Бұған дейін 90-шы жылдардың соңында сахналанған драма жас әртістердің қатысуымен жаңа құрамда сахна төріне қайта оралды. Оған өзгеше сипат беріп, сахналаған - режиссер, театрдың тәжірибелі әртісі, Қазақстан Республикасының мәдениет қайраткері Жұмахан Доспаев.

- Бұл қойылым біздің көрермендеріміз үшін таныс дүние. Өткен ғасырдың соңында талайды ойландырып, көптің көңілінен шыққан туынды бүгін де өзінің көрерменін тапты деген ойдамын. Осы қойылымда мен 90-шы жылдары Толасбайдың рөлін сомдасам, енді, міне, жаңа премьерада оның әкесі Жөкеннің рөлінде ойнадым. Спектакльдің көтерген жүгі ауыр. Ең әуелі бұл жерде ата-ана мен баланың байланысы, ұлттық тәрбие, туған жерге, ауылға деген ұлы махаббат жатыр. Спектакльге арқау болатын мәселе бүгінгі күнде де көптеп кездеседі. Мысалы, көптеген жастарымыз ауылды тастап, қалаға көшіп, өскен топырағына қайта оралып баруды ар санайтын күнге жетті. Міне, бұл - осындайларға ой салатын тамаша туынды. Сонымен қатар пьеса көрермендерді ата-аналарын, туған-туысқандарын сыйлауға, бағалауға шақырады. Мәселен, пьесаның басты кейіпкері Жөкен (Толасбайдың әкесі) қаладағы балаларына қонақ-қа келеді. Бірақ оған ешкім қуана қоймайтыны байқалады. Толасбай мен оның әйелі Файрузаның өмірдегі негізгі мақсаты – мансап қуу, бай болу. Өмірде Толасбай тәрізді ауылдың қара домалақ балалары қалаға келіп, билікқұмар, дүние-қоңыз болып, туған-туысты, өскен жерді ұмытуда. Бұл жағдай кез келген адамның басына түсуі мүмкін. Пьеса көрермендерді ата-аналарын, туған-туысқандарын сыйлауға, бағалауға шақырады, - дейді қойылымның қоюшы режиссері Жұмахан Доспаев.

Спектакльдің басты кейіпкері Толасбайды - Руслан Нұғыманов пен Қобыланды Болат, оның әкесі Жөкенді – Жұмахан Доспаев және Бейбіт Шәнім, Толасбайдың жары, қалалық қыз Файрузаны Аида Садықова мен Толқын Әдебиет ойнайды.

- Мен бұл жолы қойылымдағы жағым-сыз кейіпкер Файрузаны сомдаймын. Көрерменді образым арқылы сендіремін деген ойдамын. «Табалдырығыңа табын» спектаклінде қозғалып отырған мәселе біз үшін өте өзекті. Себебі ауылдан кетіп, өзге ортаға барып жаңаша тірлік бастаған көп замандастарымыз өзінің өткенін ұмытып, ата-анасынан сырт айналады. Бұл - бүгінгі күннің қасіреті. Міне, біз осы дүниені көрерменге жеткізуді мақсат етіп отырмыз, - дейді Толқын Әдебиет.

Жаңа сипатта сахнаға қайта оралған драмада Талжібек Атамбек, Медет Садығазин, Нұржан Сарқамбаев, Рахат Жұмахан, Абзал Жақып, Ақсұлтан Әнуарбек тәрізді өзге де әртістер өз образдары арқылы көптің қошеметіне бөленді.


Ханзипа АСАНОВА, қала тұрғыны:
- Менің жасым - 74-те. «Табалдырығыңа табын» драмасының бұған дейінгі нұсқасын бірнеше рет көргем. Кейіннен театр репертуарынан көрінбей кеткен бұл қойылымның сахнаға қайта оралғанына қуаныштымын. Өз басым Руслан Нұғыманов пен Аида Садықованың актерлік шеберліктеріне тәнті болып отырмын. Ал қойылымның өзектілігіне келер болсақ, бұл - біздің өсіп келе жатқан жастарымыз үшін үлкен тәрбие. Мұнда үлкенге құрмет, туған жерге деген тағзым жатыр. Ата-ананың ризашылығына бөленбеген ұрпақ өмірде биікке жете алмайтынын көрсетті. Ұжымға шығармашылық табыс тілеймін!


Қарлығаш ХАШЫМҚЫЗЫ

saryarka-samaly.kz