Олай дейтініміз, осы аптада Алтай өлкесіне облыс әкімі Болат Бақауов бастаған делегация барып қайтты. Бұл сапар барысында қос өңір осыдан алты жыл бұрын қол қойылған келісімді жүзеге асыруға бағытталған іс-шаралар жоспарын бекітті. Құжатқа қол қойған аймақ басшысы Болат Бақауов пен Алтай өлкесінің губернаторы Александр Карлин жаңа құжат байланысты одан әрі бекемдей түсетініне сенім білдірді. А.Карлин 2012 жылы жасалған келісім өзінің өміршеңдігін, екі өңірге де қажет құжат екенін көрсетті, деді. Ал күні кеше қол қойылған жоспар өңіраралық қатынасты нығайтып, нақты мақсатты көрсеткіштер белгілеуге жол ашатыны да айтылды. Нәтижесі қос өңірге, түптеп келгенде, көрші екі елдің әлеуметтік-экономикалық дамуына оң әсер ететіні аталды.
Сапар кезінде журналистердің сұрақтарына жауап берген екі аймақтың басшылары алдағы байланыстың қалай өрбитіні жайында пікірлерін білдірді. Алтай өлкесінің губернаторы А.Карлин іс-шаралар жоспары екі өңір арасындағы байланысты жаңа бір белеске көтеретінін сөз етті. Жалпы, қос аймақ қандай салада нақты қатынас жасайтынын да айқындап алғанын атап өтті.
Ал Болат Бақауов көрші елдің шекаралас өңірлерімен алыс-беріс бұрыннан қалып-тасқанын, жүйелі байланысқа ұлас-қанын айтты. Соңғы жылдары бұл байланыстың көкжиегі де кеңейді, деді. Яғни, іргелес аймақтармен ғана емес, ішкері жатқан өңірлермен де іскерлік қатынас құрылуда. Осы ретте, павлодарлықтар көршілермен араластықты арттыруға әзір екенін де мәлім етті.
Естеріңізге сала кетейік, Алтай өлкесінің ірі машина жасау кәсіпорындарынан өңірімізге түрлі жабдықтар  жеткізілсе, бізден көптеп көмір тасымалданады. Б.Бақауов көмір жеткізуде кідіріс болмайтынын айтты. Сонымен қатар, Болат Жұмабекұлы медициналық туризм бойынша да байланыстың нығаятынына үміт артты. Осы ретте, алдағы уақытта бізде кәрістердің қатысуымен жаңа диагностикалық орталықтың ашылатынын алтайлықтарға құлаққағыс етті.
Б.Бақауов Алтай өлкесінің инвес-торларын өңірімізде іс бастауға шақырды.
- Ресейліктермен бірлесіп қолға алынған нәтижелі жобалар баршылық. Мәселен, қоспалы алюминий шығаратын зауыт іске қосылды. Новосібірліктер қолға алған кәсіп 2017 жылдың үздік инвестициялық жобасы атанды. Бұл жоба да осындай екі жақты кездесулер кезінде келісілген еді. Челябі, Екатеринбург инвесторларымен де байланыс бар. Облысымыздағы арнайы экономикалық аймақта жұмыс істеп жатыр. Жалпы, соңғы 3 жылда Германия, Қытай, Ресей инвесторларының қатысуымен 19 жоба жүзеге асқан, -
деді Б.Бақауов.
Алдағы 20 сәуірде Павлодарда өтетін форумға алтайлық бизнес орта өкілдерін шақырды. Алқалы жиында арнайы экономикалық аймақта алюминий кластерін дамыту мүмкіндіктері сөз болмақ.  
Облыс әкімінің
баспасөз қызметі.

saryarka-samaly.kz