Естеріңізге сала кетейік, бұған дейін қарағандылық команда «Астана» аяқтопшыларымен кездесіп, 1:0 есебімен жеңіске жеткен еді. Елордалық клубты тізерлеткен «Шахтерге» қарсы тұру жерлестеріміз үшін оңайға түскен жоқ.

Ойын алма-кезек шабуылдармен өрбіді. Қос команда да гол соғатын бірнеше мүмкіндікті уысынан шығарып алды. Кездесудің 63-минутында «Ертістің» шабуылшысы Эдди Эрнандестің орнына алаңға шыққан Павел Шабалин 11 метрлік айып добын сәтсіз орындады.

Тоқсан минут бойы бірін бірі ала алмаған қос қарсылас кездесудің тағдырын төреші белгілеген қосымша 4 минутта шешті.

«Ертістің» жартылай қорғаушысы Павел Шабалиннің қақпаға бағыттаған добын «Шахтердің» қақпашысы сәтті қайтарғанымен, доп оның командаласы Игорь Пикалкиннің аяғына тиіп, қараған-дылықтардың қақпасына еніп кетті.

- Ойынның тартысты өтетінін алдын ала білдік. Кездесудің алғашқы жартысында желге қарсы ойнау жігіттерімізге оңайға соққан жоқ. Ойынның екінші жартысында гол соғатын бірнеше мүмкіндікті мүлт жіберіп алдық. Дегенмен жоспар орындалды, - дейді «Ертіс» футбол клубы бас бапкерінің міндетін атқарушы Дмитрий Кузнецов.

Қарағандыда олжалы болған жерлестеріміз турнир кестесінің 8-ші орнына тұрақтады.

А.ӘБДІЛҰЛЫ

saryarka-samaly.kz