- Жұмабек Жөкенұлы, тәуелсіздікке қол жеткенге дейін есімі жалпақ елге белгісіздеу болып келген Бекбау атаның құрметіне мешіт салу ойы қалай келді?
- Шынында, бұл Ақкөл-Жайылма жерін мекен еткен Исабек ишан хазіреттің ұрпағы – Жандарбек қожаның тапсырмасы еді. Қожамжар ауылында осы Бекбау атаның ұрпақтары тұрады. Солардың  бірі Қуаныш Болатұлы – мінезі өте қарапайым, тәрбиесі жоғары азамат, өзі мұғалім. Әуелде сол Қуаныш мұғаліммен Қылдыкөлде тұратын Жандарбек атаның шаңырағына барып, дәм татып қайтатын едік. Сол кезде әңгімелесіп отырып Жандарбек қожа: «Әй, Қуаныш қарағым, сен ата-достың ұрпағысың. Атаң Бекбау менің атам Исабек ишанмен айырылмастай дос болған екен. Сен осы ғибратты оқиғаны білесің бе? – деп айтып отыратын. Барған сайын  Бекбау атаның қасиеті туралы құлағымызға құятын. Ақтоғай ауылында Жандарбек қожа мешіті салынғаннан кейін біраз уақыттан соң атамыз бізді шақырып алып, Бекбау атаның есімін ұлықтау туралы тапсырма берді. Бұл 1996 жылдың күзі еді. «Сенің қолыңнан келеді, көз алдымда аппақ мешіттің көрінісі де келіп тұр» деп айтқаны есімде. Содан, Қожамжар жерінен өсіп-өнген біраз азаматтар ақылдастық. Бір ас кезінде осы бастаманы көтердім. Қожамжар жерін ертеден мекен ететін Қыпшақ атаның, әрі қарай Керей атаның ұрпақтары арасында біраз насихат, түсіндіру жұмысын жүргіздік. Сөйтіп елдің ризашылығын алып, құрылыс жұмыстарын бастап кеттік. Әбілхақ Түгелбаев, Абызбай Адамов, Мұса Тентекбаев секілді осы жердің тумалары жұмыла іске кірісті. Жандарбек ата: «ай, қарақтарым, сол мешіт баладай туар» деп айтқан кезде аса мән бермеген едім. Кейін есептеп қарасам, алғашқы қазық қағылған сәттен бастап ашылуына дейін тура 9 ай уақыт өткен екен. Бұл -
Алланың қалауымен дүниеге бір сәби келетіндей мерзім. Мешіт салмас бұрын әуелде Бекбау атаның зиратын көтерген болатынбыз. Осылайша баталы іс жасадық деп ойлаймын.
- Бекбау атамыз қай жылдары өмір сүрген? Қандай мәліметтер белгілі?
- Осы өңірдегі Жәдік ауылында Жәнібек шаңырағында Бекбау атамыз 1820 жылдары дүниеге келген. Ол жас кезінен өте зерек, айтқанынан қайтпайтын, алғыр да қайратты, ақылды болып, ауыл молдаларынан білім алады. Бір күні түсінде аппақ шапаны бар сәлделі ақсақал аян беріп: «Балам, сен оқы, түбінде Құранды терең меңгеретін, дұғалы ауызды, еліңе беделді адам болып шығасың» деген екен.
Содан атамыз он жасында осы елдің ең алғашқы қарлығашы болып, білім қуып, іштегі - Ресейдің Барабинск дейтін мекеніндегі Ыбырайым хазірет мешітіне оқуға аттанады. Ол кезде техника жоқ. Сауда-саттықпен айналысатын кірешілер немесе жүк керуендері ішке (Ресейге)  ет, май,  тері, қыл арқандарын апарып, киім-кешекке, тұрмысқа қажетті мүліктер мен  қант-шай, кәмпит секілді азық-түлік өнімдеріне ауыстырып әкеледі екен. Бекбау ата осылайша жолға қамданады. Дәл осы кезде Ыбырайым хазіретке де Алла тағала аян береді: «Саған сонау қазақ елінен оқуға он жасар бала келе жатыр, түбінде күйеу бала болар, оқуға зерек қасиетті молда болар» деп. Содан хазірет күнде керуен тоқтайтын сарайға кезекпен шәкірттерін жіберіп, Бекбау атамыздың келуін күтіп жүреді. Бұ жерлерде ноғай-татарлар өмір сүрген, жаздың мал қоңданған кезінде қазақтар осы жерге кіре тартып жетеді. Шәкірттері аман-есен келген он жасар Бекбау атаны ұстазына әкеліп тапсырады.
