Жақында Ертіс ауданы Қызылжар орта мектебінде «Айналайын» - достық көпірі» атты іс-шара болды. Айта кетейік, осы мектептің бастауыш сынып мұғалімі Зоя Самикейдің ұйымдастыруымен газетке хат-хабар, сондай-ақ мерейтойға орай ұйымдастырылған бәйгеге шығармашылықтарын жолдаған балалар бар. Талапты балаларды көзбен көріп, кездесіп, әңгімелесудің, олар білім алып жүрген мектепті көрудің сәті түсті...

Қызылжар ауылындағы 420 орындық орта мектеп 1975 жылдың 1 қыркүйегінде ашылыпты. Қазір оқушы саны 194 екен. Биыл орта мектепті 7-8 түлек қана бітірсе, 1-сыныпқа алдымыздағы жаңа оқу жылында 25 бала келмекші. Бұл ауылда бала санының көбейіп келе жатқанын көрсетеді. Қуанышты жағдай! Мектеп ғимараты көнелеу болғанымен, 194 баланың сапалы білім, саналы тәрбие алуына лайық жұмыс атқарып отыр екен. 18 оқу кабинеті, 3 зертхана, компьютерлік класс, қорында 21 мыңнан астам кітабы бар кітапхана, спортзал, мәжіліс залы, асхана, медициналық кабинет, интерактивті тақта, т.б. бар. Білім ордасында 40-қа жуық мұғалім еңбек етуде.

«Айналайын» - достық көпірі» шарасына орай мектепте кітап және қол өнерінің көрмесі ұйымдастырылып, болашақ журналистер «Айналайын» қосымшасы хақында мұғалімдермен, әр сыныппен сұхбат жасап, кәдімгідей деректі фильм түсіріпті. Кездесу барысында осы фильм көрсетілді.

Ауыл әкімі Оразалы Арипов пен мектеп директоры Бауыржан Молдабеков «Айналайын» қосымшасын 20 жылдығымен құттықтап, шығармашылықпен айналысып жүрген оқушыларға сәттілік тіледі.

Бұдан кейін кезекпен сахна төріне озған қызылжарлық оқушылар өлең оқып, ән салып, би биледі. 9-сынып оқушысы Иса Серік «Айналайынға» арнауын оқыса, Ертіс аудандық «Бүлдіршін» өнер байқауының жеңімпаздары Исмаил Жолжақсы мен Элиза Парыгина, әнші бала Руслан Аманкелді, шығармашылықпен айналысатын, болашағынан үлкен үміт күттіріп жүрген талапты қыз Әлия Есжанова, т.б. тәп-тәуір өнер көрсетті.

Кездесу барысында алдағы жылы жарыққа шыққанына 90 жыл толатын «Сарыарқа самалы» газетінің тарихы, аймақтағы балалар өміріндегі «Айналайын» қосымшасының алатын орны, маңызы, т.б. туралы сөз болды.

«Айналайынды» үйлестіруші, осы жолдардың авторы қосымшаның тұрақты авторлары мен шығармашыл балалар, атап айтқанда - Әділ, Мирас Құдияр, Иса Серік, Шұғыла Холгонат, Ернұр Мұқышев, Жанел Тәшібаева, Ділнәз Құдиярова, сондай-ақ аталмыш шараның өтуіне ұйытқы болған бір топ мұғалімдерге «Сарыарқа самалы» газетінің «Алғыс хатын» тапсырды. Айта кетейік, жоғарыда есімдері аталған оқушылар білім, шығармашылықтарымен аудан, облыс көлемінде ұйымдастырылып жүрген түрлі байқауларға белсене қатысатын, талапты балалар екен.

- «Бұлақ көрсең, көзін аш» демекші, білімге, өнерге икемі бар балалардың талабын ұштау - міндетіміз. Олардың түрлі олимпиада, ғылыми жоба, байқауларға қатысуының өзі балаға шабыт береді, намысын қайрайды. Бұл орайда біздің мектеп оқушыларының арасында мақтаныш етерлік шәкірттер баршылық. Облыстық «Абай оқуларының» жүлдегері Ақбота Салауатқызы, аудандық «Аманжол оқуларының» жүлдегерлері Әлия Есжанқызы, Иса Серік, сондай-ақ Нұржан Тоқсанбай сынды балаларымыз бар, - дейді мектеп басшысы Бауыржан Молдабеков.

«Айналайын» - жүз жасасын, оқырмандары көп болсын, - деп тілек білдірді қызылжарлық оқушылар.

Біз де сендерден қызықты әрі мазмұнды шығармалар күтеміз, балалар! Талаптарыңа нұр жаусын!

Сая МОЛДАЙЫП
Ертіс ауданы.
Суреттерді түсірген - Қадиша АЛХАМБЕКҚЫЗЫ.


«Айналайыннан» айналдым!

«Айналайын» қызықтырды жырларымен,
Ішіндегі көптеген сырларымен.
Өлең, жыр, сөзжұмбақ пен әңгімелер,
Баулиды екен осындай қырларымен.

Әлі талай қызықтар болады екен,
«Айналайын» жиырмаға толады екен.
Осы жылы, мінеки, жаңалық көп,
Жырламасам, жас көңіл солады екен.

Құлақтардың құрышын қандырайын,
Жалынды жырларымды жандырайын.
Өзіме дос та тауып, басылымнан,
Шалқиын, шаттанайын, балбырайын.

Шабытым шалқыр менің арқыраған,
Өзіңе назар салсын жарты ғалам.
«Айналайын» - ол менің мақтанышым,
Жұлдызы биіктерде жарқыраған.

Сол жұлдызға қарап мен қиялдаймын,
Арманның шеңгеліне сыя алмаймын.
Өзіңді әр күн сайын сағынамын,
Өлең-жырды ақтарып жиі арнаймын.

«Айналайын» жастардың жаны болсын,
Беретін бұқараға нәрі болсын.
Мақал-мәтел, сөзжұмбақ, шешендік сөз,
Ішінде қосымшаның бәрі болсын.

Иса СЕРІК, 9-сынып оқушысы, Қызылжар орта мектебі.

saryarka-samaly.kz