Шараның басты мақсаты - қоғамдағы әлеуеті әлсіз топтарға көмек көрсету, адамдарды қайырымдылыққа, кішпейілділікке шақыру. Аталған кәсіпкер мектеп асханасында жетім және аз қамтылған отбасы балаларына арнап дастарқан жайды. Шараға қатысушы 30 оқушы бауырсақ, қуырдақ, наурыз көже секілді ұлттық тағамдардан дәм татып, ән-жырдан шашу шашып, көтеріңкі көңіл-күймен тарқасты.


Асық иіру

Павлодардағы дарынды балаларға арналған Абай атындағы №10 лицей-мектебінде Асық иіруден арнайы флеш-моб өткізілді.

Наурыз мерекесі қарсаңында өткізілген шараға барлығы 90 оқушы қатысты. Аталған мектеп директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Бағда Қазиеваның айтуынша, мектептегі асық ойындары үйірмесі тұрақты түрде жұмыс істейді. Бүгінгі шараны үйлестірген асық ойындарының үйірме жетекшісі Мұрат Қанашов.

- Мектепте барлығы 629 бала білім алады. Әсіресе, бастауыш сынып оқушылары арасында асыққа деген қызығушылық жоғары. Алдағы уақытта осындай шара-ларға кем дегенде 200 оқушыны жұмылдыру ойымызда бар, - деді Б.Қазиева.

Балалар асық иіруді толық меңгерген соң аталған ұлттық ойынының алуан түрінен жарыстар өткізілмек.

Өз тілшіміз.


Шеберлер алаңы

Ақтоғай ауданы Әуелбек ауылындағы Қ.Ыдырысов атындағы орта мектепте «Қолданбалы өнер шеберлерінің алаңы» - «The Town of Professionals» шеберлік сағаты ұйымдастырылды.

Оған ауылдағы қолөнер шеберлері, атап айтқанда қамшы өрудің шебері Бектемір Кенжебаев, ісмер Айман Кенжебаева, ағаш шебері Қажымұқан Нағыманов, су моншақтардан бұйымдар жасайтын Полина Варакута - әрқайсысы өз салалары бойынша оқушыларға түрлі қолөнер бұйымдарын жасап көрсетті. Сондай-ақ, мектептегі технология пәнінің мұғалімі Фарида Садықова, бастауыш сынып мұғалімдері қолөнер бұйымдарынан көрме ұйымдастырды.

«Beatiful» атты сән салонында шаш үлгілері көрсетілсе, мектеп аспазы Гауһар Сманова қазақтың ұлттық тағамдары қолкеспе, бауырсақ әзірлеудің жолын көрсетті.

Аталмыш шараға оқушылар қызығушылықпен қатысты.

С.ТАУҚЫЗЫ, Ақтоғай ауданы.

saryarka-samaly.kz