Тіліміздің жаңа көркемдік деңгейге жетуіне Абай Құнанбайұлы мен Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы елеулі үлес қосты. Мәшһүр Жүсіп сөз өнерінің құдіретіне терең бойлап, нақышын келтіріп, сөз әлеміне еркін самғай білген дана тұлға. Ол: «Алла тағала адамға ғақыл сықылды нұр берді, көңіл сықылды гүл берді, ой сықылды жазушы берді, тілді көңілге переводчик қылды. Көз сықылды шамшырақ берді, мұрын сықылды екі демалысқа жол берді. Құлақ сықылды тыңшы берді, аяқ сықылды ат берді, қол сықылды қанат берді. Бауырға міһір шағқат, талаққа күлкі, бүйрекке қулық- айла, өкпеге желпуіш, құрсақты қазына, жүректі күллі дүниеге тұтқа қылды» деп, діни түсіністіктермен байланыстыра келе тіл мен жүректің, ең бастысы ниеттің маңыздылығын ашып көрсетуге тырысқан. Демек, тіл - жүректің, сөз көңілдің тұтқасы болса керек.

Халқымыздың сарқылмас қазынасы ауыз әдебиеті мұралары мен ел арасындағы қолжазбалар қоры болмақ. Осы екі арнаның басын қосып, жазба әдебиетінің негізін қалаған Мәшһүр Жүсіптің бай мұрасы, артында қалған саналы ұрпақтың зерделеп оқуына, зерттеуіне, мақтан тұтуына әбден лайық. Мәшһүр Жүсіп халықтың сана-сезімі мен ұлтжандылықты ояту үшін алдымен ұлттың тілі мен тарихын, әдебиеті мен болмысын өрістету керек екенін сезініп, ұлт мұрасын уағыздауды мақсат тұтты. Мәшһүр Жүсіптің жинақтаған мұралары мен өмірбаяндық өлеңдері, өзі өмір сүрген дәуірдің бет пердесін аша түсері анық. Ол тарихты жазуда жер тарихын, ел тарихын, жеке адам тарихын біртұтас сипатта қарастырып, өзара тығыз қарым- қатынастар жүйесінде баяндайды.

Мәшһүр Жүсіп «Нәпсі, рух туралы» деген еңбегінде: «Онан соңғы тілде қазақ тілінен асыл, қазақ тілінен бай тіл жоқ. Сол ата-бабасының тілі болған қазақ тілін осы күнгі жүрген қазақтың жалғызы білмейді. Егер қазақ тілін білсе: дін де осында, ғылым, білім де осында, әулиешілік те осында. Солай болғаны үшін бұрынғы өткен ата-бабаларымыз бәрі жақсы болып, әулие болып өтті» деп, қазақ тілінің көне әрі өміршең екендігін ескертіп, тілді құрметтеуге, білімді дәріптеуге шақырады. Ахмет Байтұрсынов: «Өз алдына ел болуға өзінің тілі, әдебиеті бар ел ғана жарай алатындығын біз ұмытпауға тиіспіз» деп, тіл мен сөздің құдіретіне көңіл бөлсе, Жүсіпбек Аймауытов: «Ана тілін жақсы меңгере алмай тұрып, өзге пәндерді түсіну мүмкін емес» деп, ана тілінің ұлттық маңызы бар қару екенін көрсетеді. М.Әуезов: «Кімде-кім қазіргі уақытта ана тілін, өзінің әдебиетін сыйламаса, бағаламаса, оны сауатты, мәдениетті адам деп санауға болмайды» деп, ана тілінің қажеттілігі мен тәрбиелік мәнін ашып көрсетуге тырысса, Ғұмар Қараш: «Тiл болмаса, ұлт та болмайды. Яғни, ол ұлт бүтiндей өлген, жоғалған ұлт болады» деп, тілдің өркениеттің айғағы екенін ескертеді. Тіл мәселесінің қашанда ұлыларды тебіренткені заңдылық. Тіліміз - бірлігіміздің тірегі, халқымыздың ұлттық байлығы. Сөз өнерінің шыңынан нәр алған Мәшһүр Жүсіп «Сөз жүгі» деген еңбегінде: «Көңіл - бір жатқан кен. Сөз - онан шыққан гауһар. Ауыз - бір садап. Сөз - онан шыққан гауһар. Тіл - бір болат метін. Оның майдалап, уатып, жасап шығарып жатқанының бәрі сөз жүгінің хамалы» деп, тілдің иесі өзіміз екенін ашып көрсетеді.

