Аталмыш шараға өңіріміздің 8 ауданынан 8 ана қыз балаларымен қатысты. Атап өтейік, үміткерлердің басым көпшілігі бірнеше бала туып, өсіріп отырған, жұмыс, қызметін де атқарып, қолөнерімен де айналысып, отбасы-ошақ қасының тірлігін де ұршықтай үйірген аналар екен. Олар қыздарымен бірге сахна төріне ұлттық киіммен шығып, өнер-шығармашылығын ортаға салды, қарым-қабілетін көрсете білді.

Байқауда аналар мен қыздары «Таныс-тыру», «Салт-дәстүрім - қазынам» атты сұрақ-жауап, «Ана көрген тон пішер» атты үй тапсырмасы және «Бойымызда өнер бар, жая алатын» атты өнерден өзара сайысқа түсті.

«Таныстыру» бөлімінде ә дегеннен баянауылдық Айгүл Тілеубаева Нарқыз есімді қызымен жарқ етіп көзге түсті. «Біз келдік қарт Баянның бауырынан» деп бастап, өлең-диалог түрінде өздерін әдемі таныстырды. Ұлыстың ұлы күнін, облыстың 80 жылдығын жырға қосты. Май ауданынан келген аналы-балалы Айгүл Құсманова мен Іңкәрдің өнері де сәтті шықты. Айгүл 6 балалы ана екен.

Байқаудың сұрақ-жауап бөлімінде қатысушылар қиналатындай сұрақ болған жоқ десек те, үміткерлер арасында Наурыз көженің қандай дәмнен әзірленетінін, бас табаққа тартылатын мүшелерді айта алмай қиналғандар болды. Қолөнері бұйымы, ұлттық ас әзірлеуден барлық үміткерлер бірінен бірі асып түсті. Отбасында әзірлеп жатқан тағамдары мен қолөнер бұйымдары бейнефильм арқылы көрсетілді. Ақтоғайлық Жанар Бегалинова қызы Бибігүл ас мәзірінен «Бүрме қарын», қолөнерінен гүл көрпе жасап әкеліпті. Ал екібастұздық Купай Тайжгүл қызы Жанерке Шерікбайқызымен ас мәзірінің түр-түрін - «Бүрме», Наурыз көже, бауырсақ, тұскиіз... жалпы Тайжгүл мен Жанерке шығармашылық өнерімен ерекшеленді. Успен ауданының атынан қатысқан 4 балалы Қадыл Мәдина қызы Бақыт Болатжанмен сұрақтарға мүдірмей жауап берді, олар да ұлттық тағамдар әзірлепті, сумаржаннан әдемі дүние жасап әкеліпті. Павлодар ауданынан келген Айымгүл Есімханова мен қызы Айша Темірбаева бауырсақтың бірнеше түрін әзірлепті. Ленин кентінен қатысқан Советхан Әлия мен қызы Макетай Махаббат әдемі билерімен ерекшеленсе, шарбақтылық Тәттібал Жұмаділова мен қызы Аяулым наурыз көже әзірлепті, олардың өнерлері де бәсекелестерінен кем болған жоқ. Дей тұрғанмен, байқаудың аты - байқау, сахналық киім, шығармашылық қабілет, сөз саптасы секілді талаптар да сынға түсер жерде біреу алға озып, бірі мүлт кетіп, бірі кейіндеп қалуы заңды.

Байқаудың қазылар алқасының төрағасы ф.ғ.к., профессор Айман Зейнуллина шараға қатысқандар арасынан жүлделі орынға ие болғандарды хабарлады. 1-ші орынды Баянауыл ауданынан қатысқан Айгүл Тілеубаева мен қызы Нарқыз Қабдолла жеңіп алды. 2-ші орын ақтоғайлық Жанар Бегалинова мен қызы Бибігүл Төлегенге бұйырса, 3-ші орынды Май ауданынан қатысқан Айгүл Құсманова мен қыз баласы Іңкәр Октябрь иеленді.

Сондай-ақ Ленин кентінен келген Әлия мен Махаббат - «Үлгілі ана», екібастұздық Тайжгүл мен Жанерке - «Қайсар қыз», успендік аналы-балалы Мәдина мен Бақыт «Шебер ана, шебер қыз», шарбақтылық Тәттібал мен Аяулым «Көрермен көзайымы», Павлодар ауданынан қатысқан Айымгүл мен Айша «Өнерлі қыз» номинациясын иеленді.

Қатысушылардың бәріне арнайы дипломдар мен сый-сыяпат тапсырылды.

Жалпы, ұйымдастырушылардың айтуынша, мұндай байқау бізде алғаш рет ұйымдастырылған екен. Соған қарамастан қатысушы үміткерлер жақсы дайындықпен келіпті, әр отбасы, яғни 8 жұп 8 түрлі ерекшелігімен көзге түсті. Қазақ отбасыларында бала санының көбеюімен қатар ұлттық тәрбие, өнердің де өрбіп келе жатқаны аңғарылды. Келешекте мұндай байқаудың аясы кеңейіп, көпшілік көбірек қатысуы тиіс, себебі бұл - отбасылық тәрбие, ұлттық руханият қамтылып, ой салатын маңызды шара.

С.ТАУҚЫЗЫ.

saryarka-samaly.kz