- Айгүл Серікқызы, қазіргі жастар үшін «еріктілер» тосын сөз емес. Дегенмен көпке түсінікті болу үшін әңгімемізді осы ұйымның атқаратын жұмысынан бастасақ.

- Дұрыс айтасыз, жалпы ең бірінші біз «ерікті» деген сөздің мәнісін толық түсінуіміз керек. Еріктілік дегеніміз - өз еркімен, шынайы ықыласымен көмек қолын ұсыну. Яғни біз жасаған жақсылығымыз үшін ешқандай қаражат алмаймыз. Біз әртүрлі бағыттарда жұмыс істейміз. Қарапайым мүгедектер мен қарияларға, әлеуметтік жағдайы төмен адамдарға қарайласудан бастап, әлеуметтік гуманитарлық көмек те көрсетеміз. Яғни біздің қолымыздан келетін көмектің бәрін жасауға дайынбыз.

«Ерікті» немесе «өзі тіленіп жұмыс істеуші» терминдері өткен ғасырдағы 80-ші және 90-шы жылдардың басында Қазақстанда алғашқы ҮЕҰ (үкіметтік емес ұйымдар) қалыптасқаннан бері кеңінен қолданыла бастады. Ал БҰҰ сарапшыларының айтуынша, еріктілер жұмысының үш негізгі белгісін анықтауға болады. Олар: еріктілердің жұмысына ақы төленбейді, еріктілердің қызметі ерікті әрі мәжбүрлеусіз жүзеге асырылады, еріктілердің қызметі адамдарға немесе жалпы қоғамға және еріктілерге пайда алып келеді. Еріктілер қызметі шетелдерде жақсы дамыған. Ол жақта жұрт жас-кәрі деп бөлінбейді. Бәрі бір мақсатқа жұмылдырылады.

Қазір біздің аймақта еріктілер базасында 10 000-ға жуық жас болса, «Еріктілер үйіне» тоғыз ұйым орналасты. Олардың қатарында «VITO», «Павлодар еріктілер клубы» мен «Қызыл жарты ай» бар.

- Былтыр Астана қаласында өткен ЭКСПО-2017 халықаралық көрмесінде біздің облыстың еріктілері белсенділік танытты. Осыған тоқталып өтсеңіз.

- Аталмыш шараларға біздің өңірімізден 200-ге жуық ерікті қатысты. Әрине, көрмеден еріктілер керемет әсер алып келгені сөзсіз. Олар Астанадан келгеннен кейін өздерінің тың идеяларымен бөлісіп, үнемі адамдарға көмек қолын созуға тырысып жүрді. Сонымен қатар басқа өңірлердегі еріктілермен тығыз байланыс орнатып үлгердік. Бұл - мейірімділік арқылы елді бірлікке шақыратын тамаша бастама.

- Сіздердің бастамаларыңызбен былтыр қолға алынған «Ардагерлерді ардақтайық» акциясы биыл жалғасын тапты ма?

- Еріктілер үйі ашылғалы бері жұмыстарды жан-жақты атқарып келеміз. 2017 жылдан бастап «Ардагерлерді ардақтайық» акциясы тоқтаусыз жұмыс жасауда. Акция аясында қарттар мен мүгедектерге көмек қолын созамыз. Белгілі бір уақыт аралығында олармен хабарласып тұрамыз. Міне, Ұлы Жеңіс күніне де санаулы уақыт қалды. Осыған орай «73 қадам! МАҚСАТ ОРЫНДАЛАДЫ» әлеуметтік квесті басталды. Квестің мақсаты ардагерлеріміздің ерлігін жас ұрпаққа насихаттау болып табылады. Екі күн ішінде квест аясында біз үш соғыс ардагеріне барып қайттық. Алдағы уақытта тағы жалғастырамыз.

- Еріктілердің қатарына қосылғысы келетін жастарға қандай талаптар қойылады?

- Бізде «ерікті кодексі» бар. Тиісінше кодексте еріктілерге қойылатын талаптар мен олардың жеке басының құқығын қорғау мәселелері қарастырылған. Еріктінің ең бірінші ережесі - бұл еркін түрде қол ұшын беру. Әрбір ісіне немқұрайлы қарамай, жауапкершілікті сезіну болып табылады. Егерде өз бойында осындай қасиеті бар замандастарымыз болса, әрине, қатарымызға шақырамыз.

- Үнемі үлкен шаралармен ел арасында жүресіздер. Естен кетпейтін әсерлі сәттер көп болатын шығар...

- Биыл біздің қаламызда Халықаралық еріктілер форумы өткізілді. Қазақстанның түкпір-түкпірінен және ТМД елдерінен келген делегаттармен жүздесіп, «тегін жұмысымызды» ел арасында одан әрі насихаттап, оның ауқымын кеңейту жолдарын талқыладық. Міне, осы жиын бізге үлкен әсер қалдырды. Осы күнге дейін олардың әрқайсысымен байланыс үзілген жоқ. Бұл шын мәнінде үлкен оқиға және естен кетпес сәт болды. Сонымен қатар, әрбір қарияға барып, көмектескен сәтте олардың шын ықыласымен берген батасы да көңіліңді көтереді. Жалпы алғанда, біз атқаратын әр ісімізден рақат тауып, үлкен әсерге бөленеміз. Себебі көмегіңе мұқтаж адамның өзіңе деген ризашылығын көргенде әрине қуанасың.

- Айгүл Серікқызы, жұмыстарыңызға сәттілік тілейміз!

Сұхбаттасқан – Қарлығаш ХАШЫМҚЫЗЫ.

saryarka-samaly.kz