Содан он жыл бойы осы медресеге дәріс алып, зеректігімен хазіреттің көзіне түседі. Хазірет маңайдағы ауылдарға діни жұмыстарымен, серуендеу мақсатында шықса, шәкірті Бекбау атаны жанынан қалдырмай алып жүретін болған. Бір үлкен жиында хазірет ыдыстағы сорпаның майын үрлеп ішіп отырса жанындағы шәкірті: «хазірет, ырысыңызды үрлемеңіз, ішіп қойыңыз» дейді. Үйге келгесін ұстазы «дұрыс айтасың, балам»  деп маңдайынан сипаған екен. Кезінде осы әңгімені ауылда молла болған Жексенбінің Қайыры деген ақсақал айтып отыратын. Бұдан атамыздың от ауызды, орақ тілді болғанын көреміз. Медресе оқуын тәмамдаған, осы шаңырақтың мүшесіндей болып кеткен атамыз хазіреттің Күлсағира деген қызына үйленеді. Ұстазы Бекбау атамызға: «Сен енді қасиетті Бекбау молда атанарсың, еліңе баруға ұлықсатымды бердім» деген екен. Сондай-ақ «еліңнен алғашқы білім алып бастаған өзің едің, оқығысы келетін жастар болса, медресенің есігі әрқашанда ашық» деген екен.
- Бекбау атаның қасиеті ел арасында қалай көрінген?
Дін біліміне сусындаған атамыз Құран аяттарын жақсы меңгерген. Емдеу, үшкіру үшін оқылатын дұғаларды үйренген. Бекбау атаның бел баласы Қади атамыз өз әңгімесінде былай дейді: «Көргенім – әкем жаз уақытында көбінесе басында сәлдесі бар, ақ көйлек-шалбар киіп жүретін. Үшкіртуге, емдеуге келуші адамдар көп еді. Кейбір науқастар келерде өзінің мазасы кетіп, далаға қайта-қайта шығып, жол жаққа қарап жүретін.  Бір күні есі ауысқан адамды байлап, ат-арбаға салып әкеле жатыр екен. Науқас анадайдан айқайлап небір сөздер айтып, қатты сөйлейді. Сол кезде әкем алдынан шығып: «қол-аяғын шешіңдер» депті. Әкеле жатқандар: «Моллаке, ол қашып кетеді, айырылып қаламыз ғой» дейді үрпиісіп. Әкем әлгі сөзін тағы қайталайды. Қол-аяғын шешіп жіберсе, науқас жігіт сабырлы қалыпқа түсіп, жылап жүгіріп келіп әкеме сәлем береді. Әкем арқасынан сипап, «балам, жазыласың» деп күбірлеп дұғасын оқиды. Содан ол жігітті бір жұмадай үшкіріп, дұғаларын оқып, емдеп, құлан-таза айықтырып жібереді. Заман солай болды ма, мұндай әңгімелерді ол кезде көп айтпайтын.
Бекбау ата өз елінде молдалық құрып, жастарды Құран Кәрімді оқуға баулиды. Атамыздан оқыған Тіленнің Сәтиі (менің нағашы атам), Ауғанбайдың Әділбайы, Асанның Жақашы, Аушахман, Қанапия, Мұхаметәлі, Наурызбайдың Қазтайы, Қапитолла, Нұрман және тағы басқа адамдар Бекбау ата оқыған медресеге барып білімін толықтырып қайтады. Ол медресені Ыбырайым хазіреттен кейін Қимадиден, Фари хазіреттер басқарды. Осы медресені бітіріп келген жастар - елімізге дін шапағатын таратқан үлкен молдалар. Кеңес одағының қаһарын төгіп тұрған кезінде де осы діни оқуды оқып келген молдалар жасырын түрде болсын бес уақыт намазын, оразасын, өлім-жітім кезінде марқұмды мұсылмандық жолмен жерлеу, намаз шығару рәсімдерін қалдырмаған.  Дін адамдары қай жерде болмасын бір-бірімен араласып, әңгімелері жарасып, достықтарын жалғастырып отырған.