Ұлтты ұлт ретінде ұстап тұратын төрт қазық бар. Олар - тілі, діні, саны және салт-дәстүрі. Осы төрт қазықтың ең маңыздысы - тіл. Ахмет Байтұрсынов: «Сөзі жоғалған халықтың өзі де жоғалады» деп көрегендікпен айтып кеткен болатын. Ал Мәшһүр Жүсіп: «Сөз өзі не нәрсе? Сөз - адамның өнері. «Өнер алды - қызыл тіл» деген адамның ғазиз шариплік сөзбен болды» деп, тіл мен сөздің егіз екенін аңғартып, бізге ана сүтімізбен бірге сіңетінін ескертеді. Енді бірде Мәшһүр Жүсіп: «Хайуан сөз өнері болмағаннан хайуан болды. Бұ дүние бір қараңғылықтай нәрсе. Оны жанды қылатұғын абхаят сөз. Кәлім хафис: «Өліп қалған көңілді тірі көрір. Сәздің ләзатын адамның жаны рақат алұр...» деп, сөз құдіретіне бас иеді. Мәшһүр Жүсіп: «естігенін ұмытпайтұғын құлағының тесігі бар, кеудесінің есігі бар, ұқпа құлақ жандар болған. Сондай жандардың айтуымен кеудесі хат, естігені жад болған қариялар кейінгіге ауыздан ауыз алып айтумен үлгі-өсиет қалдырған», - деп, көне тарихтың сыр-сипатын, шынайы болмыс-бітімін ашып, рухани құндылықтарды терең тануға тырысқан. Мәшһүр Жүсіптің мұрасы ғажайып құпия мен сырға, тылсым тазалыққа, ақиқатқа және адалдыққа толы. Ең бастысы, ол өміршең.

Академик М.Қаратаев та ХХ ғасырдың бас кезіндегі ақындардың шығармашылығын саралай келіп: «М.Көпеевтің қазақ әдебиетінде әрі ақын, әрі жинаушы ретінде алатын орны ерекше» - деп бағалапты.

Мәшһүр Жүсіп: «Әкесі - қазақ, шешесі қазақ тілін өзі білмейді, өзінің білмейтұғындығын тағы білмейді. Жаһил мүр-а каббе болып жүріп: «Сарт тілін, араб тілін білемін!» деп әуре болады екен де, «Ит жаманы - аңда жоқ, даңда да жоқ» дегендей, екі орта бос қалады екен. Бұл ойлады: «Бұл оқу оқымақтан мақсат - мұнымен дүние тауып алмақ, бай болмақ, қатын алмақ, ағаш үй салмақ, мал малданып, жал жалданбақ екен!» деп, тілдің болашағына алаңдап, құран оқу үшін араб болу шарт емес екенін ескертеді. Сондықтан да үйде және мектепте қазақ тіліне көп көңіл бөлген абзал. Елдің ертеңіне кепілдік болар жас буынның бойына сіңіріп, ойына руханиялықтың дәнін дер кезінде егу парызымыз.

Даналарымыздың сөз маржандарынан құралған шығармаларында ұлттық рухтың темірқазығы тіл екені көрсетілген. Сондықтан мемлекетіміз қазақ тіліне айрықша көңіл бөліп, ерекше қолдау көрсетуі, «Қазақстанның болашағы – қазақ тілінде!» – деген ұрымтал да ұғымтал ұран қалыптасқанын көрсетеді.

Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы: «Тіл — адам жанының тілмәші. Тілсіз ұлт тілінен айырылған ұлт болып жасай алмақ емес, ондай ұлт құрымақ... Қазақтың сары даласы кең. Тілі де бай. Осы күнгі түрік тілдерінің ішінде қазақ тілінен бай, оралымды, терең тіл жоқ» деген. Демек, тіл - халықтың мәңгілік халық болып қалуының айғағы. Тіл – өткеннің ұрпаққа қалдырған аманаты, бүгінгі күннің абыройы, ертеңгі күннің кепілі.

Әсет ПАЗЫЛОВ, Мәшһүр Жүсіп мұражайының қызметкері, Баянауыл ауданы.

saryarka-samaly.kz