Бүгінде аймағымыз бойынша ылғал жабу, жер жырту сияқты басқа да көктемгі егістікке дайындық жұмыстары қарқынды жүргізілуде. 15 мамырдан бидай тұқымы себіле бастайды. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифинг барысында Павлодар облысы ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының міндетін атқарушы Есентай Мүрсәлімов мәлімдеді. Оның айтуынша, тек майлы дақылдардың тұқымын отырғызу үш-төрт күнге кешіктірілмек. Топырақ әлі жыли қоймаған. Соңғы бірнеше күнде жауған жауынның да әсері бар.

Биыл облысымызда егіс алқаптарының жалпы көлемі 161 мың гектарға көбейіп, 1 млн. 421 мың гектарды құрамақ. Ауыл шаруашы-лығы құрылымдарын субсидиялауға 3,1 млрд. теңге көлемінде қаржы қарастырылған. Сондай-ақ, шаруа қожалықтарын қолдау үшін көктемгі егіс жұмыстарына шағын несие түрінде жалпы сомасы 2 млрд. теңгеден астам қаражат бөлінген. Бүгінде оның 648 млн. теңгесі диқандарға үлестірілген. Үстіміздегі жылы аймақ шаруаларына жеңілдетілген бағамен 16 мың тонна дизель отыны берілмек. Оның бір тоннасының құны - 164 600 теңге. Яғни, шаруалар жанармайдың бір литрін 138 теңгеден сатып ала алады. Ал оның нарықтағы құны - 160 теңге. Пайда – айқын. Е.Мүрсәлімов көктемгі егістікке тұқым артығымен әзірленгенін айтты. Облысымыз бойынша шаруалар 126,8 мың тонна тұқым дайындаған.

Атап өтерлігі, шаруалар мұндай қолдауға қол жеткізе алмауы да мүмкін еді. Себебі биыл кейбір субсидия түрлері электронды жүйе арқылы үлестірілетін болған. Соған сәйкес диқандарымызға ауылшаруашылық жерлерінің, соның ішінде егістік алқаптарының электронды картасын көктемгі егістік жұмыстары алдында аяқтау міндеттелген-ді.

- Еліміз бойынша агроөнеркәсіп кешенін цирфландыру жұмыстары жүріп жатқаны белгілі. Оның аясында егіс алқаптарының электронды картасы құрылды. Павлодарлық шаруалар бұл бағыттағы жұмыстарды еліміз бойынша алғашқы болып аяқтады. Бұл – маңызды жұмыс. Себебі қазіргі таңда тыңайтқыштарды субсидиялау үдерісі автоматтандырылған. Яғни, бұдан былай субсидияның кімге қанша көлемде берілетінін мемлекеттік қызметкерлер емес, арнайы компьютерлік жүйе шешетін болады. Ал аталған қолдау қаражатының мөлшері электронды картаға енгізілген егіс алқаптарының көлеміне тікелей байланысты, - дейді ол. Сондай-ақ, Е.Мүрсәлімов жаңа жүйе шенеуніктер мен өтініш беруші шаруалар арасындағы байланысты толығымен жоятынын айтып отыр. Демек, жемқорлыққа жол берілмейді. Себебі компьютермен ымыраға келу мүмкін емес.

Көктемгі егістік жұмыстарына ауылшаруашылық техникасы да сақадай сай дайындалды. Бүгінде маңызды науқанға барлығы 5 018 трактор жұмылдырылған. Жыл басынан бері аймақ шаруалары жалпы сомасы 454 млн. теңгеге 23 жаңа техника мен құрал-жабдықтар сатып алған. Дегенмен, техникалық базаның ескіруі мәселесі әлі де өзекті тұр, дейді мамандар. Қазіргі кезде егістік алқаптарында жүрген тракторлардың 78 пайызы 2000 жылға дейін шығарылған. Ал ауыл шаруашылық техникасының пайдаланылу мерзімі ары кеткенде 10-12 жылды құрайды. Осы көрсеткішті ескерсек, бүгінде облысымызда дала төсінде жүрген техникаларымыздың 90 пайыздан астамы ескірген.

Данияр ЖҰМАДІЛ

saryarka-samaly.kz