Ермат БАЙҒҰРМАНОВ, «Малайсары тархан» қоғамдық қорының бұрынғы атқарушы директоры:

- Ескерткіштер жайдан-жай орнатылмайды. Ескерткіш дегеніңіз елдің өткені, тарихы, әдетте халқы үшін опат болған яки белгілі бір салаға айрықша еңбек сіңірген тарихи тұлғаларға қойылатыны анық. Сондықтан ескерткіш, монумент атаулы билік тарапынан айрықша қамқорлыққа алынуы тиіс әрі міндет деп ойлаймын. Елбасы Н.Назарбаевтың «Рухани жаңғыру» бағдарламасында еліміздің өткен тарихын, тарихи тұлғаларды анықтап, есімдерін жаңғырту, бүгінгі ұрпаққа үлгі-өнеге ету мәселесі орынды көтерілді деп білемін. Сондықтан қазіргі қолда бар ескерткіштер, тарихи дүниелер қамқорлыққа алынуы тиіс. 2016 жылы «Малайсары тархан» қоғамдық қоры Малайсары батырға ескерткіш тұрғызды. Сол жылы Павлодар қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөліміне ескерткіштің жобалық сметасы, эскизі, т.б. керекті құжаттарын қала балансына енгізу үшін тапсырдым...

Малайсары батыр ескерткішіне қауіп бола қоймас деп ойлаймын. Асығыстыққа жол бермедік, іргетасы екі метр тереңдікте темір-бетоннан құйылды, ескерткіш Жамбыл облысынан әкелінген күрті тастан жасалды. Дегенмен біздің жақта қыста қатты аяз, жазы ыстық, оған темір де, тас та ұзақ шыдамайтыны белгілі. Сондықтан ескерткіштер жыл сайын жөндеуден өтіп, айналасы жиі-жиі тазартылып, бақылауға алынуы тиіс.

Ардақ РАЙЫМБЕКОВ, облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы:

- Біздің облыста республикалық, облыстық, қалалық және аудандық деңгейдегі 283 ескерткіш бар. Біраз жылдар осы нысандардың қараусыз, ескерусіз қалғаны рас. Облыс әкімі Болат Бақауовтың тапсырмасымен бұл мәселені өткен жылдың күзінде қолға алдық. Биылғы жылдың қаңтар айынан бастап біздің басқармадан Тарихи және сәулет ескерткіштерді қорғау және археологиялық бөлімі ашылып, жұмыс істей бастады. Самал Сәменова жетекшілік ететін бөлім облыс, қала, аудан көлеміндегі барлық тарихи, сәулет ескерткіштерін бақылауға алды. Облыс көлеміндегі барлық ескерткіштер орналасуына қарай жергілікті әкімдіктің балансына берілді. Арнайы келісімшарт жасалып, ескерткіш аумағын жарықтандыру, тазалау, көріктендіру, әрине, жөндеу жұмыстарына қаражат бөлінді. Сонымен қатар, мәдени - тарихи ғимараттар да қорғауға, күтуге алынды. Қазіргі уақытта тарихи яки сәулет ескерткіштері арасында апатты жағдайда немесе бұзылғалы тұрған ескерткіш, ғимарат жоқ деуге толық негіз бар. Ал аз-кем жөндеу, мысалы плиталары, босап, сылағы түскен жағдайда арнайы тексеруден өтіп, сол ескерткіш бекітілген әкімдікке хат жолдаймыз. Жалпы, біздің өңірдегі тарихи және сәулет ескерткіштерінде шешімін күткен мәселе жоқ деуге болады.

Әнуар ИГЕМБАЕВ, Қазақстан Суретшілер одағының мүшесі:

- Ескерткіш - ғасырдан - ғасырға баратын дүние. Сондықтан оны барынша ұқыптылықпен, «он рет өлшеп, бір рет кесіп» дегендей ақылдасып, кеңесіп тұрғызу керек. Кезінде ескерткіштерге аса мұқият қарап, сүзгіден өткізетін көркемдік кеңес жұмыс істеді. Ескерткіштер қолданысқа енгізіле салысымен күтімге алынатын. Ал қазір ше? Жалпы, қазіргі уақытта қалаға тарихты, ұлттық өнерді, әдебиетті терең білетін, елге танымал бас суретші керек, оның қасында тәжірибелі суретші-кеңесшілер бірге жұмыс істесе, біз көптеген келеңсіздіктің алдын алар едік. Ескерткіштің мазмұн-көркемдігіне мән беру секілді істер кәсіби тұрғыдан бағаланар еді. Қазір біздің қаладағы кейбір ескерткіштегі жазулар (мысалы, батырлардың есімі) анық көрінбейді... Міне, осындайларға қатысты мәселелерді жақында еліміздің суретшілері ҚР Суретшілер одағының ХVІІІ съезінде көтерді. Қазір кез келген іске тендер жариялайды. Кім аз қаражат сұраса, тапсырыс соған беріледі. Бүгінгі жастар арасында интернет, компьютерді жетік меңгергендер көп. Міне, солар тендерді «ұтып» алып, анадан-мынадан көшіріп, сырты жылтыр дүниені жасап береді. Бұл мүлдем дұрыс емес, елге, туған жерге шынымен жанашырлық жасайтындар мұндайға жол бермеуі тиіс.

«Алаңды» үйлестірген – Сая МОЛДАЙЫП.

saryarka-samaly.kz