Екібастұздың «Өнер» мәдениет сарайында Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, ҚР еңбек сіңірген мәдениет қызметкері, белгілі қаламгер Сайлау Байбосынның 60 жасқа толуына арналған шығармашылық кеші өтті.

«Өмірге деген өкпемді, өлеңге барып айтамын» атты әдеби кешке облыс әкімінің орынбасары Мейрам Бегентаев қатысты. Сондай-ақ, Екібастұз қаласының әкімі Қайрат Нүкенов, Баянауыл ауданының әкімі Оразгелді Қайыргелдинов, Қазақстан Жазушылар одағы Павлодар облыстық филиалының директоры Арман Қани, қаламгер туған өлке Ақмола облысының Біржан сал, Ерейментау аудандарының басшылары Абай Әлжанов пен Ермек Нығманов, ауданның «Ақсақалдар алқасының» төрағасы Мұрат Рахметов және кеш иесінің жерлестері, екібастұздық зиялы қауым өкілдері мен жырсүйер көрермен және Ерейментау жерінен «Ереймен сазы» этнографиялық фольклорлық ансамблі қатысты.

Әдеби кеш шымылдығын Екібастұз қаласындағы «Атамұра» халықтық ұлт аспаптар ансамблі Н.Тілендиевтің «Әлқиссасымен» және «Нәзік» хорео-графиялық би ұжымының орындауындағы қазақ биімен ашты.

М.Бегентаев мерейтой иесіне облыс әкімінің құттықтау хатын тапсыра келіп:

- Сайлау Байбосынды ақындығы- мен, шығармашылық ізденгіштігімен қазақ әдебиетіне қомақты үлес қосып келе жатқан қаламы қарымды қаламгер деп танимыз. Ол - бірқатар тарихи кітаптардың авторы, өлеңдері әнге айналды, сатирик ретінде де көпшілікке кеңінен танылған азамат. Жазғаныңыздан жазарыңыз көп болсын,- деп кеш иесіне шығармашылық табыстар тіледі.

Кезінде Жамбыл бабамыз: «Адамдықты айт, елдікті айт, батырлықты айт, Ел бірлігін сақтаған ақындықты айт» деп жырлаған екен. Сайлау Байбосын да - ақын ретінде қалтқысы жоқ, қылаусыз шынайы сырымен, мұңымен «адамдықты, елдікті» жырлап келе жатқан тұма бұлақ. Сан рет үлкенді-кішілі дүбірлі додаларда бәйгенің алдын бермей жүрген бүгінгі әдебиеттің қара шалдырмас қапысыз жүйрігі десек, артық болмас. Әр жылдардағы республикалық «Бір өлең - бір әлем», Үмбетей жыраудың 300 жылдығына арналған аймақтық мүшәйраның бас жүлдесін, осыдан үш жыл бұрын Қазақ хандығының 500 жылдығына орай өткен «Алаш тарихының ақиқаты» атты әдеби байқауда «Баба - байрақ» атты дастаны үшін 1-ші орынды иеленді. Одан кейін халықаралық мүшәйрада «Жүсіпбек пен Сұлтанмахмұт» атты поэмасы үшін 2-ші орын алды.

«Кеш те нұрлы,
Дариға-ай таң да жарық,
Құс жолымен жататын арман ағып.
Қырды кезіп сол бала жүретұғын,
Қиялымен ғарышты жалғап алып», - деген үркек үміт-арманын Құс жолына жалғаған Сайлау ақын қазақ поэзиясының туын әуелетсе, қаламгер ретінде де қазақ тарихы, рулар шежіресі туралы бірнеше зерттеу кітаптар шығарды. Тарихи танымдық еңбектерінің қатарында «Ерейментау», «Қызылтау – құтты қоныс, киелі аймақ», «Қанжығалылар», «Есімдері жүрсін деп ел есінде», сондай-ақ «Рух», «Қызылтау» атты жыр жинақтары, «Депутаттың бәтеңкесі» атты сатиралық әңгімелер кітабы жарыққа шыққан. «Ажалын жоғалтқан адам» атты романның авторы.

Кеш барысында қаламгердің «Ерейменнің аруы», «Бөгенбай батыр», «Күндерім менің күндерім» атты өлеңдеріне жазылған әндері шырқалып, «Аңсау», «Түн», «Ақындар», т.б. өлеңдерін балалар жатқа оқыды.

Сайлау Байбосын - шығармашылығы-мен патша көңілді көпшіліктің жүрегінен ойып орын алған ақын. Шығармашылық кеште мерейтой иесін құттықтап, игі тілегін білдірушілер де аз болған жоқ. Арман Қани Қазақстан Жазушылар одағы басқармасының төрағасы Ұлықбек Есдәулеттің құттықтауын жеткізді, Қазақстанның Құрметті журналисі Бадуан Имашұлы Астана Журналистер қауымдастығының медалін тапсырды. Кешке қатысқан әкімдер де кеш иесіне тілектерін білдіріп, шығармашылық табыстар тіледі. Астанадағы Еуразия университетінен келген белгілі алаштанушы ғалым, филология ғылымының кандидаты Қайырбек Кемеңгер (Қошке Кемеңгерұлының шөбересі), сондай-ақ екібастұздық ақындар да құттықтап, өлеңдерін арнап, тілек білдірді.

Өткен жылы Баянауыл ауданында «Баянауыл ауданының рухани даму қоры» құрылған болатын. Сайлау Байбосын осы қордың демеушілігімен шығып келе жатқан «Ақбеттау» тарихи-танымдық, әдеби-көркем журналының редакторы. Павлодар облысының Құрметті азаматы баянауылдық Мұрат Рахметов:

- Сайлаудың сан қырлы, алуан сипатты шығармашылығы көпшіліктің шынайы ықыласын тудырып келеді. Тарихи тұрғыдан зерттеп жазған деректі еңбектері, өлеңдері, жалпы қай жанрға қалам сілтесе де оның табиғи дарынын, осы өңірден шыққан батыр, би, тарихи тұлғалардың есімдерін жаңғыртудағы игілікті істерін, жанкешті еңбегін атап өту керек. «Ақбеттау» бүгінгі күні аудан, облыс көлемінен шығып, бүкіл елімізге тарала бастады,- дей келіп, ізгі тілегін білдірді.

Баянауыл әкімі Оразгелді Қайыргелдинов кеш иесі Сайлау Байбосынға «Баянауылдың Құрметті азаматы» атағын табыс етті.

Қаламгер қазір Қорғалжын ауданының тарихы жөнінен деректі кітап жазу үстінде. Міне, осы ауданнан арнайы келген Балташ Медеубаев алдағы уақытта өз елдерінде ауданның 90 жылдығы мен кітаптың тұсаукесері, С.Байбосынның шығармашылық кеші бірге ұйымдастырылатынын хабарлады. Ізгілікті іс! Жалпы, осынау күні қалықтаған ән мен тұмасынан ағытылған жыр, ақ пейілмен ақтарылған тілектер, көпшіліктің толғанысы мен қаламгерге деген ізгі құрмет – қазақтың ұлттық әдебиет пен өнерге деген көл-көсір қуанышы, сағынышы мен махаббатын танытқандай болды.

«Алпыс – тал түс» деп тегін айтпайды. Сайлау Байбосын – өмірінің, шығармашылығының көктөбесінде тұр. Жазғанынан жазары көп. Инемен құдық қазғандай тарихты тізбелеп, деректі дүние жазу да оның бір биігі екені хақ. Шығармашылық шабыт ортаймасын!

Сая МОЛДАЙЫП
Екібастұз қаласы.

saryarka-samaly.kz