге 1907-1912 жылдар аралығында Қазан қаласындағы Құсайыновтар баспасында басылған «Сарыарқаның кімдікі екендігі», «Тірлікте көп жасағандықтан көрген бір тамашамыз» және екі «Хал-ахуал» кітабы әкелінді. Ғұламаның кітаптары мен қолжазбаларының дені Алматыдағы орталық ғылыми кітапхана қорына 1950 жылдары түсіпті. Құнды мұраларды кітапханаға Мәшһүр Жүсіптің туыстары және көзін көрген жақын адамдары тапсырған. Сонымен қатар, қазақ зерттеушілерінің Мәскеу, Қазан, Ташкент сынды үлкен қалаларға жасаған ғылыми экспедициясы барысында көп құжат табылған екен.

- Мәшһүр Жүсіптің бізде сақталған қолжазбаларының көбі қазақ фольклорына, тарихына, әдебиетіне және мәдениетіне қатысты жазылған. Атап айтқанда, ешбір жерде кездеспейтін бата үлгілері, жар-жар, беташар, жоқтау, жұбату жырлары бар. Бұдан бөлек, Жанақ пен Түбек айтысы, Ұлбике мен Күдері айтысы, Мөңке мен Опан айтысы, Ақбала мен Боздақ айтысын айтуға болады. Сонымен қатар, Абылай хан және сол кездегі батырлар туралы жазбалары мен дін туралы аңыз-дастандары бар, - дейді Қарлығаш Ескендірқызы.

«Ғұлама тағылымы» көрмесіне Мәшһүр Жүсіптің қолжазбаларынан бөлек кесене жанындағы мемо-риалдық мұражайында сақталған жеке заттары да әкелінді. Яғни, көрмеге келгендер ғұламаның көзі тірісінде пайдаланған Құран кітабын, қалта сағатын, бой тұмарын, кісе белбеуін, дәрет алған құманын, ақша салған әмиянын, тіс тазалайтын мүстігін тамашалай алады.

Бұқар жырау атындағы әдебиет және өнер музейі директорының міндетін атқарушы Жеңіс Молдабековтің сөзінше, көрме үш күн болмақ. Сондықтан, Мәшһүр Жүсіп Көпейұлының бұрын-соңды біздің өңірде қойылмаған құнды мұралары мен жеке заттарын тамашалаймын деушілерге есігіміз ашық, дейді ол.

Тілеуберді САХАБА

saryarka-samaly.kz