Исабек ишан кесенесі Екібастұз қала-сынан 70 шақырым, Ақкөл ауылынан оңтүстік батысқа қарай 15 шақырым қашықтықта тұр. Киелі нысанда кесене, мешіт және зиярат етушілер үйі бар.

Исабек ишан хазірет (1792-1871 жж.)– ХІХ ғасырдың діни қызметкері, ислам дінін алғаш таратушылардың ұрпағы, философ, ағартушы, белгілі Мәшһүр Жүсіп Көпейұлының тәлімгері. Хазірет бабамыз қазақ қоғамының ерекше әлеуметтік тобына жатады, дәстүрлі түрде исламның арабтық миссионерлерінің ұрпақтары болып саналатын «қожа» руының өкілі. Исабек ишан шежіресінде хазіреттің атасының аты Аққу ишан, әкесі Мұрат ишан деп көрсетілген. Исабек ишан бүкіл қыр еліне танымал, еліміздің оңтүстік өңірлерін қоныстандырған Саид қожа руынан шыққан. Исабектің әкесі Мұрат ишан XVII ғасырдың соңында, 20-21 жасында алғашқы болып Сарыарқаға қоныстанған.

Ислам дінінің қырда таралуы «қожа-лардың» насихатымен байланысты. Бұл мәртебелі тұлғалар өз есімдеріне қоса «ишан» атауын алған.

Ислам түсіндірме сөздігіндегі анықтамаға қарағанда ишан – Орталық Азиядағы сопылық тәлімгерге тағылған құрметті атау. Ишан атағы ұрпақтан ұрпаққа жиі мирас болып қалатын. ХІХ ғасырда Түркістанда кей ишандар патша өкіметіне қарсы әскери әрекеттердің басшылығында болды. Олар қазақ даласында зор беделге ие еді. Белгілі саяхаттанушы Армени Вамбери өз күнделігінде: «Ортодоксалды мұсылман дініндегі имамдар Құранды талдауымен мақтанады, бірақ тылсым құпиясы бар ишандармен бәсекеге түскенде олар үнемі жеңіліп отырады...» деп жазған екен.

Исабек ишан Екібастұз ауданы Ақкөл ауылында дүниеге келген. Бала кезінен оқу мен діни оқуға қызығушылық танытты. Балалық шағында медреседе сауат ашып, Бұқарада білім алды. ХІХ ғасыр басында Ақкөл-Жайылма ауылында медресе ашып, мешіт салды, мұнда Орта жүз қазақтары арасында уағыз айтып, діни қызмет атқарды. Исабек ишан қазақ даласында құрметті діни тұлға болды. Оның көмегімен Баянауыл ауданының көптеген діндары Меккеге қажылыққа барып келді.

Халық арасындағы ишанның ерекше қасиеті туралы аңыздар баршылық. Солардың бірінде былай делінеді: бірде Исабек ишан намаз оқыған кезде қасынан ұшып бара жатқан бір топ аққуды жерге қондырыпты-мыс.

Ишан тығыз байланыста болып, хат алмасқан белгілі діни қызметкер Сәдуақас Ғылмани Исабек ишанның емдеу қасиеті туралы жазды. Оған мынадай мысал келтірді: ишан бір алақанын адамның маңдайына қойса, сол адам ауруынан айығып шығады. Сонымен қатар халық арасындағы аңыз-әңгімелерге сүйенсек, Исабек ишанның болашақты болжайтын қасиеті де болған. Қазақ даласының барлық аймағындағы адамдар онымен кездесуге, құрмет көрсетуге асығатын. Нәтижесінде халық оны «әулие» деп таныды. Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы өз шығармаларында сол уақыттағы ишандар қатарынан Исабек ишанды ерекше атайды. Исабек Ишан қайтыс болғанда Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы шығарған жоқтауда атақты хазірет, тәлімгердің орны ойсырап қалғаны айтылады:

«Медресе там қасына, мешіт салған,
Бұйырып топырағы сонда қалған.
Ғылым хал, Ғылым қалды білген тамам,
Айырған хақ пен бүтіл, халал, харам-
Ғылымдарды қойылған көңіліне,
Жігіттер, бар ма енді ондай адам?»

Исабек ишан хазірет кесенесі – ақ тастан тұрғызылған екі кесене, мешіт және зиярат етуге келушілерге арналған үйден тұратын кешен. Үш күмбезді кесенеде Исабек хазірет, оның жалғыз ұлы Нұрмұхамед және інісі Мұхаммед Нияз жерленген. Исабек ишанның ұрпағы – әулие Жандарбек қожа жерленген жерде бір күмбезді кесене салынды. Екі кесененің биіктігі – тоғыз және жеті метр, ақ тастан жасалған. Исабек ишан ашқан мешіт орнына жаңа мешіт тұрғызылды. Дарбаза түріндегі қақпалар Бұқар стилінде дайындалған.

- Қазіргі таңда Исабек ишан хазірет кесенесі – маңызды тарихи-мәдени мәнге ие киелі нысан. Қазақтардың синкретикалық түсінігінде Исабек ишанның жерленген жері хазірет аруағы қиындықтар мен ауыртпалықтарды еңсеруге көмектесетін қасиетті мекен болып саналады, сондықтан танымал әулиенің кесенесіне әлі күнге дейін еліміздің барлық өңірінен көп адам келеді, - дейді тарих ғылымының кандидаты Қайрат Батталов.

Әзірлеген - Сая МОЛДАЙЫП.

saryarka-samaly.kz