Облысымыздың барлық ауданында дала жұмыстары жүріп жатыр. Павлодар облысының ауылшаруашылық басқармасы ұсынған көрсеткіштерге көз жүгіртсек, бүгінгі таңда 49 мың гектарға жуық алқапта ылғал жабылған. Бұл - жалпы жоспарлы көлемнің 6 пайызы. Шамамен 7 мың гектар жер жыртылды. Сондай-ақ, 3 мың гектарға жуық алқап егіс жұмыстары алдындағы өңдеуден өткізілді. Бұдан бөлек, 2 мың гектарға жуық алқапқа көп жылғы шөп отырғызылған.

Жалпы, биыл облысымызда егістік алқаптарының жалпы көлемі 1 млн. 421 мың гектарды құрамақ. Оның ішінде дәнді дақылдар 768 мың гектар, майлы дақылдар 210 мың гектар, картоп 17,7 мың гектар көлемінде болады. Ал көкөністер мен бақша дақылдарының алқабы 9,17 мың гектарға жетіп отыр. Бүгінде аймақ шаруаларына көктемгі дала жұмыстары үшін арзан бағамен дизель отыны үлестірілуде. Атап айтсақ, өткен айда 4 мың тонна жанармай берілді. Сәуірде 6 мың тоннадан жанармай үлестіру жоспарланған. Әзірге аймақ шаруаларымен 5415 тоннасына келісімшарт жасалған. Оның 3891 тоннасы үшін қаражат толығымен өтелген. Ауыл шаруашылығы басқармасындағылар алдағы мамыр айында да шаруа қожалықтары үшін 6 мың тонна көлемінде арзандатылған жанармай қарастырылғанын айтуда. Осылайша, биыл көктемде диқандар барлығы 16 мың тонна жеңілдетілген бағамен сатылатын жанармаймен қамтылады. Оның бағасы нарықтық құнынан 15 пайызға арзан. Дизельдік отынды жергілікті жерлерде ауылшаруашылық бөлімдеріне өтініш берген барлық ірілі-ұсақты шаруа қожалықтары ала алатынын еске саламыз.

Құзырлы орган өкілдерінің ақпаратына сүйенсек, егістік науқанына қажетті тұқым да жеткілікті. Олардың сапасы арнайы талдаудан өткізілуде. Бүгінде зертханалардың тексеруіне 98,1 мың тонна тұқым жеткізілген.

Данияр ЖҰМАДІЛ

saryarka-samaly.kz