Әңгімеге сүйенсек, Бекбау атамыз Ақкөл-Жайылмадағы Исабек ишан хазіретпен достықтары жарасып, әңгіме-дүкендері ұзаққа созылып, шер тарқатысқан екен. Жиналған халық олардың әңгімелерін естіп отырып, қалай таң атқанын да білмей қалады екен. Қасиетті аталарымыз қырдағы Қылдыкөл және өзен жиегіндегі Құрауыздағы Жәдік ауылы дұғаларының күштілігімен қатынасып, дәм-тұзы жарасып тұрған екен. Содан ишан хазіретпен достығы мызғымастай болып, дін саясатын, елге шапағат нұрын бірге төгіп, пайдаларын тигізген.
Бекбау атамыз Қылдыкөл ауылына барып, сәлем-сарқыттарын алып келіп, таратып отырған. 100 шақырымдай жерге періштелердің көмегімен әп-сәтте жеткен деген аңыз да бар.  Осы әңгімелерді Исабек ишан хазірет ұрпағы - Қожахметұлы Жандарбек атамыздың аузынан естіп едік.
- Архивтен Бекбау ата туралы тың деректер іздестірген жоқсыздар ма?
- Мәліметтер іздестіріп көрдік, облыстық архивке де жүгіндік. Расында, Бекбау атаның қасиеті туралы  Ата-достың ұрпағы деп атаған Жандарбек қожа атаның аузынан естігеніміз болмаса, ресми дерек жоқ. Мұрағатта тек Ертіс ауданының Қараөткел деген (бұрынғы он жылдық) ауылында тұрған Зейніш қажы туралы ғана дерек кездесті. Орысша құжатта: «Ел кезген Зейніш молда жергілікті халықтың басын айналдырып жүр, сондықтан жауапқа тарту керек» делінеді.
Мынау «Рухани жаңғыру» бағдарламасы жарияланғаннан кейін «менің атам хан болған, бидің ұрпағымын» деушілер көбейді. Бірақ архивтік деректер жоқ. Сондықтан мен осы іспен айналысушыларға «ауылдарға шығып, сондағы көнекөз адамдардан аңыз-әңгімелерді жинап алыңыздар, өйтпесек тарих ұмытылып қалады» деп айтып жүрмін.
- Әдетте, мешіт құрылысы секілді үлкен бастамаға елдің азаматтарын жұмылдыру - күрделі іс. Ондайда қолынан шаруа келетін, өзін бұрын да жақсы жағынан танытқан бастамашыға сенім білдіреді емес пе?
- Ойыңызды түсіндім. Бұған дейін біз елдің көмегімен Ақтоғай ауылында Жандарбек атаның атындағы мешітті көтерген болатынбыз. Сол сәтте жергіліктің халықтың абыройына бөлендік. Оған дейін де осы жердің азаматы ретінде әртүрлі қоғамдық істерге араласып жүргенмін. Әуелде Қожамжар ауылынан төрт жігіт педагогикалық институттың дене шынықтыру және спорт факультетіне оқуға түстік. Институтта оқығанымызда облыстың атынан одақтық спорттық сайыстарға қатысып, жүлделі оралып жүрдік. Спорт шеберлігіне үміткер атандық. Ал оқу бітірген соң қайтадан елге оралып, біріміз кәсіптік училищеде, енді біріміз мектепте жұмыс істеуге кірістік. Мен 1992 жылға дейін аудандық, ауылдық комсомол ұйымдарында қызмет еттім. Осылайша, жақсы қырымыздан танылып, кейіннен жергілікті жұрт біздің көтерген бастамаларымызға қолдау көрсете бастады. Бекбау ата мешітінің құрылысы кезінде барлық азаматтар қол  ұшын беріп, аянбады. Әрине, негізгі қаржыны кәсіпкерлерден жинадық. Алмаз Ибрагимов, Болат Әділханов, Ербол Етекбаев сынды ірі кәсіпкерлер тартынып қалған жоқ.
Біз құрылыс бастағанда бірден онда жамағатқа қызмет көрсететін имамды даярлау мәселесіне көңіл бөлдік. Сөйтіп сол жердің тумасы Оралбай деген жас жігітті Павлодардағы медреседе оқыттық. Кейін сол Оралбай қажының қолына мешіттің кілтін салтанатты түрде табыс еттім. Бүгінде Бекбау ата мешіті ауылдың бірден-бір имандылық ордасына айналған. Шөбересі Қуаныш мұғалім бастаған ұрпақтары қыста отынына дейін жеткізіп беріп, қамқорлығын жасап келеді.
- Әңгімеңізге рақмет. Ел игілігіне еңбегін арнар ерлеріміз көп болсын!

Әңгімелескен – Нұрбол ЖАЙЫҚБАЕВ.

saryarka-samaly.kz