Достық үйінде өткен ресми кездесуден соң Павлодар облысының әкімі Болат Бақауов пен Омбы облысының басшысы Виктор Назаров «Назарбаев зияткерлік мектебін», жаңғырту жұмыстары жүргізіліп жатқан Павлодар мұнай-химия зауытын, полипропиленнен бұйымдар жасап шығаратын «Нефтехим LTD» ЖШС-ін аралап шықты. Сонымен бірге «Қазэнергокабель» ЖШС-дегі кабель өндірісімен танысты. Одан соң делегация арнайы экономикалық аймаққа (АЭА) табан тіреді.

- АЭА-ның бейрезиденттері үшін корпоративтік табыс салығы 20 пайызды құраса, резиденттер тіпті салық төлемейді. Оған қоса, оларға жер салығы салынбайды. Осы және басқа да көптеген артықшылықтар 2036 жылға дейін жүзеге асырылатын болады, - деді «Павлодар АЭА» басқарушы компаниясының басшысы Александр Зореев.

Бүгінгі таңда арнайы экономикалық аймақта 5 кәсіпорын орналасқан. Тағы да 6 жоба іске асырылуда. АЭА мүмкіндіктеріне баға берген Виктор Назаров, мұндай арнайы аймақтардың инвестициялар тарту үшін жақсы шешім екенін атап айтты.

- Бизнес үшін мұндай аймақта жұмыс істеп, өз өнімін Ресейге өткізу тиімді екені айдан анық. Мұнда қолданылып отырған салық салу әдісін есепке алатын болсақ, бұл тиімді іс болмақ. Оған қоса, логис-тика жағынан да ыңғайлы – Омбыдан Павлодарға дейін бар-жоғы 400 шақырым, - деп атап өтті.

Сондай-ақ, меймандар Инновациялық Еуразия университетінде болып, ынтымақтасу және білім берудегі арнайы бағдарламаларды жүзеге асыру мүмкіндіктерін талқылады. Омбы делегациясы білім беру қызметінің әр түрлі бағыттары бойынша ынтымақтастық, оның ішінде магистратура және оқытушы-профессорлық құрам мен студенттердің академиялық мобильділігі бағдарламалары бойынша мәселелерді талқылау үшін ИнЕУ оқытушыларымен арнайы кездесті.

Жиын барысында Ресей Федерация-сының ЖОО-ларында білім алғысы келетін Павлодар облысының талапкерлеріне Омбы мемлекеттік университетіне оқуға түсуге ықпал ету бойынша мәселелер қарастырылды. Бұл орайда Омбы университеттері көпдеңгейлі білім беру орталығы болып табылады. Ал, ИнЕУ - әлемдік стандарттарға сәйкес білім сапасын қамтамасыз ету, бәсекеге қабілеттілігін арттыру мақсатында академиялық ұтқырлық бойынша бағдарламаны белсенді жүргізіп келе жатқан оқу орны. Алдағы уақытта екі облыс университеттері академиялық ұтқырлықты дамыту бойынша бірлескен бағдарламаларды жүзеге асырмақ. Сондай-ақ олар студенттермен, педагогтармен алмасып, бірлескен ғылыми-зерттеулер бойынша білім беру бағдарламаларын дайындайтын болады.

Кездесуде бірлескен оқу бағдарламаларын жүзеге асыру, білім беру бағдарламаларына қатысу мәселелері сөз болды. Инновациялық Еуразия университетінің ректоры Марат Баяндин мен Омбы облысы Заңнамалық жиналысының депутаты, білім, ғылым, мәдениет және жастар саясаты бойынша комитет төрағасы Владимир Половинко екі облыс арасындағы жоғары оқу орындарының бірлескен оқыту бағдарламаларын жүзеге асыру жөніндегі меморандумға қол қойды. Шетелдік қонақтар ИнЕУ мұражайын аралап, университеттің жеткен жетістіктерімен, тарихымен танысты.

Губернатор Виктор Назаров бастаған Омбы облысының ресми делегациясы «Қоғамдық келісім» сарайында Қазақстан халқы Ассамблеясының облыстық филиалының мүшелерімен де кездесті. Жиын соңында қос тарап, яғни Қазақстан халқы Ассамблеясының облыстық филиалы мен Омбы қаласының Достық үйі арасында ынтымақтастық туралы келісімге қол қойылды.

 


Мереке АМАНТАЙ

 

saryarka-samaly.kz