- Серік, кезінде елдің еркесіне айнал-ған «Думан» тобы тарап, сіздер жеке-жеке кеттіңіздер. Бірақ...

- Негізі, «Думан» тобы тараған емес. Уақытша өз-өзімізге демалыс жарияладық. Сонымен қатар біздің уақытша топтың жұмысын тоқтатуымызға триодағы Назымбек пен Рүстемнің Астана қаласына қоныс аударуы себеп болды. Жігіттер бас қалаға барып, үйреніп, жұмысқа орналасуларына уақыт керек болды. Содан бері 3 жыл өте шығыпты. Бірақ біз үшеуіміз ешқашан байланысымызды үзген емеспіз. Топтың жұмысын да естен шығармадық. Тіпті, өзімізді жеке әнші ретінде қалыптастырып, репертуарымызға жаңа әндер қосып, бейнебаян түсіріп алуымызға да уақыт табылды. Топ жұмысын тоқтатқанымен, біз шығармашылықтан қол үзіп, сахнадан кеткеніміз жоқ.

- Бәрекелді! Бұл топтың тыңдарман-дары үшін қуанышты жаңалық болары сөзсіз. Қазір «Думан» тобы немен айналысуда?

- Иә, бізді сахнадан іздеп, топтың ертеңгі күніне алаңдаған барша ағайынға алғысымызды білдіреміз. Ал «Думан» тобы не істеп жүр?» деген сауалға келетін болсам, біздің тыңдармандарымыз үшін аздаған тосынсыйымыз бар. Ол осы жақын күндері, яғни 1 сәуірде сағат 19.00-де Естай атындағы мәдениет сарайында «Сағыныш» атты ән кешін өткізбекпіз. Қазір сол концертке әзірлік жүріп жатыр.

- Сіздерді сағынған тыңдарман-дарыңызды қалай таң қалдырмақсыздар? Концертте жаңа әндер орындала ма?

- Осы кеште орындалатын әндердің 70-80 пайызы жаңа туындылар. Сонымен қатар «Думан» тобын ел арасына танытып, үлкендердің ақ батасын әперген, іні-қарындастарымыздың сүйікті әніне айналған ескі туындыларымыз да шырқалатын болады. Жеке орындауда да ән айтамыз.

- Серік, қазіргі таңда өнер саласында не көп, құрылған топтар көп. Әр ұжым өзінше бір жаңалықпен келуде. Олардың қатарында сынның садағына ілініп жатқандары да бар, елдің қошеметіне бөленіп, топ жарып жүргендері де жетерлік. Жастармен бәсекелесуге дайынсыздар ма?

- «Думан» тобы алғаш құрылған 2005 жылдан бастап 2015 жылға дейін алатын асуын алып, тиесілі белесін бағындырды деп ойлаймын. Талай байқауларға қатысып, топ жарып жүрдік. Біздің қазіргі мақсатымыз жастармен жарысып, додаға түсу емес. Осы күнге дейін жинақтаған тәжірибемізді шыңдап, қазақ әндерін тыңдарманына жеткізу ғана.

- Ұйымдастыру жұмысы туралы кеңірек айтып өтсеңіз. Топтың продюсері бар ма?

- Біз топ болып құрылғаннан бері ешқандай продюсермен жұмыс істеп көрмеппіз. Қазіргі уақытта да жоқ. Оның бәрі - уақыт еншісіндегі дүние. Егер болашақта жобалары нәтиже беріп жүрген адам кездессе ойланып көруге болады. Бірақ дәл қазір бізге продюсер керек емес. Біз әр қалада тұрамыз, алайда бұл бірігіп өнер көрсетуімізге кедергі болмайды.

- Алдағы жоспарларыңызбен бөліссеңіз...

- Қазіргі бар жұмысымыз 1 сәуір күні өтетін концертімізді ұйымдастыру болып тұр. Осыдан кейін аудандарды аралап «Думан» тобының концертін береміз. Гастрольдік сапарымызды Баянауыл ауданынан бастамақпыз. Одан кейін Арқа еліне барып, ол жақтағы тыңдармандарымызбен қауышып келуді жоспарлап отырмыз. Жаңа бейнебаян түсіру керек, жаздыратын әндеріміз бар.

- Қазақ өнері өрге бассын!


Сұхбаттасқан – Қарлығаш ХАШЫМҚЫЗЫ.

saryarka-samaly.kz