Қаржаубай САРТҚОЖАҰЛЫ, филология ғылымдарының докторы, тарих ғылымдарының кандидаты, Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті Түрік, Алтайтану ғылыми зерттеу орталығының директоры

Қандай да бір ұлттық дәстүр-салт, тұрмыстық ерекшелік тіршілік көзі - дастарқаннан көрініс беруі заңды. Ас-дәміне қарап, сол халықтың басқадан даралығын байқауға болады.

Ұлы жіліңгір той-думан, аста, наурызда, қонақ кәдеде елдің құрметті адамдарына, ақсақалдарға дастарқан жаяды. Жайған дастарқанға қарап келген адамдар өзін сол орта, отбасы қаншалықты құрметтегенін түсінеді, рақмет айтып, көңілі толып қайтады.

Негізінде, қазақ халқының дастарқанының киелі ырысы, оның нышандық (символдық) кәдесі - «Бас». Мәселен, Наурыз дастарқанына 7 түрлі тағам дайындап, көже ішкізіп қана аттандырмайды, сол елдің, ұлттың дастарқан ырысы, құты - қойдың басы тартылады.

Тәңірдің адамға жіберген алғашқы сыйы - қой деп ежелгі дәуір адамдарының дүниетанымына сіңген. Оның себебі - адам ең әуелі қойды қолға үйреткен, тіршілік көзіне айналған. Оның бірден-бір куәсі Мысырдағы перғауын пирамидаларының жанына қойылған көк қошқарлар (қойлар) мүсіні, Күлтегін, Білге қаған кешендеріндегі қойлар мүсіні, Үстірттегі қабір басындағы қошқарлар, басқа да жүздеген деректер сақталған.

Ислам дініндегі Ибраһим пайғамбар (а.с.) баласын құрбандыққа шалмақшы болғанда көктен Алла Тағала көк қошқар түсіргені бәріміздің түсінігімізде сақталған.

Астау табаққа сүбе қабырға, белдеме, омыртқа, асық жілік, жамбас қойып барып, оның үстіне бас қойылады. Жауырын табақтың шетіне таман орналасады. Осылайша орналастырып алып, сыйлы қонақтардың алдына бас бастаған кәделі табақ тартылады. Дастарқанда отырған қонақтардың ішіндегі ақсақалы бата оқығаннан кейін пышақпен қойдың маңдайын қасқалап тіліп қас таңба салады. Қас таңба - бақытты болуды, құт қонуды, әрқашан жолы ашық болуды ырымдаған мәңгілік құттың символы.

Наурыз тойында Наурыз дастарқаны осылайша ашылып, бүкіл елге бақыт тілейді.

Бас тарту дәстүрі қашан, қай дәуірден басталғаны хақында елімізде «Рухани жаңғыру» басталған осынау бақытты кезеңде халыққа жеткізуді мұрат тұттық.

Дәстүр-салт тұрмыстық дастар-қаннан басталады. Отбасының иесінен бастап сый қонаққа, той-думанға, өлім-жітімге дайындаған ас мәзіріне қарап-ақ, сол ұлттың арғы бабаларынан бермен қарай тіршілік көзі болған қандай шаруашылықпен айналысқаны хақында түсінік аласыз. Жер игеріп, отырықшы ғұмыр кешкен қытайлар Чжоу дәуірінен (ж.с.б. 1122-256 жж. бастап) сыйлы қонағына доңыздың басын тартса, славяндар нан мен тұз, жапондар сакия шайын ұсынады. Сондай-ақ, Орталық Азия көшпенділері қойдың басын тартады. Отырықшы халықтардың да, көшпенділердің де бұл кәдесі игерген шаруашылығына тікелей байланысты.

Монғолия мен Түркияның біріккен экспедициясы 2001 жылы Білге қағанның кешеніне қазба жұмысын жүргізген. Білге қаған кешені Орхон дариясының бойына Күлтегін кешенінің оңтүстік жағына, 500-дей қашықтықта орналасқан. Археологиялық қазба жұмысының барысында Білге қағанға арналған ғибадатхана ішіндегі Қаған мен Қатын мүсінінің алдына жозатас (дастарқан орнына) орналастырған. Оның үстіне төртбұрыш күміс астауға қойдың кәделі мүшелерін салып, оның үстіне қойдың басын әспеттеп орналастырған. Бастың танауы Білге қаған мен Бүбі бегім қатын мүсініне қаратылған. Координатын шамалап көрсетсек, бастың танауы солтүстік батысқа қарай (Білге қағанға бағыттап) сәл бұрып орналастырған.

Бастың оң жақ астына жамбас, белдеме, сүбе қойылған. Жауырын осы табақтың оң жақ шетіне таман орын тепкен. Бастың сол жақ астына асық жілік, омыртқа, белдеме, қара қабырға және буын жігін айырмастан мойын, арқа қойылған.

Археологтар қойдың басы мен кәделі мүшелеріне көп мән бермеген екен. Осынау құндылық біздің назарымызды өзіне тартып, қызығушылық тудырды.

