Мұзағаң Павлодар қаласындағы орта арнаулы оқу орнында жүріп-ақ халық әншісі Естай Беркімбаевтың концерттік бригадасының құрамында ақын Қайролла Зәкіровпен бірге өнер көрсетті. Концерттерде өлең оқып, өзін танытты. Педагогикалық училищеде жүріп, өлеңдерін облыстық «Қызыл ту» газетіне жариялап тұрды. Бір өлеңі тура соғыс басталған күні жарық көргенін өзінің «Көңіл күнделігі» деген естелік кітабына жазған екен. Ол 1937 жылы Семейде өткен ақындар слетіне қатысып, Сәбит Мұқанов және Қайым Мұхамедхановтармен танысты.
Соғыс басталған кезде Шарбақтыдағы он сегізге толған жас жігіттердің барлығы шақыру алды. Мұзафар Әлімбаев Ақтөбеде жасақталып жатқан қазақтың дербес 101-ші атқыштар бригадасының құрамына қабыл-данды. Осы кезде 80 пайызын қазақтар құрайтын 316-шы атқыштар дивизиясы да жасақталды. Кілең жастар мұнда да жіберілді. Ақтөбеде 101-ші Қазақ дербес атқыштар бригадасының сапында Шарбақты мен Май аудандарынан шақырылған жас жігіттер мен ересек азаматтар болғанын ертеректе айтқанды.
- Май ауданынан Қайролла Зәкіровтің қасында Сүлеймен Бәстемов, Сейфолла Алшынбаев, Қабылбек Шәкіров, Қадірбек Тілеубеков, Татау Әшкин деген азаматтарды көрдім, достастым. Соғысқа дейін Естай әншінің концерттік бригадасында бірге болған Қайролланы осында кездестіріп, мәре-сәре болғаным бар. 1943 жылы күзде орыстың ежелгі қаласы Великие Лукидің түбіндегі шайқаста ауылдасы Сүлейменді құтқарып, өзі жау оғынан қаза тапқан болатын. Оның ақындық қарымы да мықты болатын. Бірде Ақтөбенің вокзалында аттанғалы тұрғанда, қасындағы қазақтың қара торы, сұңғақ бойлы қызына арнап, жыр жолдарын төгіп-төгіп жіберді. «Қара көз қарындасым, соғысқа аттанғалы тұрмыз, қош айтысып бір сүйейінші», - деп келіп, қыздың маңдайынан сүйген-ді. Алматыдан Қазақтың дербес 100-ші атқыштар бригадасы жетіп, біз вагондарға жылдам жайғастық та, маршал Ворошиловтың бұйрығымен жүріп кеттік. Великие Луки түбіндегі шайқас Сталинград шайқасынан кем болмады. Десе де, қазақ сарбаздары жаумен арпалысып, орыс қаласын бермеді. Жеңіп шықты! Атқыштар бригадаларының негізгі құрамы қазақтар болғанымен, командирлері орыс азаматтары еді. Ал олардың орынбасарлары С.Бәйішев пен Ә.Баймолдин болатын. Бірақ жоғарғы жақтағылардың қазақтарды қолдамауын оларды бірден қиын нүктеге әкеп салғанынан-ақ байқауға болатын
еді, - деген Мұзағаңның естеліктерін талай естіген едік.
Мұзағаң әскер қатарынан 1948 жылы оралып, басылымдарда шығармашылық жолын бастағанда 25 жаста ғана болатын. Әуелі «Пионер» журналында, «Қазақ әдебиеті» газетінде бөлім меңгерушісі, бас редактордың орынбасары қызметін атқарса, 1958 жылдан 1986 жылға дейін «Балдырған» журналының бас редакторы болды. Алғашқы кітабы «Қарағанды жырлары» деп аталады, ол 1952 жылы жарық көрді. Жетпіске жуық төлтума және аударма кітаптардың авторы атанды. Ақын жырлары 20-дан астам шетел тіліне аударылды.
Мұзағаң дүниеден өткенде ҚР Президенті Н.Назарбаев көңіл айту жеделхатын жолдаған болатын. Сол хатта атап өткендей, кеңестік кезеңде ол қазақ әдебиетінің алыптарымен қанаттаса жүріп, оған игілігі жолында жемісті еңбек етті. Көптеген жыр жинақтары мен ән мәтіндерінің авторы атанды. Қалың жұртшылық үшін халқымыздың мақал-мәтелдерін жинақтап зерттеудегі еңбегінің маңызы зор.
Соғыста жүріп-ақ жас офицер қаламын қару етіп, жорықтас жауынгерлердің ерліктерін жырға қосты. Кеңес Одағының Батыры Мәлік Ғабдуллинге арнаған «Батырға» атты  өлеңі майдандық «Жауға қарсы аттан» газетінде жарияланды. Бейбіт жылдарда Халық қаһарманы Рақымжан Қошқарбаевтың ерлігіне «Ту тіккен» дастанын арнады. Мұзағаңның «666 мақал-мәтел», «Мақал -  
сөздің мәйегі» деген жинақтары мен зерттеулері ортақ қазынаға айналғалы қашан?! Қазақтың ақыны Қасым Аманжолов Мұзағаңды «Қазақ мақалының маржаны» деп атауы осыдан болар. Ол –
Тәуелсіз Қазақстан Республикасының тұңғыш Әнұранының мәтінін жазуға қатысқан ақындардың бірі. Осындай сұрапыл еңбегінің нәтижесінде «Отан» орденінің иегері атанды. Ол – Маралдының Мұзафары.
Төлеубек ҚОҢЫР,
Қазақстанның Құрметті журналисі,
Май ауданының Құрметті азаматы.


saryarka-samaly.kz