Қос коворкинг орталықтың ашылуына облыс әкімінің орынбасары Мейрам Бегентаев, «Нұр Отан» партиясы облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Илья Теренченко мен ардагерлер қатысты.

Бұған дейін аймақ басшысы Болат Бақауов қалалық және аудандық кітапханаларды заманауи құрылғылармен жабдықтап, әртүрлі цифрлы жобаларды енгізу туралы тапсырма берген болатын. Осының негізінде өңірдегі бірқатар кітапханаларда коворкинг-орталықтар ашылуда. Мұны алғашқылардың бірі болып жүзеге асырған Лебяжі ауданының Аққу ауылы мен Черное елді мекені болатын.

- Бұл - біз үшін үлкен қуаныш. Аталмыш орталық қазіргі заманға сай ІТ технологиялармен, 3D форматты теледидармен және жұмсақ жиһаздармен жабдықталған. Бұл орталықта кәсіпкерлер үшін қолайлы жағдай қарастырылған. Олар осында келіп өздерінің тың жоспарларын талқылап, идеяларымен бөлісіп, түрлі ауқымдағы іс-шаралар ұйымдастыра алады. Сонымен қатар мұнда әртүрлі тақырыптағы үйірмелері, тренингтер, шеберлік сабақтары т.б. жобаларды өткізуге мүмкіндік туып отыр, - дейді П.Васильев атындағы орталық қалалық кітапхананың директоры Күнсұлу Қалиева.

С.Торайғыров атындағы облыстық кітапханада, Лебяжі ауданында және Шарбақты ауданында қос-қостан барлығы 6 бірдей коворкинг орталығы жұмыс істеп тұр. Облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы Ардақ Райымбековтің айтуынша, мұндай орталықтарды ашу 1 қазанға дейін жалғасады.

- Коворкинг-орталықтарды ашу дегеніміз - аймақтағы барлық аудан мен қалаларды яғни 10 ауданның ауылдық кітапханалары мен 3 қаланың ауылдық кітапханасын модернизациядан өткізу. Бұл кітапханаларды арнайы Веб-рабис, Wi-Fi, интернет желісі, және компьютерлемен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Бұл мақсатта алға қойған жұмыстарымыз ретімен іске асып келеді. Орталықтарды ашумен бірге біздің аймақта «Нұр Отан» партиясының «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында «Қазақстан кітапханалары» атты жобасы да іске асырылуда. Оның негізгі мақсаты - кітапханаларды қазіргі заманауи білім орталықтарына айналдыру. Яғни кітапханадағы барлық кітаптарды цифрлы форматқа көшіру. Осының негізінде алдағы уақытта біздің облыста бірыңғай онлайн-кітапхана құрылып, кез келген адам үйінде отырып-ақ, өзіне қажетті кітаптың қандай кітапханада барын біле алады, - дейді Ардақ Райымбеков.

Коворкинг-орталықтарда арнайы балалар алаңы, шығармашылық жұмыспен шұғылдану алаңы және дойбы, шахмат, асық ойыны сынды ойлау қабілеттерін жетілдіретін ойындар ойнайтын, яғни демалу алаңы бар.

Өңірде ашылған әр орталықтың ішкі жөндеу жұмысын сол мекеменің қызметкерлері өздері істеп жүргенін атап өткен жөн. Сонымен қатар аталмыш кітапханадағы коворкинг орталықтың ашылуына «NFC Kazakstan» ЖШС демеушілік жасаған.

Айта кетелік, алдағы уақытта дәл осындай орталықтар қалалардағы 4, Ақтоғай, Май, Ертіс аудандарындағы кітапханаларда ашылады.

Қарлығаш ХАШЫМҚЫЗЫ

saryarka-samaly.kz