Stem – дүние жүзіндегі білім беру саласында ғылым, технология, инженерия және математика деген мағынаны білдіреді. «Stem олимпиада» мұғалімдерге оқушылардың назарын жаратылыстану пәндеріне аударуға және күрделі ғылыми тұжырымдарды тәжірибе жүзінде еркін игеруіне көмектесетін, әлемге кең таралған мектепаралық ғылыми жарыстар-дың бірі болып саналады.

Өңірімізде тұңғыш рет ұйым-дастырылған байқауда бақ сынаған жас дарындар берілген тапсырмаға сәйкес, түрлі конструкцияларды құрастырып, қуатты сақтау заңдарымен байланысты тәжірибелермен жұмыс істеп, қазылар алқасының жоғары бағасына ие болды.

Зейінді оқушылардың ғылыми бәйгесінде «Білім-инновация» лицейі жеңімпаз деп танылды. Екінші орынды облыстық көпсалалы дарынды балаларға арналған мектеп-лицейінің командасы қанжығасына байлады. Ал үшінші орынға Ақсу қаласы дарынды балаларға арналған мамандандырылған гимназия ие болды.


Жас ұландар

Ақтоғай ауданында оқушылар арасында «Ұлы даланың жас ұландары» атты форум ұйымдастырылды.

Бірнеше бөлімнен тұратын шарада оқушылар білімдерін ортаға салды. Мәселен, «Мен – патриотпын» атты алғашқы бөлімде 1-4-сынып оқушыларының шығармашылық қабілеттері сынға түсті. Балалардың салған суреттерін қазылар алқасы жоғары бағалады. «Қазақстан: тарих, кемел келешек» деп аталатын бөлімде 8-9-сынып оқушыларына ел тарихы жөнінде кеңінен мағлұмат беріліп, балалар Қазақстанның болашағы жөнінде ойларын жеткізді, ұстаздарына сауалдарын жолдады. Бұдан бөлек, жоғары сынып оқушылары арасында интеллектуалды ойындар мен дебаттар ұйымдастырылды. Шарада жүзден жүйрік атанған оқушылар жүлделі орындарға ие болып, оларға сыйлықтар үлестірілді. Алдағы уақытта аталмыш шараны дәстүрлі түрде өткізу жоспарлануда.

А.АСҚАРҚЫЗЫ.


Төл ойын төрге озды

Павлодар қаласындағы №1 орта мектепте асық атудан және тоғызқұмалақ ойындарынан мектепішілік сайыс өтті.

Шараның басты мақсаты - оқушылар арасында ұлттық ойынды дәріптеу. Жастардың Отанға, туған жерге деген патриоттық сезімдерін ұштау.

Асық ату ойынына әрқайсысы 4 оқушыдан құралған 10 команда, тоғызқұмалақ бойынша 8 команда қатысып, бақ сынады. Шараға жеке кәсіпер Руслан Қайырханов қатысып, демеушілік көрсетті.

Асық ату сайысы бойынша 7 «Б» сыныбы 1-орынды, 7 «А» сыныбы 2-орынды, 3-орынды 8 «Б» сыныбы иеленді. Тоғызқұмалақтан өткен бәсекеде 8 «А» сыныбының командасы қарсылас шақ келтірмеді. 6 «Ә» сыныбы мен 7 «Б» сыныбы өзара бөлісті. Сондай-ақ, ойын өрнегімен ерекше көзге түскен Михаил Бортвин, Диас Байкиндер үздік ойыншы атанды.

А.ӘБДІЛҰЛЫ.


«IZDEU-2018»

С.Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетінде іздеу жасағының халықаралық І форумы өз жұмысын бастады.

Форум «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында «Қазақстан электролиз зауыты» АҚ жанынан ашылған «Майдан жолы» іздестіру-зерттеу жасағының 10 жылдығы қарсаңында өткізіліп отыр. Шараға Ресей Федерациясының Мәскеу, Ленинград, Псков, Кировск, Новосібір қалалары мен Омбы облысының, Алтай өлкесінің және Украинаның Харьков облысынан, Беларусь республикасының Брест қаласынан, Эстониядан арнайы қонақтар шақырылған. Сонымен қатар, форумға аты аңызға айналған командир, генерал И. Панфиловтың немерелері де арнайы келді.

Шара барысында ұзақ жылдар әскери құжаттарды мұқият зерттеген танымал тарихшылар, РФ Қорғаныс министрлігі Подольск мұрағатындағы құжаттарға қол жеткізген іздестіру топтарының командирлерімен және жауынгерлермен кездесу ұйымдастырылмақ.

Айта кетелік, қазіргі таңда Павлодар облысы Қазақстандағы іздеу қозғалысының орталығы болып табылады. Өңірде «Майдан жолы» және «Панфиловшылар» іздеу жасағы үздіксіз жұмыс істеп келеді. Ал «Батырлар жолы» халықаралық жобасының аясында 10 жыл ішінде РФ аумағында ҰОС ардагерлеріне арналған 23 ескерткіш қалпына келтірілген.

Аталмыш шара 22 наурызда түйінделеді.

Қ.МҮСӘЙІП.

saryarka-samaly.kz