Республикалық Atameken Business Channel бизнес порталының мәліметіне сүйенсек, жыл сайын қолданылатын дәстүрлі тетік бойынша ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі, аумағында егін егілетін барлық облыстар әкімдіктерімен бірлесіп, ауыл шаруашылығы өндірушілерінің жанар-жағармай (ЖЖМ) материалдарына деген қажеттіліктерінің көлемін анықтап шыққан. Бұл ретте олар аграршылардан қанша көлемдегі жерде дән егу жұмыстарын жүргізетіндері туралы егжей-тегжейлі ақпарат алғызыпты. Сол деректер негізінде ЖЖМ шығыстарының нормативтері есептелген. Қорытынды түйіндер мен сандар белгілі болған соң, аталған ведомство еліміздің энергетика министрлігіне егін егу жұмыстарын жүргізу үшін қажетті жанар-жағармай жеткізу көлемдері туралы ұсыныстар енгізді.

Сонымен облыс әкімдерінің орынбасарлары растап, қол қойған өңірлердің ресми өтініштеріне сәйкес, биылғы жылы көктемгі-егіс жұмыстарын жүргізу үшін маусым айына дейін жалпы ауқымы 375 мың тонна дизель отыны қажет болады деп күтілуде. Бұл ретте өңірлерге дизель жөнелту кестесі тікелей әрбір әкімдіктің өтініші негізінде құрастырылады.

Павлодар облысы ақпан және наурыз айларына егіс жұмыстары үшін дизель отынын сұратпаған. Біздегі егіс алқаптарындағы қызу тірлік наурыз-сәуір айынан басталатыны белгілі. Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының міндетін атқарушы Марат Шұғаевтың айтуынша, биыл аймақтағы көктемгі егіс жұмыстарына шаруаларға 16 мың тонна көлемінде жеңілдетілген бағамен дизель отыны берілмек.

Сондай-ақ, ауыл шаруашылығы министрлігі өкілдерінің мәліметінше, бұрын мемлекеттік қолдау ретінде дизель отыны диқандарға көктемгі егін егу және күзгі орақ кезінде арзандатылған бағамен берілетін. Кейбір жылдары оның бағасы әр литрі үшін 80 теңгеге дейін төмендетілген. Ал бүгінде дизель отынын ауыл шаруашылығы өндірушілеріне орташа нарықтық бағамен жеткізу көзделген. Өйткені қазіргі уақытта бағаларды мемлекеттік реттеу тек АИ-80 маркалы бензинге қатысты ғана іске асырылады. Дизель отыны бағасын мемлекеттік реттеу болса, 2016 жылдың тамызында жойылды. Бірақ әрбір өңірді белгілі бір мұнай өңдеу зауытына бекіту тәжірибесі қалды. Бұл ретте, негізгі салмақ Павлодар мұнай-химия зауытына түспек. Қазақ елінің басты астықты облыстары соның еншісінде. Нақтырақ айтсақ, Павлодар, Ақмола, Солтүстік Қазақстан, Қостанай, Қарағанды, Шығыс Қазақстан облыстарының дән егу маусымында жанар-жағармайдан қысылмауы ПМХЗ-ның мойнында болады. Тұтастай алғанда, бұл зауыттан аталған өңірлерге 261 мың тоннадан астам дизель жөнелтілмек.

Биыл елімізде 21,8 миллион гектарда ауыл шаруашылығы дақылдары егіледі деп жоспарланып отыр. Соның ішінде дәнді дақылдар 14,7 миллион гектарын жайлайды. Бірақ оның тек 11,4 миллионы ғана бидайға тиесілі. Осылайша, «ас атасының» егістік көлемі өткен жылғыдан тағы 0,5 миллион гектарға азайтылып отыр. Оның орнына еліміз әлемдік нарықта сұранысы әрі бағасы жоғары майлы дақылдарға ден қоюда. Биылғы жылы бұлардың егістігі шамамен 2,6 миллион гектарды қамтиды.

Данияр ЖҰМАДІЛ

saryarka-samaly.kz