Қыдыр немесе Қызыр – Мұса пайғамбардың дәуірінде өмір сүрген, ислам дініндегі пайғамбар, хикмет пен ілім иесі делінеді. «Қызыр» аталу себебін Мұхаммед пайғамбар жүрген жері гүлденіп, көгеріп, көктеп сала беретін ерекше қасиетімен түсіндірген. Қазақтың құт қонған, береке дарыған деген мәнді Қыдырмен байланыстыратыны осыдан.

Құранда Қызыр туралы ашық айтылмайды. Алайда, «Кәһф» сүресіндегі: «Өз тарапымыздан оған рақым берген және ілім үйреткен құлдарымыздың бірі», – деп тілге тиек етілетін кісінің Қызыр екені аңғарылады. Кейбір дінтанушы ғалымдар оны Ілияс пайғамбар деп жорамалдайды. Құран Кәрімнің Кәһф сүресінде Мұса пайғамбар сапарға шыққан кезде Қыдырға жолыққаны, Алланың оны Мұсаға тағылым үйрету үшін арнайы жібергені жайлы айтылады (66 аят).

Кей халықта ол теңізде сапар шегушілердің қамқоршысы деп есептелсе, үнділер су иесі деп қабылдаған, сондай-ақ өрттен, су тасқынынан, ұрлықтан, жылан шағудан сақтайтын пір деп те есептеледі. Сонымен қатар жыр мәтіндерінде Қыдыр ата мен Қызыр ата, Ілияс есімдері дербес үш тұлға ретінде аталады («Қызыр ата, қырық шілтен; Қыдыр менен Ілияс; олар да болсын жолдасың» немесе «Қызыр Ілияс жар болып, Қыдыр ата қолдасын»). Осыған байланысты «Қыдыр» мен «Қызыр» (Хадир, Хидр, Хизр) бейнелерінің екі түрлі мифтік бастаудан өрбіп, уақыт өте есімдерінің сыртқы ұқсастығына және мифтік сәйкестігіне қарай бір бейне ретінде түсіндірілгенін топшылауға болады. Қазақ халқының ұғым-түсінігінде Қыдыр сәттілік пен бақ беруші, көбіне иман жүзді қарт түрінде бейнеленіп, өзін көзімен көру сәті түскендерге бақыт сыйлаушы ретінде суреттеледі.

Қазақтар Ұлыс күнді «Жыл басы» санайды. Бұл күні – аспан денелері өздерінің ең бастапқы нүктелеріне келіп, Күн мен Түн теңелетін, жан-жануарлар төлдеп, адамдардың аузы аққа тиетін, жер үстіне шаттық орнаған күн. Қазақ елі осы күнді «Ұлыстың ұлы күні – ұлыс күн» деп атаған. Григориан күнтүзбесі бойынша ескіше – 9 наурыз, жаңаша 21-нен 22-не қараған түн осы күнге сәйкес келеді.

Халқымыздың мифологиялық түсінігі бойынша 21 наурыз түні даланы Қызыр аралайды екен. Ол Ұлыстың ұлы күнінде әр елге келіп, әр шаңыраққа соғып бата береді. Сондықтан әр үй Қыдыр атаның жолын күтіп, өздерінің жанын да, тәнін де, киер киім, ыдысы мен бұйымдарын да таза ұстауға тырысады. Үйдің іші-сыртын, қора-қопсыны тазартып, ағаш егіп, өсімдікке су құяды. Мұсылман қауымы мұндай үйге Қыдыр ата түнеп немесе бата беріп кетеді деп түсінген. «Қыдыр қонған», «Қыдыр дарыған» деген сөздер осындайдан шыққан.

«Хызыр» сөзін қазақшаға аударсақ жасыл адам деген мағына шығады. «Хадар» – арабша жасыл деген сөз. «Хадрауат» - жасыл көкөністер. Бұл кісінің Хыдыр деп аталуына бірнеше дәйектемелер бар. Хыдыр егер бір жерге отырып кейін ол жерден тұрып кеткенде, әлгі отырған жері жап-жасыл боп қалады екен. Екіншіден, ол кісі жасыл киім киіп жүрген екен. Осы себепті жасыл адам яғни, Хыдыр деп аталып кеткен екен.

Әзірлеген - С.ТАУҚЫЗЫ.

saryarka-samaly.kz