Бүгінгі түркі тектес, түркі тілді халықтардың ас мәзіріне байланысты дәстүрлі тұрмыстық жора-жосындарын қарастырып, іздеу салдық. Өкініштісі, қазақтан басқа ешбір түркі халқы сыйлы қонағына қойдың басын кәде-сый ретінде ас мәзіріне қоспайды екен. Біз мұнымен шектеліп қалмай, ары қарай іздестіре бастадық. Ерте орта ғасырда өмір сүрген көк түріктердің сыйлы адамына тартқан ас мәзірінің бас кәдесі – қойдың басын Ғұндар да (ж.с.б. II-ж.с. I ғғ.) дастарқанның киелі кәдесі ретінде қолданып ұлықтаған екен.

Шығыс Түркістанның (бүгінгі Шиньжан) Тәңіртау етегіндегі Луопу ауданы, Шампула қорымының №5 қабіріне 1984 жылы археологиялық қазба жүргізген. Қабір Қытайдың Хань дәуіріне (ж.с.б. 206-ж.с. 220 жж) қатысты. Осы қабірден ағаштан жасалған, төрт аяқты астау табаққа салынған, қойдың жамбас, асық жілік, белдеме сияқты кәделі мүшелердің үстіне қойдың басы қойылған. Бұл - этнографиялық тарихи-мәдени құндылық.

Көк Түрік пен Ғұндарда болған кәделі сыйас ежелгі сақтарда (скиф) да болуы мүмкін деген үмітпен іздестірдік. Үмітіміз алдамай, сақтардың археологиялық мұралар арасынан да табылды. Бір емес, төрт данасын таптық. Бұл мұралар ежелгі сақтардың атамекені бүгінгі Шиньжан жерінен олжа салды. Сақтарды (скиф) бүгінге дейін қытай ғалымдары мен батыстың зерттеушілері иран-парсы этносына жатқызып, түркілерден алыстатып келген-ді. Іздестіру барысында сақтардың палеоэтнографиялық көптеген жора-жосындары, дәстүрі түрік мәдениетінің құндылықтарымен сабақтастығына куә болдық. Соның бірі - дастарқан мәзірінің киелі кәдесі - сыйас. Археологиялық қазба барысында табылып, Шиньжанның Орталық мұражайында, Шиньжанның Археология институтының фон- дында сақталған. Олар 1984 жылы қазылып алынған. Шиньжан Орталық мұражайындағы №0205 нөмірлі тасаттық дастарқаны. Төрт аяқты ағаш астауға жамбас, сүбе қабырға, белдеме және жая (құйымшақ жамбастың буынын айырмай бүтін қалдырған) үстіне тасаттық бас қойылған. Бұл жора-жосын сақ (скиф), ғұн, көк түрік, қыпшақ, қазақ хандықтары мен қағанат дәуірлерінде сабақтастығы үзілмей ондаған жүз жылдар бойы жадымызда сақталып, бүгінгі XXI ғасыр қазақтарына жетіп отыр.

Көшпелілер әлемінің дастарқаны - дипломатияның алтын қоры. Келген қонақты қандай дәрежеде қабылдап отырғанын тек қана асқан еттің мүшелері арқылы біліп бағалайды. Бұл - Ұлы даланың психологиялық құпиясын сақтаған далалық демократияның этикасы. Есте жоқ ежелгі дәуірден басталған далалықтардың салт-дәстүрлері - олардың дүниетанымының субстанциясы. Осы субстанциялық тұрмыстық жосындар қоғам өркеніне сай өзгере, жетіліп, орталықтанған бір билікке топтасып, мемлекет құрған кезде мемлекеттік, ұлттық салтқа айналады. Осылайша, бүгінгі біздің көптеген салт-жоралғыларымыз тым көне дәуірден басталғанына куә боламыз.

Көк Түріктің Білге қаған кешенінде сақталған бір ғана басқа арналған зерттеуімізді тұжырымдай келіп, мынадай қорытынды шығаруға болады: біріншіден, қазақ халқының салт-жоралғылары ғасырлар тереңінен бастау алып, бүгінгі ұрпаққа жалғасқан. Осы деректің өзі басқалар айтып, жазып жүргендей, қазақ жас ұлт емес, оны қалыптастырған - ондаған алпауыт тайпалар осы Ұлы даланың ежелгі қожайыны. Екіншіден, бұған дейін батыс, шығыстың зерттеушілері ежелгі сақтарды (скиф) иран-парсыға, арийлерге теліп келген еді. Осыны жоққа шығаруға әсер ететін тамшыдай ғана бір дерек ғылыми қорға олжа салады деп есептейміз.

Міне, Ұлыстың ұлы күні Наурыз, басқа да ұлық мейрам, жиын-тойларда қазақтың бас тарту рәсімінің қысқаша тарихы осындай!

Жазып алған – Сая МОЛДАЙЫП.

saryarka-samaly.kz